National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы

2014 жылғы 13 желтоқсан

 

Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін азаматтардың үлкен бір тобы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында мәдениет, ғылым, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті қайраткерлері, өндіріс, бизнес саласының өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері бар.         

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Қазақстан Республикасын әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері,  белсенді қоғамдық қызметі, мәдениетті дамытудағы айрықша үлесі үшін Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры А.Қ.Мұсақожаеваға берілді.         

«Отан» орденімен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы А.С.Павлов, Қарағанды облысының «Шахтерское» ЖШС директоры Г.Г.Прокоп, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қ.К.Тоқаев, І дәрежелі «Барыс» орденімен - «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС президенті В.С.Ким және  «Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы» ЗТБ төрағасы Т.А.Құлыбаев, ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен - Маңғыстау облысының әкімі А.С.Айдарбаев, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы А.А.Бисембаев, «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы» ЖШС директоры С.Жошыбаев, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директорының кеңесшісі Е.Н.Обаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қ.С.Сұлтанов және т.б., ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен - Қазақ агроөнеркәсіп кешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Ғ.Ә.Қалиев, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Экономика институтының бас ғылыми қызметкері А.Қошанов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  ректоры Ғ.Мұтанов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Р.Сыздық марапатталды.                                                    

«Парасат» орденіне кинорежиссер С.Ж.Әзімов, жазушылар Ә.Асқаров пен М.Байғұт, Жамбыл облысы «Луговой жылқы зауыты» ЖШС директоры Х.Б.Базаралиев, Алматы облысының әкімі А.Ғ.Баталов, композитор К.Дүйсекеев, суретші-гобеленші Б.Е.Зәуірбекова, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры И.Б.Лебедев, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ төрағасының бірінші орынбасары Т.А.Мамашев,  «Алтын-Диірмен» корпорациясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Ә.Б.Маралов және басқалар ие болды.

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі А.Әшімов және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының  бас ғылыми қызметкері Ә.Т.Қайдар І дәрежелі «Достық» орденінің иегерлері атанды. ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталғандар қатарында жазушылар Г.К.Бельгер мен Д.Исабеков, «Днепро» украин мәдени орталығының төрағасы Ф.Л.Клименко, «Невада - Семей» Халықаралық антиядролық қозғалысы Қарағанды филиалының төрағасы М.Х.Хамиев бар.

Бір топ белгілі ғалымдар мен мәдениет қайраткерлерінің, өндірістік сала  өкілдерінің еңбегі «Құрмет» орденімен атап өтілді, олардың арасында «Гүлдер» мемлекеттік эстрадалық-би ансамблінің әншісі Ф.Абаханова, Павлодар облысы «Табыс» шаруа қожалығының басшысы М.Қ.Алғамбаров, Қостанай облысы «Милх» ЖШС бас директоры С.И.Блок, «Республикалық протездік-ортопедиялық орталық» АҚ Ақтөбе протездік шеберханасының шебері В.И.Верховодов, Астана қаласы «№ 2 қалалық аурухана» МКК бас дәрігері М.Ә.Жантұрғанов, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары Е.Жаппасұлы, «Қазақ спорт және туризм академиясы» АҚ президенті Қ.Қ.Закирьянов, Өскемен қаласы «Востокмашзавод» АҚ құйма өндірісінің бастығы С.В.Зудов, ақындар Н.Исабаев пен С.Қали, «Фолиант» баспасы» ЖШС директоры Н.С.Исабеков, Қарағанды қаласы «Көз микрохирургиясы орталығы» ЖШС директоры В.У.Ким, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ұлттық компаниясы» АҚ жүк тиеу-түсіру кешенінің шебері Ш.И.Мусаев, Ақтөбе облысының әкімі А.Б.Мұхамбетов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры М.Қ.Наурызбаев, Ақмола облысы «Астана Агропродукт» ЖШС директоры С.Ж.Рахымбаев, Алматы қаласы «Масло-Дел» АҚ бас директоры П.Г.Селиванов, эстрада әншісі Г.Тергеубекова, «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ президенті М.Б.Тілеубаев бар.

Әскери және қызметтік бор­ы­шын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін әскери қызметшілер, құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ер­лігі үшін» медальдарымен марапатталды.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым, мә­дениет  және әлеуметтік са­ланың 48 көрнекті өкіліне берілді, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасына 306 адам ие болды.

Наградталғандардың  тізімі жергілікті баспасөзде жарияланады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің