National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияевпен кездесу

2014 жылғы 21 қаңтар

 

Мемлекет басшысына Т.Ермегияев Астанада халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық барысы мен биылғы жылға арналған жоспарлар туралы баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев нысандар құрылысына отандық компанияларды тартудың маңыздылығын атап өтті.

– «ЭКСПО-2017» көрмесінің үлкен кешендерінің салынуын шағын және орта бизнесті дамыту үшін пайдаланған жөн. Ең алдымен сапа деңгейіне сәйкес келетін қазақстандық құрылыс компанияларын тарту қажет. Қолданылатын құрылыс материалдары да қазақстандық болуға тиіс, ол отандық бизнестің жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бұл ретте сапаны қадағалау қажет және тиісті мамандар болуы керек. Еліміздің ірі компаниялары дуальдік оқыту бағдарламасын іске асыруда. Олардың тәжірибесіне қарап, соған ұқсас бағдарлама әзірлеу – жастарды іріктеу, оларды оқыту, «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық пен өткізу барысындағы жұмысқа мамандар даярлау қажет. Мамандар мен компанияларды Қазақстанның барлық өңірінен тарту керек. Тағы да қайталап айтамын, барлық нысандар кейін де халқымыз бен елордамыздың игілігіне пайдаланылуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Назарбаев Университетімен бірлесіп Энергия институтын құру мүмкіндігін атап өтті.

– Бұл ғылыми мекеме жаңа энергия көздерін зерттеумен айналысатын болады. Шет елдердің тәжірибесін жинақтап, оларға зертханалық жағдайда талдау жүргізу мүмкіндігін қарастырған жөн. Бүгіннің өзінде маған  сан алуан энергия түрлерінің әзірлемелері жобаларын жолдауда. Оларды іске асыру мәселесін қарастырған жөн, – деді Мемлекет басшысы. 

«ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы 2014 жылы құрылыстың басталуы және Халықаралық көрмелер бюросының ресми туын алу жоспарланғанынан хабардар етті.

– 2013 жылғы желтоқсан айында көрмені өткізуге байланысты тіркеу рәсімдерінің бәрі аяқталды. Қазіргі уақытта барлық мәселе ай сайын үкіметтік комиссияда шешілуде. Бүгінгі күні іс-шаралар жұмыс кестесіне сәйкес жүргізілуде, олқылық пен кешігу жайттары жоқ. Көрме аясындағы нысандар құрылысының басталуы осы жылдың сәуір айына жоспарланып отыр, – деді Т.Ермегияев.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы қаралған мәселелер бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.                 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің