Жаңалықтар

4 наурыз 2015
Мемлекет басшысы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Нұрлан Қаппаровты қабылдады

Н.Қаппаров Мемлекет басшысына компанияның трансформация бағдарламасы аясында жүргізіп жатқан жұмысы туралы баяндады, сондай-ақ  оның жаңартылған даму стратегиясын таныстырды.   

Қазақстан Президенті уран өнеркәсібі еліміздегі негізгі салалардың бірі екеніне және әлемдік нарықта елеулі орынға ие болып отырғанына тоқталды.

Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев уран өндірісін тиімді бақылауды қамтамасыз ету қажеттігіне, шетелдік жетекші компаниялармен өзара тиімді ынтымақтастық орнатудың және бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударды.

Н.Қаппаров қазіргі кезде Қазақстан жалпы әлемдік көлемдегі уран өндірісінің 40 пайызын қамтамасыз етіп отырғанын айтты. Компанияның алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі ядролық отын жеткізу саласындағы көшбасшылардың біріне айналу болып отыр.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы компанияның жаңартылған даму стратегиясы халықаралық консультанттардың атсалысуымен әзірленгенін, инвестициялық және операциялық қызметтің тиімділігін, сондай-ақ еңбек өнімділігін арттыруды көздейтінін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар