Жаңалықтар

9 қыркүйек 2015
«Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспары – 100 нақты қадамды» қолдаған хаттар мен жеделхаттар

 

Мемлекет басшысының атына Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыру ісіне қуатты серпін беруі тиіс Ұлт жоспарын қабылдаудың маңыздылығы атап өтілген хат-хабарлар елдің барлық өңірінен келіп түсуде.

Талдықорған қаласының және Алматы облысы аудандарының қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері, жұмысшылар мен жоғары оқу орындарының студенттері, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері Ұлт жоспарын табысты жүзеге асыру Қазақстанға әлемдік экономикадағы кез келген қиындықты еңсеруге және одан әрі дамуға қажетті қосымша қуат көзін алуға мүмкіндік беретінін атап өткен.

Мәселен, Қарасай ауданындағы «МАВИД» ЖШС директоры В.Маслацов шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған шараларға айрықша назар аударған.

«Ұлт жоспарында шикізаттық емес саладағы көшбасшыларды қолдау қарастырылған. Осылайша, Сіз өзіңіздің «алдымен экономика, сосын саясат» деген қағидатыңызды, сондай-ақ экономикалық өсім қарқынын, жиынтық ұлттық өнімнің құрылымы мен сапасын айқындайтын шағын және орта бизнес субьектілерін дамыту жөніндегі идеяңызды тағы қуаттай түстіңіз. «100 қадам» таяу болашақта елімізге «Қазақстан-2050» стратегиясындағы барлық жоспарларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деп жазады автор.

Атырау облысынан келген хаттар мен жеделхаттарда Ұлт жоспарының экономикаға, ел өңірлерінің мүмкіндіктерін теңгеруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және бірлікті нығайтуға тигізетін оң ықпалы атап айтылған. Авторлар «100 нақты қадамды» іс жүзіне асыруға қомақты үлес қосуға дайын әрбір қазақстандықтың қатысуы арқылы ғана қарастырылған міндеттерді шешуге болатынына сенімді.

Атырау қаласындағы «Еділ-Жайық» қарақалпақ этно-мәдени бірлестігінің төрағасы К.Бекмұратов алға қойылған міндет елді бұдан да табысты әрі мықты ете түсетініне сенімді екенін айтқан.

«Жүз қадамның бәрі елдің мүддесіне бағытталған, біздің әрқайсымыз бұл қадамдарды өз мамандығымыз аясында, қоғамдық өмірде бүкіл елмен бірге жасауымыз керек. Идеяның жаһандылығы, ойдың ауқымдылығы және реформаларды жүзеге асыру жолының тиянақтылығы  – бұл Қазақстан тарихының жаңа парағы екенін білдіреді», – деп жазады автор.

Жамбыл облысының бизнес өкілдері, түрлі сала жұмысшылары, зейнеткерлер мен студент жастар Ұлт жоспарында басымдықтар айқын қойылып, көздеген нысана мен негізгі міндеттер белгіленгенін атап өткен. Олар Қазақстанның барлық кедергілерді еңсеріп қана қоймай, бар әлеуетін нығайтып, дамыта түсетініне сенімділік білдірген.

Айталық, Тараз қаласының тұрғыны Е.Оборовская Мемлекет басшысы жариялаған Бес институционалдық реформа еліміздің болашағын қалыптастыратынына назар аударған.

«Реформаларды іске асыру Қазақстанға дамудың жаңа деңгейіне көтерілуге мүмкіндік береді. Біздің тұтастығымыз бен бір-бірімізді қолдауымыз қойылған міндеттерді шешу ісінде еліміздің негізгі күші болады», – делінген хатта.

Батыс Қазақстан облысының қоғамдық ұйымдарынан, жастардың және ауыл шаруашылығы бірлестіктерінен, білім және ғылым саласы өкілдерінен келген хаттарда қолдау білдірілген және ол жаһандық қатерлерге берілген нақты жауап екені және елдің әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру жөніндегі Стретегиясын жүзеге асыру бағытындағы жүйелі ұмтылысын қамтамасыз ететін құжат екені айтылған.

Шыңғырлау ауданы жастарының атынан жазған «Шыңғырлау жастары» ЖҚБ төрағасы Э.Хабдулов өз хатында Қазақстанда бүгінде өскелең ұрпақтың дамуы үшін барлық жағдай жасалғанына тоқталған.

«Кәсіби және интеллектуалдық тұрғыдан өсу, өзімізді көрсету және шығармашылық үшін алдымыздан зор перспективалар ашылған.  Бізді Отанымыздың болашағы үшін жауапкершілік пен Қазақстанда бұдан да қуатты ете түссек деген тілек біріктіреді. Ел Тәуелсіздігі – біздің басты байлығымыз. Біз бәріміз бір халықтың баласымыз және алдағы уақытта басты құндылықтарымыз – бейбітшілікті, бірлікті және ортақ шаңырағымыз – Қазақстан Республикасындағы келісімді сақтайтын боламыз», – деп жазады автор.

Қарағанды облысының этно-мәдени бірлестіктерінің, жастар ұйымдарының өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан табыстары әлемдік қоғамдастық тарапынан мойындалған, бақуатты, мықты әрі тұрақты мемлекетке айналғанын айтады. Олар республикамыз бұдан да зор табысқа жететініне және алға қойған өршіл міндеттерінің барлығын шешетініне сенімділік білдірген.

Облыс кәсіпкерлері қауымдастығының атқарушы директоры С.Санаубаев отандық бизнес пен жалпы экономикаға қиындықтарды ойдағыдай еңсеруге мүмкіндік беретін шараларға назар аударған.

«Барлық сұрақтың жауабы біреу. Еңбек, тек еңбек ету керек. Егер әрбір қазақстандық өз жұмыс орнында еңбек етіп, жетілетін болса, біз онда өзіміздің Қазақстан жолын лайықты жүріп өтеміз», – делінген хатта.

Қызылорда облысы жұртшылығының өкілдері, ардагерлері, кәсіпкерлері тәуелсіз республика игілігі үшін негізгі реформаларды тиімді іске асыру жолында  қазақстандықтардың тұтастығы мен бірлігінің маңыздылығын атап өткен. 

Мәселен, Қызылорда қаласы №6 «Балбұлақ» мемлекеттік коммуналды кәсіпорнының меңгерушісі  М.Нам «100 нақты қадамның» дер кезінде әзірленгеніне тоқталған.

«Жас мемлекеттің қалыптасу жылдары Қазақстанда көп нәрсе жасалды. Ел дұрыс және жедел қарқынмен еңсе тіктеді. Республикамыз халықаралық аренада өз орнын ала отырып, мақсаттарына қарай батыл қадам басып келеді. Ал Ұлт жоспары Қазақстанның дамуының барлық саласын қамти отырып, перспективалы жаңа бағыттарға жол ашуда», – деп жазады автор.

Маңғыстау облысынан келген көптеген хаттарда Бес институционалдық реформаның әрқайсысы қазақстандықтардың тікелей атсалысуын талап ететіні айтылған. Бұл шаралар тиісті тұрғыдан келіп, тиімді жүзеге асырылса, халықтың әл-ауқатын ұдайы өсуін қамтамасыз ететініне авторлар сенім білдіреді.

Бұл ретте Т.Шевченко атындағы украин этномәдени бірлестігі жастар қанатының мүшесі К.Сторожук Мемлекет басшысының республикамыздың қалыптасуы мен дамуында атқарған рөліне айрықша тоқталған.  

«Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан өсті, дамыды және қазіргі жағдайына жетті. Мақтаныш етуге болатын көп нәрсеге қол жеткендей, кейде осымен тоқтауға да болатындай көрінетіні бар. Алайда өмір аумалы-төкпелі, сондықтан әрбір қадам егжей-тегжейлі жазылған Ұлт жоспары – жаңа және бұдан да жарқын, сенімді болашаққа бастайтын көпір», – делінген хатта.

Оңтүстік Қазақстан облысының еңбек ұжымдары, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері Мемлекет басшысы ұсынған реформалар еліміздің орнықты және жан-жақты дамуын қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өткен. Өңір тұрғындары мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттары өркендеген Қазақстанды қалыптастыру мақсатына қол жеткізудің жаңа кезеңі болатынына сенім білдірген.

Мәселен, Шымкент қаласындағы  «ҚазТрансОйл» АҚ еңбеккері А.Ақбердиев Жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясын бұдан әрі ілгерілетудің маңыздылығына назар аударады.

«Барлық құндылықтар, экономикалық және мәдени игіліктер адам еңбегі арқылы жасалады. Нағыз өнімді еңбек біздің әлеуметтік жаңғырту саясатымыздың негізі болуы тиіс. Еш жерде, ешбір елде бәріне бірдей және бірден қол жеткізу мүмкін емес. Еңбек етіп, өз әлеуетімізді туған Қазақстанымызда пайдалануымыз керек», – деп жазады автор.  


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар
Барлық баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар