Жаңалықтар

24 қараша 2014
Чехия Республикасы Президенті Милош Земанның ресми сапарының қорытындысына арналған бірлескен баспасөз мәслихаты

 

Қазақстан Президенті өз сөзінде екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері жөнінде жүргізілген келіссөздердің жемісті өткенін атап өтті.

– Менің Прагаға барған соңғы сапарымнан бері тауар айналымы екі есе өсті. Чех компаниялары автомобиль құрастыру, көлік, құрылыс, денсаулық сақтау және фармацевтика сияқты салаларда жұмыс істеп жатыр. Экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия жұмыс жүргізуде. Бірлескен іс-қимыл үшін бізде әлі көптеген резервтер бар деп санаймыз және соларды іске қосуға ниеттіміз,  – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан елді индустрияландырудың екінші кезеңіне кіріскенін, оның аясында айтарлықтай қаражат бөлініп жатқанын айтты.

– Бұл үдеріске чех компанияларының қатысуына болады. Менің жаңа Жолдауыма сәйкес біз республикада ауқымды индустриялық-инновациялық құрылыс жұмыстарын бастадық. Осыған байланысты елдеріміз арасында түрлі сала бойынша ынтымақтастық аясын кеңейту үшін жақсы алғышарттар бар. Екі елдің іскер топтары өкілдері ортақ тіл табады ғой деп үміттенемін. Бүгін Астанада бизнес-форум өтеді, оның барысында жалпы сомасы 450 миллион доллар болатын 13 келісімге қол қою көзделіп отыр. Сондай-ақ біз чехиялық әріптестеріміздің Астанадағы интеллектуалдық-инновациялық кластерді дамыту ісіне қатысу жайын да әңгімемізге арқау еттік, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласында Чехияның Қазақстан үшін қажет болатын тәжірибесі бар екеніне назар аударды.

– Біздің ел жылына 8-10 миллион тонна азық-түлік бидайын жеткізетін экспорттаушы ел болып саналады. Алайда жыл өткен сайын азық-түлікке деген сұраныс өсе түсетінін ескере отырып, ауыл шаруашылығының өзі бұл саланы дамытуға көмектесетін ғылымның қатысуын талап етіп отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропа елдерімен қарым-қатынасының маңыздылығын, олардың біразымен стратегиялық серіктестік туралы шарттар жасалғанын айтты.

– Еуропаның көптеген елдері біздің негізгі инвестициялық серіктестеріміз болып саналады. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға салынған 200 миллиард доллар тікелей инвестициялардың жартысы Еуропалық одаққа тиесілі. Бүгінде біздің Қытаймен тауар айналымымыз шамамен 30 миллиард долларды, ал Ресеймен  – 25 миллиард, Еуропалық одақпен 53 миллиард долларды құрайды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы сондай-ақ кездесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде де мазмұнды пікір алмасу болғанын айтты.

– Таяу Шығыста лаңкестіктің белең алуы, Украинадағы оқиғалар біздің елге де ықпал етеді. Біз сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық Одақтың арасындағы ықтимал ынтымақтастық туралы да сөйлестік. Чех королі Иржидің 15 ғасырда-ақ қазіргі ЕО-ның арғы тегі –жалпы еуропалық одақ құру идеясын ұсынғаны мәлім. Еуропа мен Азияның өзара ықпалдастығын дамытуға Чех Республикасы атсалысады деп үміттенеміз, – деді  Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Украинадағы дағдарыстың тезірек аяқталғанын қалайтынын айтты.

– Санкциялық текетірес еуропалық тарапқа да, Ресейге де ешқандай пайда әкелмейді. Қазақстан бұл елде бейбітшіліктің орнауы үшін қал-қадерінше септігін тигізетін болады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Чехияның арасында тарихи байланыстар бар екендігіне тоқталды.

- Біздің елдеріміздің халықтары фашизмге қарсы бірге күресті, бұған чех астанасындағы Ольшан зиратында жатқан қазақстандық жауынгерлердің бейіттері куә. Қазақстан чех халқының тарихына, мәдениеті мен ұлттық дәстүріне зор сүйінішпен және ықыласпен қарайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті келіссөздер қорытындысы жан-жақты ынтымақтастықты екі ел халықтарының игілігі үшін кеңейтуге әзірлікті көрсететінін айтты.

М.Земан өз сөзінде Чех Республикасының Үкіметі Қазақстанды басымдығы бар серіктес ретінде айқындағанына тоқталды.

– Қазақстанды бұрын «экономикалық ғажайып» көрсеткен елдермен, мысалы, Германиямен, Жапониямен немесе Оңтүстік Кореямен салыстыруға болады. Мен сіздің елде 12-13 жыл бұрын болғам, қазір керемет ілгерілеуді, соның ішінде елорда құрылысын салу барысындағы ғажап ілгерілеуді көріп отырмын. Қазақстан өз халқының еңбекқорлығы арқасында әлемдік экономиканың маңызды ойыншыларының біріне айналады деп сенемін, – деді Чехия Президенті.

Ол сондай-ақ екі елдің де халықаралық саясатта толық түсіністік тауып отырғандығына тоқталды.

М.Земанның айтуынша, еуропалық мемлекеттердің Қазақстанмен ынтымақтасуға деген қызығушылығы біздің елдің қарқынды дамуымен байланысты болып отыр.

Сонымен қатар, Чехия Президенті автомобиль құрастыру, азаматтық авиация, банк саласын қоса қамтитын бірқатар перспективалы салаларды атап өтті.

– Қазақстан өз инвестицияларын туризм индустриясында, мұнай химиясы өнеркәсібінде және басқа да салаларда іске жарата алатынына сенімдімін. Сонымен бірге, Қазақстанда жекешелендіру аясында ірі компанияларға қаражат салуға жол ашылғандықтан, чех инвесторлары бұл мүмкіндікті пайдаланады деп сенемін.  Біз Қазақстан Президентінің өз елі мен халқы үшін істеген еңбегін жоғары бағалаймыз. Ол біздің Чех Республикасына шақыруымызды қабыл алатынына сенімдіміз, ал мен Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне келемін,  – деді М. Земан.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар
Барлық баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар