Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

15 наурыз 2018
Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік жұмыс кездесуінің қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді

Қазақстан Президенті брифинг барысында Орталық Азия елдері көшбасшыларының қатысуымен өткен консультативтік жұмыс кездесуінің нәтижелері туралы айтты.

– Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік жұмыс кездесуі толық өзара түсіністік пен тату көршілік жағдайында өтті. Біз күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пайымды да сындарлы ой-пікірлерімізді ортаға салдық, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азияның барлық елдері Ресей Федерациясымен белсенді экономикалық ынтымақтастық орнатқанын атап өтті.

– Біз өңірдің көлік-логистика жүйесін екіжақты форматта да, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да бірлесе қалыптастырамыз. Сонымен бірге, ішкі өңірлік проблемаларымызды біз үшін ешкім шешіп бермейтінін түсінеміз. Осыған орай базалық басымдықтарды анықтап, келешектің жоспарын жасадық, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өңірлік қауіпсіздік пен Ауғанстандағы ахуал мәселелері бойынша жүргізілген келіссөздердің нәтижелеріне тоқталды.

– Орталық Азияның барлық елі Ауғанстандағы саяси-экономикалық даму және саяси мәселелерді реттеуге қолдау көрсету үшін өздерінің үлесін қосуда. Біз өзара күш-жігерімізді жұмылдыра отырып, Ауғанстан проблемасын халықаралық деңгейде талқылауды жалғастыруға келістік. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде бұл бағыттағы жұмыстарды халықаралық дәрежеде белсенді жүргізіп келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті біздің еліміз өңір елдерінің қауіпсіздік кеңесі аппараттары арасында бесжақты тұрақты консультациялар жүргізу тетігін жасауды ұсынғанын атап өтті.

– Бұл келісілген ұстанымдарды іске асыра отырып, өңір қауіпсіздігінің маңызды мәселелері бойынша тұрақты диалог жасап тұруға мүмкіндік береді. Бес ел арасындағы шекараны делимитациялау және демаркациялау жұмыстарын аяқтау ісі негізгі бағыт болып саналады. Осыған байланысты делегация басшылары өңіріміздегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты күшейту мақсатымен бұл үдерісті жылдамдатудың қажет екендігін мақұлдады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия елдері арасындағы сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелеріне тоқталып, өңірдің қарқынды дамып келе жатқанын және одан әрі ілгерілеуге әлеуеті толық жететінін айтты.

– Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, соңғы 10 жылда Орталық Азия елдеріндегі ішкі жалпы өнімнің орташа өсімі 6,2 пайызды құрады. Бұл сол кезеңдегі 2,6 пайыздық орташа көрсеткіштен асып түседі. Өңір елдерінің сыртқы саудасында да өсім болғаны байқалды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өзара сауда көлемінің өсуі Орталық Азия елдеріндегі тұрғындардың өмір сүру деңгейінің артуына септігін тигізгенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс кездесуі барысында өңірлік экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін шаралар қарастырылғанын айтты.

– Елдеріміз арасындағы өзара сауда жасау ісінде тауарлардың номенклатурасын кеңейту қажет. Біздің экспорт-импорт операцияларымызға қатысты салыстырмалы статистикалық мәліметтер бұл бағытта зор мүмкіндіктер бар екенін дәлелдейді. Елдеріміз арасындағы инвестициялық ынтымақтастық пен инвесторларды бірлесе қорғау ісін жақсарту үшін жүйелі жұмыс жүргізу қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы экономиканы жаңа инновациялық-цифрлық платформаға көшіру қажеттігіне тоқталып, транзиттік тасымалдаулар кезінде тарифтік саясатты оңтайландырудың және әкімшілік рәсімдерді жеңілдетудің маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев трансшекаралық су ресурстарын пайдалану мәселелерін ортақ құқықтық ұстанымдар, өзара құрмет және барлық тараптың мүдделерін сақтау негізінде шешудің маңызды екеніне назар аударды.

Қазақстан Президенті консультативтік кездесу барысында өңірдегі экономикалық ынтымақтастықты ілгерілету мақсатымен вице-премьерлер деңгейінде бесжақты жұмыс комиссиясын құру туралы ұсыныс қарастырылғанын айтты.

– Қарқынды даму үшін ішкі өңірлік қаржыландыру көздерін қалыптастыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев мәдени-гуманитарлық байланыстар өңірлік өзара іс-қимылды күшейтудің маңызды факторы болып саналатынын айтты.

– Біз осы бағыттағы ынтымақтастығымызды одан әрі арттыру жөнінде уағдаластық. Ғылым және білім беру саласындағы өзара іс-қимылды дамыту үшін Қазақстан өңірдегі елдердің студенттерін оқуға қабылдауға дайын. Спорт және туризм саласында ортақ спорт шараларын өткізуді жандандырып, Орталық Азияның біріккен туристік бағдарын әзірлеуге мүмкіндігіміз бар, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы қол жеткізілген уағдаластықтар мемлекеттеріміздің ынтымақтастығына айтарлықтай серпін беретініне сенім артты.

– Ең бастысы, бізде ортақ түсіністік қалыптасты, сондай-ақ серіктестігімізді нығайтуға және бір-бірімізге қолдау көрсетуге ниеттіміз. Сондықтан біз мұндай кездесулерді жыл сайын тұрақты түрде, барлығымызға ортақ ұлы Наурыз мерекесі қарсаңында өткізу жөнінде уағдаластық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар
Барлық баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар