National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлаудағы жеңісіне байланысты келіп түскен хаттар мен жеделхаттар

2015 жылғы 05 мамыр

 

Елбасының атына мемлекеттер мен үкіметтер басшыларынан, шет ел мемлекеттерінің заң шығарушы органдары өкілдерінен, шетелдік компаниялар жетекшілерінен құттықтаулар әлі келіп түсуде.

Израиль Президенті Р.Ривлин ел халқының және жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Президенті лауазымына қайта сайлануына байланысты құттықтауын жолдады.

«Сізге алда тұрған міндеттерді шешу ісінде табыс тілеймін. Сондай-ақ Израиль мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар әрі қарай да нығая беретініне сенім білдіремін», – делінген жеделхатта.

Мұрагер ханзада, Сауд Арабиясы королдігі Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, ішкі істер министрі Мұхаммад бен Наиф бен Әбдел Әзиз Әл Сауд Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, мықты денсаулық пен бақуаттылық, ал Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.

МАГАТЭ бас директоры Ю.Амано Қазақстан ұзақ уақыттан бері ұйымның ядролық технологияларды бейбіт мақсатта қолдану және ядролық қару тарату қаупіне қарсы күрес саласындағы серіктесі болып саналатынын атап өтті. Ол сондай-ақ жүзеге асыру ісіне біздің еліміз де қатысатын түрлі бастамалар аясындағы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін білдірді.

Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның бас директоры У.Свинг Қазақстан осы ұйымның белді мүшесі екенін атай отырып, біздің елмен ынтымақтастықты жалғастыруға және нығайтуға дайын екенін айтқан.

Америкалық мемлекеттер ұйымының бас хатшысы Х.Инсульса Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.

«Қазақстан 1996 жылдан бері Америка мемлекеттері ұйымының тұрақты бақылаушысы болып табылады. Біз соңғы жылдары әсіресе жан-жақты даму, мемлекеттік басқару және әйелдер мен балалар құқығын қорғау саласында қол жеткен серіктестік пен ынтымақтастық деңгейіне қанағаттанамыз. Сізге табыс тілеймін және Сіздің Үкімет Америка өңірімен арадағы диалог пен ынтымақтастықты әрі қарай нығайту мақсатында біздің ұйыммен өзара ықпалдастықты жалғастырады деп үміттенемін», – деп жазады автор.

Энергетикалық хартия бас хатшысы У.Руснак «Қазақстан-2050» стратегиясы барша қазақстандықтардың тұрмысын жақсартуға бағытталған нақты істермен толтырылғанына назар аударған.

«Әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену жөніндегі Сіз қойған мақсат таяу болашақта міндетті түрде орындалады», – делінген жеделхатта.

Мемлекетаралық Украина-Қазақстан қарым-қатынастар институтының директоры Н.Степаненко Қазақстанда өткен сайлау сайлаушылар ең көп қатысқан сайлау ретінде тарихқа еніп, бүкіл әлемге тұтастықтың қуатын паш еткенін атап өткен.  

«Біз Сіздің Қазақстан мен Украина қарым-қатынастарын нығайтуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Бүкіл тәуелсіздік жылдары бойы біздің бауырлас халықтарымыздың өзара қарым-қатынасының архитекторы тек өзіңіз болдыңыз», – деп жазады автор.

ҚКП ОК Саяси бюро мүшесі, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының партия комитетінің хатшысы Ч.Чуньсянь Қазақстан Президентінің күш-жігері арқасында екі елдің арасындағы достық қатынастар үздіксіз нығайып келе жатқанын атап өткен.

«Қазақстанға шын жүректен барлық салада өсіп-өркендеуін, ал оның халқына Сіздің басшылығыңызбен бақ-береке тілеймін», – делінген құттықтауда.

ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Халықтық үкіметінің төрағасы Ш.Закер Қазақстан Президентін қайта сайлануымен құттықтап, Қазақстан мен Қытайдың саяси және стратегиялық ықпалдастығы нығайып келе жатқанын атап өткен.

«Біз халықтарымыздың игілігі жолындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытуда нақты нәтижелерге жету үшін Жібек жолының экономикалық белдеуін құру аясындағы ынтымақтастықты Сіздің елмен бірге жаңашылдық пен талпыныс рухында одан әрі нығайтуға дайынбыз», – деп жазады автор.

Германия Бундестагының депутаты, Еуропа Кеңесінің Парламенттік ассамблеясындағы Германия делегациясының басшысы А.Фишер Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.

«Қазақстан азаматтары көрсеткен сенім – Сіздің алдағы сын-қатерлерді еңсерудегі еңбегіңізді мойындаудың айғағы. Сіздің сайлаудағы айқын жеңісіңіз  соңғы жылдары атқарған жұмысыңыздың да мойындалуы болып саналады», – делінген хатта.

Ресей Федерациясы Карачай-Черкес Республикасы Халықтық жиналысы (Парламенті) төрағасының орынбасары Р.Хабов Нұрсұлтан Назарбаевқа елді белсенді түрде әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған жемісті жұмысының биік бедел әкелгенін айтады.

«Сіздің алысты болжаған басшылығыңыздың арқасында Қазақстан барлық салада керемет жетістіктерге жетіп, қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттер қатарынан лайықты орын алды», – делінген жеделхатта.

Испанияның бұрынғы сыртқы істер және ынтымақтастық министрі М.Моратинос Қазақстан азаматтары өз Президентіне тағы да елін халықаралық қоғамдастықтың мейлінше озық және заманауи мемлекеттері қатарына қосуы үшін қалтқысыз сенім артқанын атап өткен.

«Сіздің арқаңызда Қазақстан экономикасы әлемдегі ең қарқынды дамыған экономиканың бірі боларына сенімдімін. Сондай-ақ Қазақстан халқын сайлау үдерісінің үлгі тұтарлықтай өтуімен және халықаралық байқаушылар миссиясы тарапынан жоғары баға алуымен құттықтағым келеді», – делінген жеделхатта.

«Марубени Корпорейшн»  жапон  компаниясы басқармасының төрағасы Т.Асада Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды және оның халқын бұдан да үлкен өсіп-өркендеуге алып келетініне, сондай-ақ Жапониямен достық қарым-қатынасты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірген.

«Тойота» компаниясы басқармасының төрағасы Д.Шимизу өз құттықтауында Нұрсұлтан Назарбаевтың шебер басшылығымен Қазақстан таңдандырарлықтай даму қарқынына қол жеткізгенін айтады.

Қырғызстан халқы  ассамблеясы кеңесінің мүшелері өз құттықтауларында этносаралық қарым-қатынастың қазақстандық моделі бүгінде көпэтносты мемлекеттер үшін жарқын үлгінің бірі болып отырғанын айтады.

«Қазақстан бүкіл әлемге елдің мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынасты табысты орнатып, этносаралық қарым-қатынасты дамыта отырып, сонымен бір мезгілде мемлекет құру мәселелерін де шеше алатынын көрсетті», – деп жазады авторлар.

Отто Бенеке атындағы қор президенті Л.-Т.Лемпер Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан зор жетістіктерге жеткенін, олардың қатарында әлемдік қоғамдастық мойындаған сыртқы саясат, индустриялық-инновациялық даму, этносаралық келісім, жемісті экономикалық реформалар және халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселелері бар екенін айтты. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысына амандық және белгіленген барлық жоспарын жүзеге асыру ісіне табыс тіледі.

Қолдау лебізін Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, ТМД Дінаралық кеңесінің теңтөрағасы А.Паша-Заде де жолдап, Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында Қазақстан дінаралық диалогтың алдыңғы көшінен берік орын алып отырғанын атап өткен.

«Сіздің бастамаңызбен Қазақстан өзіне түрлі әлемдік және дәстүрлі діндер мен конфессиялар көшбасшылары арасындағы диалогты ілгерілету жауапкершілігін алды, бұл, күмәнсіз, оның әлемдік аренадағы беделін одан да арттыра түсті», – делінген жеделхатта.

Үндістан ғылыми институтының директоры С.Даве біздің ел Қазақстан Президентінің басшылығымен реформаларды жүзеге асыру, даму  және өсіп-өркендеу жолымен жүріп келе жатқанына тоқталған.

Үндістаннан зороастризм тобының жетекшісі Х.Дхалла Нұрсұлтан Назарбаевтың биік беделін, сондай-ақ оның әлемдегі ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан ерекше үлесін атап өткен.

«Возрождение» ғылыми-ағартушылық орталығының директоры А.Кузнецов өткен сайлауда қазақстандықтар кепілдендірілген бейбіт болашақты, тұрақтылық пен өз елінің өсіп-өркендеу жолын таңдағанын атап өтті.

«Сіздің сара басшылығыңызбен Қазақстан Республикасы қысқа мерзім ішінде тамсандырарлық нәтижелерге қол жеткізді және әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кірді. Біздер, украиндықтар,  елдің оңтүстік-шығысындағы қақтығысты реттеудегі Сіздің жеке үлесіңізді, Қазақстанның көрсеткен қаржылық және гуманитарлық көмегін өте жоғары бағалаймыз», – деп жазады автор.

Балалардың «Детская Вселенная» қоғамдық ұйымының президенті В.Магда Қазақстанда жас буын үшін барлық мүмкіндіктер жасалғанына назар аударды.

«Отбасы секілді, мемлекеттің де ұлылығы мен құдіреті баладан басталады. Сіз әрдайым жастар болшағымыздың  тірегі екенін айтасыз. «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Нұрлы жол» және басқа бағдарламалар бақыт пен отбасылық бақуаттылықты, тұрақтылық пен келісімді көздейді», – делінген хатта.

Француз режиссері Р.Гезельбаш  Мемлекет басшысын президенттік сайлаудың нәтижелерімен құттықтап, Қазақстанды одан әрі дамыту ісінде табыс тіледі.

 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің