Жаңалықтар

8 маусым 2018
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Алматы қаласына жұмыс сапарымен барды

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде болды.

Г.Әбдіқалықова оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттердің жұмыстары қойылған әрі Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған «Астана – Ұлы Даланың елордасы» атты көрме-фотогалереяны аралап көрді.

Мемлекеттік хатшы Психологиялық-педагогикалық түзету орталығының ашылу рәсіміне қатысты.

Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы қажет. Бізде мүмкіндігі шектеулі азаматтар аз емес және ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысуда» деген сөзін атап өтті.

Бүгінде Қазақстанда қамқорлыққа мұқтаж 10 мыңнан астам балаға арнайы қызмет көрсететін 176 психологиялық-педагогикалық кабинет жұмыс істейді.

Жаңа орталық «Дара» қайырымдылық қоры және Алматы қалалық Білім басқармасының қолдауымен ашылды.

Оның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі 7 жасқа дейінгі балаларды инклюзивті білім беру қағидаттары негізінде дамыту.

Орталық балаларға және олардың отбасыларына кәсіби тұрғыдан дефектологтың, логопедтің және психологтың қызметін көрсетіп, әлеуметтік-тұрмыстық дағдыларды қалыптастырып, оңалту және әлеуметтендіру шараларын атқарады, қарым-қатынасқа үйретеді. Жалпы осындай қызмет көрсету ісінде ерекше бала тәрбиелеп отырған 200-дей отбасы қамтылады.  

Мемлекеттік хатшы университетті аралап көрген соң, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі орталықтың ашылуына қатысты. Аталған орталықта университет оқытушылары мен студенттері латын қарпі негізіндегі жаңа қазақ әліпбиін үйрене алады. Сондай-ақ мұнда жоғары оқу орнының ғылыми қызметкерлері жаңа қазақ әліпбиінің орфографиясы мен орфоэпиясы курстарынан өтеді, оқу құралдары әзірленеді.

Сапар қорытындысы бойынша Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар