Жаңалықтар

15 қыркүйек 2017
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды

Мемлекеттік хатшы Қостанай облысында болып, Кейкі батыр (Нұрмағамбет) Көкембайұлының бас сүйегін жерлеу рәсіміне және оның есімін ұлықтауға арналған іс-шараларға қатысты. Шаралар ұлт батырының туған жері – Амангелді ауданы Тасты ауылында және Арқалық қаласында өтті.

Іс-шараларға Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдар, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар қатысты.

Сол күні түске дейін Кейкі батырдың бас сүйегін жерлеу рәсімі болып өтті.

Жиында сөйлеген сөзінде Гүлшара Әбдіқалықова бұл рәсімнің еліміздің рухани және қоғамдық-саяси өміріндегі мәні зор екенін атап өтті. Мемлекеттік хатшы осындай оқиғалар арқылы ұлт санасы тереңдеп, ел бірлігі нығайып, ұлт рухы асқақтай түсетінін айтты.

Түстен кейін Мемлекеттік хатшы Арқалық қаласында өткен «Кейкі батыр. Өмірі мен өлімінің тарихы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.

Өз сөзінде Гүлшара Әбдіқалықова Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біздің жасампаз жаңалығымыз тарихи бай тәжірибені тірек етуі керек. Мәртебелі болашақ туралы армандай отырып, мерейлі өткенімізді де жадымызда сақтағанымыз жөн» деген сөздеріне тоқталып өтті. Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президентінің қолдауы арқасында Кейкі батыр бас сүйегінің елге оралуы оның есімін жаңғыртып, ерлікке толы ғұмырнамасына ғалымдар мен бүкіл қоғамның қызығушылығын арттыра түскенін айтты. Бұл іс-шаралар қоғамдық сананы серпілтуге бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы ауқымды жұмыстың бір бөлігі болып саналады.

Гүлшара Әбдіқалықова Кейкі батырдың есімі ұлтымыздың әйгілі батырлары – Шапырашты Наурызбай, Қаракерей Қабанбай және Тама Есет батыр сияқты ерлерімен қатар аталуға лайық екенін айтты.

Конференцияда Венгрияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі А.Барани, Парламент Мәжілісінің депутаты Қ.Сұлтанов, белгілі жазушы С.Досанов, Қазақстан Республикасы Орталық музейінің директоры Н.Әлімбай, халық батырының ұрпағы С.Қосжанов және т.б. сөз сөйледі.

Сонымен қатар, іс-шара аясында халықаралық айтысқа қатысқан ақындар арнау айтып, қазақ күресінен сайыс және ат бәйгесі өткізілді. Соңында театрландырылған «Кейкі батыр» спектаклі қойылды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар