National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Елбасы Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысты

2017 жылғы 21 наурыз

Мемлекет басшысы «Сарыарқа» велотрегінде өткен іс-шараға қатысушыларға арнаған сөзінде барлық қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтап, отандастарымыз бұл мерекені туыстарымен және достарымен бірге қарсы алуды дәстүрге айналдырғанын атап өтті.

Қазақстан Президенті мыңжылдық тарихы бар Наурыз елдің ең жақсы көретін және асыға күтетін мейрамы екенін, ол адамның ұлты мен діни ұстанымына қарамай тойланып келе жатқанын айтты.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Наурыз сенімнің, достық пен бауырластықтың, ел тұрақтылығының нышаны екеніне назар аударды.

– Биыл біз Наурызды ерекше көңіл-күймен қарсы алып отырмыз. Қазақстан елеулі жаңару бағытына бет бұрды. Мен Үшінші жаңғыру бағдарламасын жарияладым. Оның аясында саяси және экономикалық жүйені реформалау көзделген. Біз Конституцияға мемлекеттік басқаруды жетілдіре түсетін маңызды түзетулер енгіздік. Тәуелсіздігіміздің кепілдіктері нығайтылып, бірлік пен татулық бекем бола түседі. Бұл болашаққа сеніммен қарауға, қазіргі әлемнің дамуы жолындағы сын-қатерлерді еңсеруге мүмкіндік береді. Қазақстандағы барлық өзгерістердің бір ғана мақсаты бар. Ол – әр үйде, әр отбасында, әр шаңырақта молшылық пен тұрақтылықтың болуы. Әр азамат өз елі үшін алаңсыз еңбек етіп, балаларын өсіріп, жаңа күнді қуанышпен қарсы алатындай болуға тиіс. Бұған еңбек ету арқылы қол жеткізіледі, оған мемлекет мүмкіндік беріп отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті іс-шараға қатысушыларға арнаған сөзінде бүкіл әлем бойынша жаңару нышанын танытып, адамдардың өзара ынтымағын және табиғатпен тұтастығын көрсететін көктемгі күн мен түннің теңелер шағының айрықша маңыздылығын атап өтті.

– Бұл күндер халықты қуанышқа бөлейді. Мереке күндері жұрт бір-біріне қонаққа барып, бұрынғы өкпе-реніштерін кешіріседі, бір-біріне игілік пен бақ-береке тілейді. Наурыз мейірімділік пен өзара көмек сияқты мәңгілік құндылықтарды еске салып тұрады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Мемлекет басшысы жұртшылықты Наурыз мейрамымен тағы да құттықтап, бақыт пен жақсылық тілеп, өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдірді.

Сондай-ақ, Елбасы «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы маңындағы этноауылға барды. Онда ұлттық бұйымдар көрмесі мен спорт сайыстары ұйымдастырылды.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің