National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылды

2014 жылғы 29 мамыр

 

Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Беларусь Республикасының басшылары Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойды және соған сәйкес мәлімдеме жасады.

Нұрсұлтан Назарбаев үш елдің халқын шартқа қол қойылуымен құттықтап, мемлекеттеріміз экономикалық әлеуетін халықтың өсіп-өркендеуі үшін біріктіріп отырғанын атап өтті. Ол бұның экономикалық одақ екенін және мүше-мемлекеттердің тәуелсіздігі мен саяси егемендігіне қатысы болмайтынын атап өтті.

Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи актіге Астанада қол қойылуының символдық мәні бар екеніне назар аударды.

– Астана Еуразияның дәл жүрек тұсында орналасқан. Бұл – қазіргі заманның ең жас елордасы. Мұнда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, ЕҚЫҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы және өзге де халықаралық ұйымдардың саммиттері өтті. Біз ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге дайындалудамыз. Қазақстан еуразиялық интеграция идеясының ілгерілеуіне тарихи үлес қосты. Нақ осында ғасыр басында Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құрылды, біздің интеграциялық үдерісіміздің барысы мен қарқынын айқындаған бірқатар маңызды шешімдер қабылданды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың бесігі Астана болуының заңдылық екенін атап өтті.

– Бұл Қазақстан, Беларусь және Ресей халықтарының достығының, тату көршілестігінің, өзара қолдауының ұлы жылнамасының жалғасы болатынына менің еш шүбәм жоқ. Бізді ХХI ғасырда еуразиялық интеграция әлеуетін бірлесіп жүзеге асыру міндеті күтіп тұр, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы бастаманы өзінің алғаш М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жиырма жыл бұрын жария еткенін еске салды. 

– Тек уақыт қана түбегейлі көз жеткізу қасиетіне ие. Жаңа еуразияшылдықтың екі онжылдық тарихының тәжірибесі осыны дәлелдейді. Еуразиялық интеграция идеясы Ресей және Беларусь Президенттерінен қолдау тапты. Дәл сондықтан да біз бүгінгі күнге – Шартқа қол қоюға жеттік, – деді Мемлекет басшысы.   

Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық интеграцияның іс жүзіне асуы қазірдің өзінде оң нәтижелер бергенін айтты.

– Тек соңғы бес жылда Қазақстанның Кеден одағына қатысушы елдермен арадағы тауар айналымы 88%-ға өсіп, 24 млрд долларлық мөлшерге жетті. Еуразиялық интеграция жөніндегі серіктес мемлекеттерге біздің экспортымыз 63%-ға ұлғайып, 6 млрд доллар болды. Бұл абстрактілі сандар ғана емес. Олардың артында жүздеген нақты кәсіпорындар мен компаниялар, қазақстандық, беларусьтік және ресейлік серіктестермен арадағы өзара іс-қимылдың жаңа желілері тұр. Бұл – мыңдаған жаңа жұмыс орындары, тұрақтылық және өзіне жаңа өткізу нарықтарын ашқан Қазақстан бизнесінің табыстылығының өсуі, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Армения мен Қырғызстанның да шартқа қосылу жөнінде нақты қадамдар жасап жатқанына назар аударды. Ол еуразиялық интеграцияны тереңдету осы үдеріске қатысушылардың барлығының мүддесі үшін жүзеге асырылатынына тоқталып өтті. 

– Басты мақсаттың бірі – экономикаларымызды бірлесе жаңғырту және бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін елдердің әрқайсысының мүмкіндіктерін біріктіру. Бізге өзге интеграциялық бірлестіктердің, ең алдымен Еуроодақтың тәжірибесін ескеру маңызды. Әңгіме қатысушы елдің бірде-бірінің деиндустриализация үдерісіне ұрынып қалмауы, ұлттық экономикада өнеркәсіптің дәстүрлі салаларының, ауыл шаруашылығының құлдырауын болдырмау туралы болып отыр. Еуропа экономикасындағы рецессияның беретін сабағы осында, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев интеграция, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экономиканың дамуына қажетті ұзақмерзімді тұрақты жағдайды және азаматтардың бақуатты өмірі үшін жаңа мүмкіндіктерді білдіретінін атап өтті.

– Еуразиялық экономикалық одақты біз жаһандық байланыстармен етене жымдасқан, Еуропа мен дамып келе жатқан Азия ареалдары арасындағы берік көпір түріндегі ашық экономикалық қоғамдастық ретінде көреміз. Еуразиялық интеграцияны дамыта отырып, біз заңды кезеңдер – еркін сауда аймағы, Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік арқылы батыл ілгерілеп келеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ЕАЭО туралы шартқа қол қою арқылы жер шарының  ең ірі тұтынушылық нарықтарының бірі, энергия ресурстарының ірі экспорттаушысы болып саналатын интеграциялық бірлестіктің құрылуы заңдық тұрғыдан ресімделгенін айтты. Мемлекеттердің тәуелсіздігіне кепілдік беретін негізгі ресурстар бұл бірлестіктің өзінде жеткілікті.

– Осылайша бүгін ХХІ ғасырдың жаңа геоэкономикалық ақиқаты дүниеге келді. Ол үлкен қиындықпен құрылды. Ашығын айтайын: біз Еуразиялық экономикалық одаққа көп қиындықпен жеттік. Алдымызда жаһандық тұрақсыздық жағдайындағы қалыптасу мен дамудың күрделі кезеңі тұр. Интеграция бізге өздігінен керемет өмірге кепілдік бермейді. Жаңа сын-қатерлер мен жаңа міндеттер болады. Біз оларды бірігіп шешуге және баршамыздың күш-жігерімізбен дағдарысты еңсеруге дайын болуға тиіспіз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия кеңістігінде халықтардың тату көршілігінің түбегейлі жаңа үлгісі қалыптасып жатқанын, оған жоғары сенім, берік достық және мемлекеттеріміздің өзара қолдауы негіз болып отырғанын атап айтты.

– Еуразиялық экономикалық одақ – бұл ең алдымен біздің елдеріміздің миллиондаған азаматтары үшін жаңа мүмкіндіктер көзі. Қатысушы елдерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы шарттар жасалуда. Еңбек ресурстары нарығы бірігуде, бұл кәсіби деңгейді көтеру мен еңбек өнімділігін арттырудың маңызды факторы саналады. Азаматтар үшін Еуразиялық экономикалық одақтың әрбір мемлекетінде білім беру қызметі мен әлеуметтік инфрақұрылымдарына тең қолжетімділік жағдайлары жасалуда. Ішкі кедергілерді жою қазірдің өзінде мәдени-гуманитарлық байланыстарымызды күшейтуге, туризмнің өсуіне жақсы ықпал етті. Осы пайданың барлығын азаматтарымыз айқын ұғынып отыр. Бұл еуразиялық ықпалдастық үдерісіне кең ауқымды халықтық қолдау болуда, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті  үш елдің жастарына да сөз арнады.

– Еуразиялық экономикалық одақ сіздер үшін құрылуда. Ол сіздерге қатысушы елдің кез келгенінде сапалы білім және кәсіби машықты игеруде артықшылық береді. Бүгінгі оқиға біздің елдеріміздің болашағы үшін, бірінші кезекте жаңа ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер көзін ашады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қатысушы-мемлекеттердің орталық ведомстволары мен үкіметтері жетекшілерінің, Еуразиялық экономикалық комиссия мүшелерінің, сарапшылардың еуразиялық экономикалық ықпалдастық үдерістерін жүзеге асырудағы айрықша үлесін атап өтті. Ол ортақ жұмыстың нәтижесі тарихи құжатқа қол қою болғанын айтты.

– Еуразиялық экономикалық одақ – біздің елдеріміздің мәңгілік достығының, өзара іс-қимылы мен тату көршілігінің берік жаңа механизмі. 29 мамыр біздің елдеріміздің естелік күнтізбелеріне Еуразиялық ықпалдастық күні ретінде енуге лайықты деп санаймын. Біздің елдеріміздің халқын, осы рәсімнің барлық қатысушылары мен қонақтарын Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуымен тағы да құттықтаймын, – деді Мемлекет басшысы.  

Өз сөзінде Ресей Федерациясының Президенті В.Путин қол қойылған шарт экономиканы дамытып, үш ел азаматтарының әл-ауқатын көтеру үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынын атап айтты.

– Ресей, Беларусь және Қазақстан өзара іс-қимылдың мүлде жаңа деңгейіне өтеді: тауарлар, қызметтер, капиталдар мен жұмыс күші еркін қозғалатын ортақ кеңістік құрады. «Үштік» мемлекеттері экономиканың энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік секілді негізгі салаларында келісілген саясат жүргізетін болады. Іс жүзінде біз 170 миллионнан астам халқы бар ТМД кеңістігінде өндірістік, ғылыми және технологиялық әлеуеті зор, табиғи ресурстары орасан мол, ірі әрі бірыңғай нарық құрамыз, – деді В.Путин.

Ресей Президенті әлемдік экономикада толыққанды халықаралық құқықтық субьектілікке ие және Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидалары негізінде әрекет ететін жаңа экономикалық ұйым пайда болып отырғанын айтты. Ол сауда құрылымын жетілдіру, жоғары технологиялық тауарлар үлесінің артуы, елдеріміздің әлемдік экономикадағы бәсекеге қабілеттілігінің нығаюын қоса қамтитын ықпалдастық үдерістердің өзара тиімділігі қазірдің өзінде іс жүзінде дәлелденіп жатқанына назар аударды.

Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко Армения мен Қырғызстанның еуразиялық ықпалдастық үдерісіне қосылуын атап өтті.

– Өз кезегінде Беларусь елі келіссөздер барысында қол жеткізілген  уағдаластықтарды толық жүзеге асыру жолында жүйелі әрі міндетті түрде ілгерілеуге дайын. Шартқа қол қою – осымен бітті деген сөз емес, ол біздің дұрыс қадам жасағанымызды бүкіл әлемге дәлелдеуге тиіс болатын салиқалы үдерістің бастауы. Сонымен бірге Еуразиялық экономикалық одақты құру жөніндегі іс-қимылдардың қатысушы-мемлекеттердің өзара саудасына айтарлықтай ықпал ететін мәселелерді шешумен байланысты болғаны жөн, – деді  А.Лукашенко.

Соңында мемлекет басшылары үш елдің жұртшылық өкілдерімен бейресми әңгіме өткізді.

***

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта  халықаралық ұйымдарға тән базалық аспектілер, мемлекеттердің егеменді теңдігі, аумақтық тұтастығы, сондай-ақ Одақтың мүше-мемлекеттерінің саяси құрылымының ерекшелігін құрметтеу қағидаттары көрініс тапқан.

Бұған қоса, шарт Қазақстан, Ресей және Беларусь азаматтарының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін шешуге бағытталған және тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын, үйлестірілген экономикалық саясат жүргізуді қарастырады.

Жалпы алғанда, келешектегі интеграциялық тиімділік 2030 жылға қарай ІЖӨ-нің жиынтық өсімі 900 миллиард доллар көлемінде болатындығымен бағаланып отыр. Еуразиялық экономикалық одақ теңдік, негізділік, жүйелілік, прагматизм және өзара тиімділік қағидаттары негізінде құрылады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің