National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Қазақстан Президенті ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамда өткен отырысына қатысты

2015 жылғы 16 қазан

 

Мемлекет басшысы өз сөзінде шағын құрамда өткен Кеңес отырысында ТМД ахуалы мен даму келешегінің мәселелері егжей-тегжейлі талқыланғанын айтты.

Бүгінде әлемде ауқымды өзгерістер болып жатқаны ешкімге құпия емес. Әңгіме ең алдымен экономика және қауіпсіздік жөнінде болып отыр. Болып жатқан жайттар біздің ұйымның да жаңа жағдайларға бейімделуін талап етеді. ТМД да өсіп, жаңа жағдайларға ыңғайлануы, жаңа қауіп-қатерлерге қарсы барынша тиімді әрекет ете алуга тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті талқылаудан өткен тақырыптың бірі халықаралық қауіпсіздік саласындағы ахуал болғанына назар аударды.

Террорлық топтардың қимылы жанданғанын, олардың әрекеті орныққан әлемдік қалыпты бұзып жатқанын айту керек. Бұл жерде халықаралық терроризм көптеген елдер мен өңірлердегі жағдайға деструктивтік тұрғыдан ықпал ететінін атап өткен жөн. Зорлық-зомбылықтың ушығуы бейбіт тұрғындардың, әсіресе әйелдер мен балалардың арасындағы құрбандар санын ұлғайтты. Нәтижесінде бұл жағдай Солтүстік Африка және Таяу Шығыстан Еуропаға ағылған қарапайым халықтың Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ауқымды мәжбүрлі миграциясын тудырды.  Бұл мәселені шешу үшін орасан экономикалық ресурстар қажет болады. Оған қоса, тұрақсыздық ошақтарын қалыптастыруды діттеген террористер босқын атымен жасырынып жүруі мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев ТМД мемлекеттері басшылары террорлық қауіпті жоюдың уақтылы әрі тиімді шараларын қабылдауға ортақ ниет танытып отырғанын айтты.

Менің БҰҰ Бас ассамблеясының мінберінен айтқанымдай, Ұйымның келісімімен террорлық ұйымдармен күрестің дүниежүзілік желісін құру қажет. Бізге осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, ТМД Террорға қарсы орталығының әлеуетін барынша пайдалану керек. Сондықтан ТМД мемлекеттері басшыларының Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдығына және халықаралық терроризмге қарсы күреске қатысты мәлімдеме қабылдауын дер кезінде жасалған әрі қажетті шара деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның ТМД-ға төрағалығы экономикалық тұрғыдан күрделі кезеңге тап келгенін, бірақ барлық қажетті талаптар орындалғанын айтты.

Достастық аясында жоспарланған шараның бәрі өтті. Бұдан бөлек, таяуда Астанада ТМД елдерінің шығармашыл және ғылыми зиялы қауымының Х мерейтойлық форумы өтеді. Ал Душанбеде ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысы болады. Осы шаралармен Қазақстанның Достастықтағы төрағалығы аяқталады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Шара барысынша А.Лукашенко Қазақстан Президентіне Беларусьтің мемлекеттік наградасы – «Халықтар достығы» орденін тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бай жұмыс тәжірибесін пайдалана отырып, ТМД-ның қалыптасуы мен дамуы үшін өте көп жұмыс атқарды, еуразиялық ықпалдастық идеясы да оған тиесілі. Осының бәрі халықтар арасындағы достықты нығайтып қана қоймай, елдеріміздегі адам тұрмысын жақсарта түседі,  – деді Беларусь Президенті.

***

ТМД Мемлекеттері басшылары кеңесінің отырыс қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

– ТМД Мемлекеттері басшыларының Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдығына байланысты мәлімдемесі;

– ТМД Мемлекеттері басшыларының халықаралық терроризмге қарсы күрес туралы мәлімдемесі;

– ТМД Мемлекеттері басшыларының Чернобыль АЭС-індегі апаттың 30 жылдығына байланысты үндеуі;

– ТМД-ға мүше мемлекеттердің төтенше жағдайларды ескерту және жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімі;

– ТМД-ға мүше мемлекеттердің 2020 жылға дейінгі әскери ынтымақтастық тұжырымдамасы;

– ТМД-ға мүше мемлекеттердің 2016 – 2020 жылдарға арналған сыртқы шекаралардағы  қауіпсіздікті нығайту саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің