Жаңалықтар

10 қыркүйек 2016
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Отбасы күніне арналған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты

Іс-шараны ашқан Г.Әбдіқалықова байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысушыларға арнаған Қазақстан Республикасы Президентінің құттықтау сөзін оқып берді.

«Әрбір отбасы біздің басты мақсатымыз – Болашағы біртұтас Мәңгілік ел болу жолында мемлекетімізді нығайта түсуге баға жетпес үлес қосады. Отбасылық құндылықтары бекем орныққан ел ғана мызғымас мемлекет бола алады. Бүгінгі мерейлі күнде шаңырағында ізгі қарым-қатынас, игі дәстүрлер сақталып, өзара сыйластық салтанат құрған барлық отбасыға ризашылығымды білдіремін», – делінген құттықтауда.

Салтанатты іс-шара аясында Мемлекеттік хатшы мәреге жеткен әр отбасыға грамота мен диплом және тұрмыстық техника сатып алуға арналған 300 мың теңгелік сертификат тапсырды.

Қыркүйектің 2-сі мен 9-ы аралығында интернет арқылы sms дауыс беру арқылы өткізілген конкурстың финалдық турында жеңімпаз отбасы анықталды. Ақтөбе облысынан қатысқан Нұсқабаевтар отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының 2016 жылғы лауреаты атанды. Отағасы – Ұлы Отан соғысының ардагері, ол 46 жыл бойы ауыл мектебінде ұстаздық еткен. Ерлі-зайыпты Нұсқабаевтардың шаңырақ көтергеніне 72 жыл толып, 10 бала, 30 немере, 22 шөбере сүйіп отыр. Балалары мен немерелері ел экономикасының түрлі саласында табысты еңбек етіп жүр.

Г.Әбдіқалықова жеңімпаз отбасыға естелік сыйлық пен шағын автобус кілтін салтанатты түрде табыс етті.

Марапаттау рәсімі Қазақстанның эстрада әртістерінің қатысуымен мерекелік концертке ұласты.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге іс-шараларға қатысу
Өзге іс-шараларға қатысу