National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Мемлекет басшысы Астана клубының үшінші отырысына қатысты

2017 жылғы 13 қараша

Елбасы Астана клубы Еуразия құрлығының болашағы үшін өзекті мәселелерді кең ауқымды сараптамалық деңгейде талқыға салатын бірегей өңірлік басқосу алаңы екенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев Астана клубының жұмысы аясында қазіргі заманның түйткілді мәселелерін шешудің тиімді жолдарын табуға болатынын айтты.

– Біз әлемге соңғы уақытта жетіспей жатқан нәрсені бергіміз келеді. Бұл дегеніміз – жаһандық міндеттерді шешу үшін бірігу, ауызбіршілік пен толеранттылық таныту, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы халықаралық терроризм мен экстремизмнің күшеюіне әкеп соқтыратын әлемдегі геосаяси және идеологиялық күйреудің белең алып келе жатқанын айтты.

– Жаһандық дамудың жаңа беталысы Шығыс – Батыс бағыты бойынша геосаяси, геоэкономикалық және геоидеологиялық күйреудің белең алуы жағдайында жүріп жатыр. Саяси қуғын-сүргін, жоқшылық, білім беру мен денсаулық сақтау деңгейінің төмендігі халықаралық терроризм мен экстремизмнің күшеюіне себепші болып отыр, – деді Елбасы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің қазіргі жүйесінде бірқатар мәселелердің бар екенін атап өтті. Бұл мәселелер әлемнің экономикалық және технологиялық кеңістігін бөле-жарып, қауіп төндіретін санкциялық текетіреспен байланысты болып отыр.

Қазақстан Президенті жаһандық шиеленістің күшеюіне әсер ететін милитаристік пиғылдың таралуын, қарулану үдерісінің артып келе жатқанын, сондай-ақ ядролық қаруды қолдану қаупінің қайта пайда болғанын айтты. Бұл ретте, халықаралық терроризм мен экстремизм апаттық ауқымға ие болғанын атап өтті.

– Үшінші мыңжылдық басталғалы террорлық актілердің де, қаза болғандардың да саны он есе өсті. 104 елде террорлық акт жасалды. Бұл – әлемнің тең жартысынан астамы. Географиясы мен ауқымы жағынан біз, шартты түрде айтқанда, үшінші дүниежүзілік соғыс – террорға қарсы соғыс жағдайындамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы соңғы 25 жылда әлемдегі халықаралық мигранттардың саны екі есе өсіп, бүгінде 250 миллион адамнан асқанын атап өтіп, бақылауға келмейтін жаһандық көші-қон мәселесіне назар аударды. Жаһандық деңгейде халық санының өсуі азық-түлік ресурстары тапшылығын өзекті мәселелер қатарына қосуда.

Қазақстан Президенті аталған мәселелерді шешу үшін Еуразия құрлығы қауіпсіздік, экономикалық өсім мен диалог саласында біріктіруші күн тәртібін ұсына алатынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол», Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымының экономикалық өлшемі бастамаларын, «Нұрлы жол» бағдарламасын және басқа да жобаларды іске асыру Еуразия құрлығының жаңа геоэкономикалық кескіндемесін жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Соңында Мемлекет басшысы жиында болған пікірталас орнықты жаһандық даму мақсатында әрі қарай нақты шешімдер қабылдау үшін септігін тигізетініне сенім білдірді.

Жиын соңында Қазақстан Президенті достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстарды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Первый канал» акционерлік қоғамының бас директоры К.Эрнстті ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің