Жаңалықтар

24 қараша 2014
Нұрсұлтан Назарбаев пен Милош Земан Қазақстан-Чехия бизнес-форумының ашылуына қатысты

Іс-шараға энергетика, медицина, машина жасау, химия және өзге де салаларда жұмыс істейтін 70 шақты чех компаниясы өкілдері қатысты.

 

Іс-шараға энергетика, медицина, машина жасау, химия және өзге де салаларда жұмыс істейтін 70 шақты чех компаниясы өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы Қазақстан жетістігінің символы саналатын Астанада өтіп жатқан бизнес-форумға келген чех іскерлеріне ыстық ықыласын білдірді.

– Бұған бұрынғы бизнес-форумнан бері небәрі екі жыл өтті. Біздің ынтымақтастығымыз жалғасып, тауар айналымы, әсіресе чех машина жасау өнімдерінің импорты өсіп келеді. Өткен жылы оның көлемі 450 миллион доллар болды. Қазақстан экономикасына 2005 жылдан бері салынған Чехияның тікелей инвестицияларының көлемі 200 миллион долларға жетті. Чехия – біздің маңызды серіктесіміздің бірі, бұл ел арқылы бүкіл Еуропамен  жұмыс жүргізгіміз келеді, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев чех компанияларының қатысуына болатын бірқатар перспективалы бағыттар мен маңызды бастамаларды, соның ішінде индустрияландырудың екінші кезеңін, «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындықты, сондай-ақ өзінің жаңа Жолдауы – «Нұрлы жол» аясындағы ауқымды жұмыстарды атап өтті.  

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстанда қазіргі кезде еліміздің мүмкіндіктерін іскерлік және транзиттік-логистикалық хаб ретінде тиімді пайдалануға мұрсат беретін бірқатар көліктік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

Қазақстан Президенті түрлі салаларда келісімдер мен меморандумдарға қол қойылатын бизнес-форумның жемісті болатынына сенім білдірді.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев бұл кездесу екі елдің арасындағы іскерлік қарым-қатынастарды нығайтуға септігін тигізетінін айтты.   

Чехия Президенті Қазақстанның өзге елдерден айырмасы оның ресурстарын өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында және басқа салаларда заманауи технологиялық құрылымдар қалыптастыруға жұмылдырып отырғандығында екенін айтты.

– Бұл – қазірдің өзінде Қазақстанның Орталық Азияда бірінші орынға шығуын қамтамасыз етіп отырған дұрыс жол. Біздің елдеріміздің арасындағы тауар айналымы соңғы 10 жылда алты есе ұлғайды,  – деді М.Земан.

Чехия Президенті бизнес өкілдерін серіктестік байланыстарға көбірек тартуға мүмкіндік беретін ынтымақтастықты дамытудың жаңа бағыттары туралы әңгімеледі.

М.Земан сондай-ақ Қазақстан мен Чехия кәсіпкерлерінің бастамаларын ұдайы қолдап келе жатқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевға ризашылығын білдірді. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге іс-шараларға қатысу
Өзге іс-шараларға қатысу