Жаңалықтар

12 сәуір 2012
Бүгін Астанада Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусиннің төрағалығымен Президенттің «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» Жарлығын іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Кеңес жұмысына Президент Әкімшілігінің өкілдері, Үкіметтің, Конституциялық Кеңестің мүшелері, министрліктер мен ведомстволардың, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Президенттің Жарлығына сәйкес барлық құқық қорғау органдарының жеке құрамынан 110 мыңға жуық адам аттестаттаудан өтеді.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары аттестаттау комиссиясы туралы Ереже бекітілді, олар 449 адамды аттестаттаудан өткізеді.

Аттестаттаудың мақсаты – құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби дайындық деңгейін және олардың қазіргі заманғы талаптарға сәйкестігін анықтау, органдарды моральдық-адамгершілік қасиеттері төмен және жемқорлық әрекеті арқылы жалпы мемлекеттің беделін түсіретін біліксіз қызметкерлерден тазарту.

Аттестаттауды өткізу ережесіне сәйкес, елімізде құрамында 500-ден астам адам болатын 90-нан аса аттестаттау комиссиялары құрылатын болады.

Барлық комиссия құрамына Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің, жұртшылықтың, партиялардың, ардагерлер ұйымдары мен БАҚ өкілдері кіреді.

Аттестаттаудан өткен тұлғалар туралы жұртшылық пікірін ескеру үшін Президенттің ресми сайтында арнайы айдар ашылады.

Кезектен тыс аттестаттау туралы барлық жұмыстар үш кезең бойынша жүргізіліп, ағымдағы жылдың соңында аяқталады.

Бірінші кезеңде (2012 жылғы мамыр-маусымда) Жоғары аттестаттау комиссиясында аттестаттаудан өтуге жататын қызметкерлер аттестацияланады. Бұлар құқық қорғау органдары басшыларының орынбасарлары, ведомстволар мен аумақтық бөлімшелер басшылары, сонымен қатар олардың орынбасарлары, жоғары оқу орындары басшылары мен орталық аттестаттау комиссияларына кандидаттар.

Екінші кезеңде (2012 жылғы маусым-тамызда)  орталық аттестаттау комиссияларында аттестаттаудан өтуге жататын қызметкерлерді аттестаттау өткізіледі. Бұл адамдардың тізімін тиісті құқық қорғау органының басшысы анықтайды. Олардың қатарында – өңірлік аттестаттау комиссиясына кандидаттар бар.

Үшінші кезеңде (2012 жылғы маусым-қарашада) өңірлік аттестаттау комиссиялары аумақтық органдардың жеке құрамын аттестаттаудан өткізеді.

Желтоқсан айында Мемлекет басшысына өткізілген аттестаттау қорытындысы туралы баяндама әзірленеді.

Кеңес барысында Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин тоқталып өткендей, кезектен тыс аттестаттауларды ұйымдастыру және өткізу барысында формальдылыққа,  біржақтылыққа, тамыр-таныстыққа жол бермеу аса маңызды. Әр қызметкердің құқықтары сақталуына кепілдік бере және әрқайсысына дербес тұрғыдан келуді қарастыра отырып, барлық процедуралардың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету қажет. А.Мусин кеңеске қатысушылардың назарын кезектен тыс аттестаттаудан Қазақстан азаматтары не күтетініне аударды. Ең алдымен, бұл құқық қорғау органдарының жеке құрамын білікті, адал, өз мамандығын сүйетін қызметкерлермен, адамның құқығы мен заңды мүдделерін жоғары деңгейде қорғауға қабілетті өз елінің патриоттарымен сапалық тұрғыда жаңарту.

Жиын барысында атап өтілгендей, аттестаттаудың маңызды мақсатының бірі – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жаңа буынын даярлауға тың серпін беру.

Бұл міндетті орындау мораль нормаларына, адамгершілікке және транспаренттілікке негізделген жұмыс қағидаттарын кеңінен таратуға септігін тигізетін болады.     


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар