Жаңалықтар

27 сәуір 2012
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандық жол: тұрақтылық, бірлік, жаңғыру» атты күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясын өткізді.

Сессия жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, саяси партиялар, діни конфессиялар, дипломатиялық миссиялардың басшылары, сайлауды бақылау жөніндегі қоғамдық комиссия өкілдері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

Мемлекет басшысы өз баяндамасында, тұрақтылық, бірлік, жаңғыру - қазақстандық қоғамның негізгі құндылықтары деп атап көрсетті.

«Тұрақтылық – Тәуелсіз Қазақстанның дамуының базалық шарты болды және бола береді. Қазақстандық тұрақтылық – бұл 700-ден астам жаңа мектеп, 750-ге жуық жаңа емхана, аурухана мен медициналық орталықтар. Бұл жаңа пәтерлер мен үйлерде қоныс тойын тойлаған бір жарым миллион қазақстандықтар. 2020 жылға дейін біз бір жарым миллион қазақстандықты жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз. 2014 жылға дейінгі Индустрияландыру картасы бойынша 100 жаңа өндіріс орны ашылатын болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы «Бизнес-2020» Жол картасы табысты орындалып жатқанын ерекше атап өтті. Кәсіпкерлікті мемлекет қолдайтын мұндай бағдарлама әлемнің ешбір елінде жоқ. Өзге маңызды жоба - «Халықтық-ІРО» бағдарламасы. Сондай-ақ Қазақстан Президенті отандық денсаулық сақтауды дамытуға тоқталды. Ең заманауи жабдықтармен жабдықталған пойыздар арқылы 200-ден астам шалғайдағы елді мекендердің 100 мыңнан астам тұрғындарына медициналық көмек көрсетілді.

«Жалпы, бүгінде қазақстандықтардың 87 пайызы тұрақтылықтың арқасында әлеуметтік көңіл-күйлері жақсы және болашаққа деген сенімдері жоғары екенін атап өткен. Қазіргі уақытта күллі елім жаһандық дағдарыстың жаңа толқынын алаңдаушылықпен күтуде. Тіпті, дамыған елдерде экономикалық қиыншылықтар туындауда, әлеуметтік шығыстар қысқартылуда, мемлекеттік қарыз өсе түсуде. Ал біз Қазақстанда жаңа зауыттарды, фабрикаларды ашудамыз, шағын несиелер берудеміз, зейнетақы, жәрдемақы мен еңбекақы көлемі артуда. Бұл - кез келген жаһандық дағдарысқа дайындық», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Біздің қоғамымыздың басты құндылығы – қазақстандықтардың бірлігі болып табылады. Бұл Қазақстанның алға қадам басуының баға жетпес кепілі.

«Бүгінде қазақстандықтардың 92 пайызы елдегі этносаралық жағдайды жоғары бағалайды. Барша қазақстандықтардың мақсат-мүддесі ортақ. Оны болып өткен президенттік және парламенттік сайлаулардың нәтижелері тағы да айқын көрсетті. Сайлаушылардың басым көпшілігі «Нұр Отан» партиясын қолдады. Қазақстандық бірліктің негізі – азаматтардың құқығы мен бостандығының теңдігі. Бүгінгі күні біздің қолданыстағы заңнамамызға сәйкес Қазақстанда сөз бостандығы толық көлемде қамтамасыз етілген. Бұл саладағы істің жағдайы ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ сынды әріптестерімізден әлдеқайда жақсы. Шындығында, біз баспасөз қызметін қамтамасыз етуде еуропалық стандарттарға едәуір жақынбыз», - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Жаңғыруды Қазақстан Президенті жаһандық дамудың императиві ретінде атады. Бүгінде әлемде экономиканың дамуы, адамдардың өмір сүру деңгейі жақсаруы үшін адамзат алдына таңғажайып мүмкіндіктер ашатын технологиялық революция пісіп жетілуде. Барша қазақстандықтарға индустриалық-инновациялық даму, әлеуметтік жаңғыру, өңірлік және жаһандық ықпалдастықтың тарихи тағдыршешті міндеттерін түсіну маңызды.

«Бүгінде кез келген қазақстандық этностық немесе діни ұстанымына қарамастан өз елінің тең құқылы азаматы саналады.  Қазақ халқы мен мемлекеттік тіл - дамып келе жатқан қазақстандық азаматтық қоғамды біріктіруші ядро ретінде ықпал ететін болады. Бұл үдеріс объективті түрде жүргізілуде. Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының 70 пайызы қазақ тілінде жарық көреді. Қазақ тілінде білім беретін мектептерде оқып жатқан оқушылардың саны 63 пайызды құрайды. Біз 2020 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруіне қол жеткізу міндетін қойдық. Мен тіл туралы мәселе саясат мәселесі емес екенін бірнеше рет айттым. Конституцияның және тиісті заңдардың қабылдануымен саяси шешім әлдеқашан қабылданған. Тіл туралы мәселе саяси саудагерлік құралы бола алмайды», - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, сессия барысында ҚХА мүшелері мен сессия қонақтары сөз сөйледі. Атап айтқанда, Астана қаласындағы «Злата» болгар этно-мәдени орталығының жетекшісі О.Андриевская бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы стратегиялық міндеттерді шешуге атсалысатын әлеуетті қоғамдық институт екендігін айтты.

«Ал Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылында ең қарқынды дамыған елдердің қатарына қосылды. Әлеуметтік саясат нығаюда, жүздеген білім мен медициналық мекемелер салынды. Оның жарқын мысалы - өткен жылы ғана еліміз бойынша 1600-ден астам мектепке дейінгі балалар мекемелері ашылды. Бүгінде өз азаматтарын емдеуге орасан бюджеттік қаражат бөліп отырған бірде-бір ел жоқ. Біз мұны мақтан тұтамыз. Қазақстан XXI ғасырда этносаралық қатынастарды тиімді басқара алатын, бейбітшілікке, келісімге және онда тұрып жатқан этноастардың достығына қол жеткізе алатын мемлекетке айналғанын нақты дәлелдеді», -  деді О.Андриевская.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Қарағанды облысындағы ғылыми-сараптама тобының төрағасы В.Б.Молотов-Лучанский біздің еліміз қиын жылдардың өзінде жағдайдың шиеленісіп кетуіне жол бермегенін айтып өтті.

«21 ғасырдағы Қазақстан – бейбітшіл ел. Әлемнің көптеген елінде өндіріс тоқтап жатыр. Ал бізде тек соңғы екі жыл ішінде 400 жаңа индустриялық жоба іске қосылды. Этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі үлкен қызығушылық тудырып отыр. Тек 2011 жылы Ассамблеяға 16 мемлекеттің өкілдерінің келуі соның айқын дәлелі болып табылады», - деді В.Молотов-Лучанский.

«LADE» (Чехия) білім дамыту халықаралық қауымдастығының президенті Л.Шейко Қазақстанда адам дамуы үшін барлық жағдай жасалғанын, адамға, оның болашағына көңіл бөлінгенін атап көрсетті.

«Қазақстанның 20 жыл ішіндегі тәжірибесі орасан зор. Әлем Сіздердің елдеріңіздің даму қарқынына қызығушылықпен қарайды. Мен Білім дамыту халықаралық қауымдастығын басқарамын. Білім толеранттық танымды қалыптастыруға тікелей байланысты. Жаңа қазақстандық білімнің, озық инновациялық ойлаудың символы Назарбаев Университеті болып отыр. Бүгінде бұл жайында Қазақстаннан тыс жерлерде, соның іщінде Еуропада көптен бері біледі. Таяу болашақта Чехия, Франция, Германия және өзге де елдердің студенттері осындай тамаша жоғары оқу орнында оқуды абырой санайтынына сенемін», - деді Л.Шейко.

Одан кейін, жазушы С.Елубай сөз алып: «Сіз «Бірлік бар жерде тірлік бар» деумен келесіз. Осы сұңғыла саясат арқасында Тәуелсіз Қазақстан өз тарихында ұлтаралық қақ-соқтардан аман өтті. Қазақстан халқы Ассамблея шаңырағы астына бірікті, қазақ  ұлтының  төңірегіне топтасты. Ассамблея  жұмысына біз араласқан соңғы екі-үш жылдың өзінде бір сын сағаттар болды. Ассамблея мүшелері сол сындардан бір атаның баласындай абыроймен  өтті. Мәселе шешуде майталмандық танытты», - деп атап өтті.

Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің жол полициясының инспекторы Т.Буюкиди Қазақстанды тұрақтылық және тыныштық мекені деп атады.

«Бала кезімізде «Жерұйық» сөзінің мәнін түсіне бермейтінбіз. Енді мен оның мәнін білемін. Біз Қазақстанда ғана өзімізді бәрімен тең санаймыз, тек осы берекелі жерде ғана біз үшін бәріне жол ашық. Бүгін осы биік мінберден мен: «Қазақстанда тұрып жатқанымды мақтан етемін!» дегім келеді. Бұл менің Отаным, мен үшін ғажап мекен!», - деді Т.Буюкиди.

«Сұңқар» арнайы мақсаттағы отрядтың штурмовигі Б.Дүйсенов өз сөзінде азаматтардың қауіпсіздігі, аналар бен әкелердің тыныштығы, біздің балаларымыздың бақыты қамтамасыз етілгенін сеніммен айтты.

Семей қаласындағы орыс әлеуметтік-мәдени орталығының төрағасы М.Панин Семей полигонын жабу және ядролық қарудан бас тарту туралы шешімнің маңызы зор болғанын ерекше атап өтті.

«Қазақстан өзін халқының санына қарамастан әлемнің дамуына белсенді ықпал етіп отырған мемлекет ретінде дәлелдеді. Бүгінде Қазақстан кез келген елге ядролық технологияны бейбіт мақсатта пайдалану құқығын мығым қорғай алады және «бейбіт атомға» жауапты қөзқарастағы қағидаттарды әзірлеу жөнінде көшбасшыға айналды», - деді М.Панин.

Сонымен қатар, сессияда «Желтоқсан-86» республикалық бірлестігінің төрағасы Г.Жүніс пен Қазақстан орыс, казак және славян бірлестіктері үйлестіру кеңесінің төрағасы Ю.Захаров сөз сөйледі.

Сессия соңында, Қазақстан Президенті 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесін мерекелеу аясында тәуелсіздікті, ұлттық бірлікті нығайтуға, мәдениетаралық диалог пен қазақстандық патриотизмді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін  ҚХА-ның бірқатар мүшелерін «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бiрлiк» алтын медалiмен» марапаттады.

Президент сөзінің толық мәтінін мына жерден қараңыз.

Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясы қатысушыларының ел азаматтарына үндеуін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар