Жаңалықтар

14 шілде 2017
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Беларусь Республикасына жұмыс сапарымен барды
Беларусь Республикасы

Биылғы 12-14 шілдеде болған сапары аясында Гүлшара Әбдіқалықова Беларусь Президенті Әкімшілігінің басшысы Н.Кочановамен кездесті.

Кездесуде өңіраралық деңгейдегі және сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Мемлекеттік хатшы Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 2017 жылғы қаңтар-сәуір айларында 160,4 млн доллар болғанын және оның 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда шамамен 76%-ға өскенін атап өтті.

Гүлшара Әбдіқалықова Беларусь тарапына Астанадағы Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесіне белсене атсалысып жатқаны үшін ризашылық білдірді.

Н.Кочанова мәртебелі мейманға сапармен келіп, «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өтетін «Әйелдер болашақ энергиясы үшін» атты халықаралық әйелдер форумына шақырғаны үшін алғыс айтты.

Сапар аясында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова елдер мен құрлықтарды біріктіретін ірі мәдени форум – «Славян базары» атты халықаралық өнер фестивалінің ашылуына қатысты.

***

«Славян базары» фестивалі 1992 жылғы шілде айында құрылды. Халықаралық фестиваль Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының гуманитарлық ынтымақтастығын іске асыруға, көркем мәдениет пен өнерді жандандыруға және оның дамуына септігін тигізетін ұзақмерзімді мәдени жоба болып саналады.

Қазақстан бұл іс-шараға белсене атсалысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. 2015 жылы аталған халықаралық конкурстың бас жүлдесін Димаш Құдайберген жеңіп алды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар