Жаңалықтар

17 қыркүйек 2017
Мемлекет басшысы жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарына қатысып жатқан Қазақстанның спорт делегациясымен кездесті

Кездесу барысында Қазақстан Президенті ұлттық құраманың дайындығымен танысып, Ашхабадқа спортшыларымызды қолдау үшін келгенін айтты.

– Мұнда ойындарға қатысып жатқан елдердің ең үздік спортшылары келіп отыр. Біздің құрамада да көптеген танымал чемпиондар бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысына Қазақстанның ұлттық құрамасының капитаны әрі осы ойындарда таэквондодан өнер көрсететін Нұрлан Мырзабаев алғыс білдірді.

– Ең алдымен, Сізге еліміздегі спортты дамытуға ұдайы қолдау көрсетіп отырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Мемлекетіміздің әлемдік спорт ареналарындағы барлық жетістіктеріне Сіздің қосқан үлесіңіз зор. Біздер – Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері Ашхабадта өтіп жатқан ойындарда төл туымыздың биікте жиі желбіреуі үшін бар күш-жігерімізді саламыз, – деді Қазақстан құрамасының капитаны.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет тарапынан елімізде спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалып жатқанын айтып, салауатты ұлт қалыптастыру үшін отандық атлеттеріміздің жетістіктері маңызды екенін атап өтті.

– Қазақстанның барлық өңірінде түрлі спорт нысандары салынуда, атлеттеріміз жоғары деңгейдегі сайыстарға қатысуда. Араларыңызда жетістіктерге жеткен әйгілі спортшылар бар. Біздің жастарымыз – дарынды. Жыл сайын спортта жаңа есімдер шығып жатыр. Жалпы, жас жеткіншіктер сіздердің жеңістеріңізге қарап, спортпен шұғылдануға ұмтылатын болады. Ол салауатты ұлт қалыптастырудың басты шарты болып саналады. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі болуларыңыз керек, – деді Қазақстан Президенті.

Танымал қазақстандық жеңіл атлет, Лондондағы Олимпиада ойындарының чемпионы және Пекин мен Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ольга Рыпакова сөз сөйлеп, Мемлекет басшысына алғыс айтты.   

– Жұмыс кестеңіздің тығыз екеніне қарамастан бізге қамқорлық пен қолдау көрсетіп жатқаныңыз үшін Сізге барлық спортшыларымыздың атынан зор алғысымызды айтуға рұқсат етіңіз. Сіз бізбен кездесіп әңгімелесуге, ақ тілегіңізді айтып, батаңызды беруге әрдайым уақыт табасыз. Біз өзімізді тек жақсы қырымыздан танытып, Сізді және барша қазақстандық жанкүйерлерді қуантуға барымызды саламыз, – деді Ольга Рыпакова.        

Соңында Мемлекет басшысы Қазақстандағы миллиондаған жанкүйерлер спортшыларымыздың табысты өнер көрсететініне сенімді екенін айтып, олардың жарысты сәтті бастап, айқын жеңіске жетуіне тілектестігін білдірді. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар