Жаңалықтар

30 қараша 2017
Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты
Беларусь Республикасы, Минск қаласы

Жиынға Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон қатысты.

Мемлекеттер басшылары осы ұйымның өткен кезеңдегі қызметін қорытындылап, таяу мерзімге арналған жоспарларын белгіледі, сондай-ақ, әлемдегі және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аймағындағы қазіргі ахуалды талқылады.

Қатысушылар Сирия дағдарысын реттеу тұрғысынан Астанадағы келіссөздер алаңының маңыздылығы мен тиімділігін атап өтті.

Отырыс барысында күн тәртібінің халықаралық өзекті проблемалары жөнінде сындарлы пікір алмасылды, Корей түбегіндегі жағдай мен Ауғанстан және Сириядағы ахуалдар тұрғысынан өңірлік қауіпсіздікті нығайту жөніндегі шаралар белгіленді, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті арттыру саласындағы шаралар айқындалды.

Қазақстан Президенті өткен кезеңде осы ұйымға жемісті төрағалық еткені үшін Беларусь тарапына ризашылық білдірді.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына алдағы төрағалығының бес бағыт бойынша басымдықтарын ұсынды. Соның қатарында бұл ұйымға мүше мемлекеттердің әскери саладағы өзара іс-қимыл жолдарын кеңейту, тәжірибелік әскери-техникалық ынтымақтастықты нығайту, ұйымның терроризмге қарсы күрес жүргізудің халықаралық жаһандық жүйесін қалыптастыруға атсалысуын қамтамасыз ету, ұйымға мүше мемлекеттердің киберқауіпсіздігіне төнген қатерлерге қарсы бірлесе әрекет ету, заңсыз есірткі айналымына қарсы тұру жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыру сияқты басымдықтар бар.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясын 2018 жылдың екінші жартыжылдығында Астанада өткізуді ұсынды.

***

Сессия қорытындысы бойынша төмендегі құжаттар қабылданды:

– Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының мерейтойлық декларациясы;

– Сирия ахуалы жөніндегі бірлескен мәлімдеме;

– ЕҚЫҰ-ның Минск тобы тең төрағаларының Таулы Қарабақтағы ахуалды реттеудегі бітімгерлік қызметін қолдау жөніндегі бірлескен мәлімдеме;

– Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттердің қорғаныс әлеуетін нығайту мәселесі бойынша бірлескен шаралар жөніндегі мәлімдеме;

– Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Хатшылығы мен Біріккен штабын құру жөніндегі шешім;

– Рәсімдік мәселелер жөніндегі бірқатар құжаттар.

Бұдан бөлек, басқосу аясында Ұжымдық қауіпсіздіктің 2025 жылға дейінгі стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді, сондай-ақ, Ақпарат саласындағы киберқауіп-қатерлерге қарсы тұру бойынша ынтымақтастықты нығайту мақсатымен ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі келісімге қол қойылды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар