Жаңалықтар

3 желтоқсан 2014
Елбасы Түрікменстан және Иран президенттерімен бірге «Өзен-Берекет-Гөрган» халықаралық теміржол магистралінің ашылу салтанатына қатысты
Акяйла (Түрікменстан) және Инчебурун (Иран) стансалары

Нұрсұлтан Назарбаев үш ел президенттерін теміржол құрылысының аяқталуымен құттықтады.

 

Акяйла стансасына келген мемлекет басшыларына «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» жаңа теміржол магистралі таныстырылды.

Мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесі барысында сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев үш ел президенттерін теміржол құрылысының аяқталуымен құттықтады.

– Біз жолдың қазақстандық бөлігін былтыр Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедовпен бірге салтанатты түрде іске қостық. Енді бұл магистраль үш елді жалғайтын болады, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы халықаралық магистральді іске қосу өңір экономикасы үшін жаңа перспективалар ашатынын айтты.

– Біздің мемлекеттерімізде өңірлік нарық пен Азия нарығына бағдарланған өндірістің маңызы артады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті біздің республиканың теміржолдары арқылы бүкіл өңір Ресеймен және Қытаймен экономикалық ынтымақтасу мүмкіндігіне ие болатынын еске салды. 

Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедов өз кезегінде жаңа теміржол магистралінің өңірдегі елдер үшін зор экономикалық және әлеуметтік мәні бар екенін айтты.

 – 7 жыл ішінде орасан жұмыс атқарылды. Енді бұл жол тату көршілестік пен достық қарым-қатынастардың өркендеуі мен нығаюына қызмет ететін болады, – деді Түрікменстан Президенті.

Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани өңір елдерінің арасында ынтымақтастықты жолға қоюдың, өзара сауданы дамыту үшін қажетті жағдай жасаудың өзектілігіне тоқталды.

 – Үш елдің арасында коммуникацияларды дамыту қажет. Бұл теміржол үш мемлекетті ғана жалғастырып қоймайды, сонымен қатар Парсы шығанағына, Ресей мен Қытайға шығар жолды қамтамасыз етеді, – деді Хасан Рухани.

Бұдан кейін Түрікменстан мен Иранның шекарасында үш ел президенттерінің қатысуымен түйістіруші «алтын төсемді» қою рәсім өтті.  

Ал Иран тарапына өткеннен кейін мемлекет басшылары үшжақты кездесу өткізіп, оның барысында жаңа көлік магистралінің стратегиялық маңызын атап көрсетті.

Тараптар сондай-ақ көліктік-логистикалық әлеуетті дамыту, жаңа  автомобиль жолдары мен теміржолдар құрылысын, логистикалық орталықтар салу саласындағы тың бастамаларды талқылады. Сонымен бірге шекаралас аймақтардағы ынтымақтастықты дамыту, еркін экономикалық аймақтар құру және инвестициялық ықпалдасу мәселелері қарастырылды.

Мемлекет басшылары сауданы жандандыру бағыттарын анықтайтын, сондай-ақ көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылдың болашағын зерделейтін жұмыс тобын құруға уағдаласты.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан, Иран және Түрікменстан Президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп, оның барысында үш елдің арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық аясын кеңейту қажеттігіне сенімді екендіктерін білдірді.  

Қазақстан Президенті заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі іс-қимылдың өзектілігін атап өтті.

– Біз бүгін біздің үш ел мен Қытай арқылы Тынық мұхитқа дейін іс жүзінде жаңа Жібек жолын салдық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» жаңа теміржол  магистралі қазірдің өзінде экономикалық тиімділік әкеліп отырғанын және өзара саудадағы қажеттілікті өтеуге қабілетті екеніне де тоқталды.

–Қазақстан былтыр Иранға 1 миллион тонна бидай жеткізді, ал Парсы шығанағының қажеттілігі 9-10 миллион тоннаны құрайды. Біз болат, минералды тыңайтқыш, өзге де қазақстандық өнімдерді жеткізгелі отырмыз. Тиісінше  Түрікменстан мен Ираннан қажетті тауарлар аламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.      

Сондай-ақ Қазақстан Президенті біздің ел Иран мен Түрікменстанға теміржолға арналған машиналар жасау саласындағы отандық өнімдерімізді, соның ішінде тепловоздар, жүк және жолаушы вагондарын жеткізу туралы ұсыныс енгізгенін мәлімдеді.

Соңында үш мемлекеттің басшылары жаңа теміржолдың іске қосылуы бүкіл өңірдің дамуына оң ықпалын тигізетінін атап айтты.  


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар