National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев саммиттердің болашағы жөніндегі бейресми пленарлық сессияға қатысты

2014 жылғы 25 наурыз

 

Өз сөзінде Қазақстан Президенті форумның болашағына қатысты пікірін білдірді.

– Әлемдік қоғамдастық мүшелерінің көпшілігі қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптер алдында біздің жұмысымыздың 2016 жылдан кейін де жалғасуы үшін қолдау көрсетеді деп үміттенемін. Қазақстан мұндай шешімді қолдауға дайын. Жоғары деңгейдегі кездесулерді араға 4-5 жыл салып өткізіп тұруды ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев мұндай тәжірибенің жалғасу қажеттігінің бірқатар маңызды себептерін атап өтті. Осы орайда, Мемлекет басшысы әлемде атом энергетикасының «қайта өрлеуі» байқалып отырғанына тоқталды.

– Бұл үдеріс сезімтал технологиялар мен материалдарға, ядролық терорризм қауіп-қатерінің артуына байланысты қатерлердің ұлғаюына әкеліп соғуы мүмкін. Мұндай күрделі жағдайларда өткен саммиттер барысында пайда болған саяси серпінді сақтаған жөн, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев бұдан бұрынғы самиттерде алға қойылған мақсаттар мен міндеттер жеткілікті деңгейде іске асырылмағанына тоқталды. Осыған байланысты ұлттық заңнамаларды одан әрі жетілдіру және ядролық қауіпсіздік саласындағы негізгі көпжақты тәсілдерді әмбебаптандыру қажет.

Қазақстан Президенті әлемде қару-жарақпен жабдықтауда және әскери технологиялардың өзге де салаларында қолданылып отырған ядролық материалдардың орасан қоры бар екеніне назар аударды.

– Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа кірмеген ядролық материалдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық тәсілдерді әзірлеу қажет. Бұл жаһандық қауіпсіздікті нығайту түйткілдерін кешенді түрде шешуге септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұған қоса, Мемлекет басшысы орнықты даму мақсатындағы қосымша сенімді энергия көздеріне деген қажеттіліктің жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.

– Біз өзінің қуаттылығы және тиімділігі жағынан атом энергиясынан асып түсетін жаңа энергия түрлерінің ашылу қарсаңында тұрмыз. Міндет – оларды барынша қауіпсіз және қолжетімді ету, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында әлемдік қоғамдастықтың басты назарын аударуды қажет ететін тағы бір бағыт ретінде Нұрсұлтан Назарбаев жаңа ядролық технологияны дамыту және түрлі салаларда енгізу кезіндегі нақты қауіпсіздікті атап көрсетті.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің