National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Мемлекет басшысы Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттерінің басшылары отырысының қорытындысы бойынша бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді

2018 жылғы 24 тамыз

Қазақстан Президенті журналистер мен ресми делегациялар мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде Түрікменстан Президентіне дәстүрлі қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

– Бұл кездесуіміздің әлемнің барша мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт мерекесінен кейін өткізілуінің символдық мәні зор. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бауырлас халықтарға бақ-береке, бейбіт өмір, амандық тілеймін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Арал дағдарысы адамзат тарихындағы ең ірі экологиялық апаттардың бірі болып саналатынын атап өтіп, 50 жыл ішінде теңіздің аумағы 9 есе кеміп, су көлемі 30 есе азайғанын айтты.

– Жыл сайын Арал теңізінің кеуіп қалған ұлтанынан желмен бірге 80 миллион тонна улы тұз көтеріледі. Бұл тұз шаңды дауылмен Батыс Еуропадан Гималайдың шыңдарына дейін мыңдаған шақырымға таралып, адамдардың денсаулығына және елдеріміздің экологиялық жүйесіне зардабын тигізуде, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Арал аймағының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған Халықаралық Аралды қорғау қорының құрылтайшы мемлекеттерінің күш-жігерін қолдау үшін тараптардың осы проблемамен айналысатын дүниежүзілік қоғамдастыққа, Біріккен Ұлттар Ұйымына, барлық Қорлар мен банктерге жүгінгені жөн деп тапқанын атап өтті.  

– Біз өз тарапымыздан Қордың жұмысын жетілдіруге уағдаластық. Барлық мәселелерді, соның ішінде ескірген шешімдерді, сондай-ақ Қордың барлық басқарушы және атқарушы органдарының қызметін талдау мәселесін шағын құрамда ашық талқыладық, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы су шығынын 50-60 пайызға қысқартып, өнімділікті 4-5 есе арттыратын тамшылатып суару сияқты заманауи технологияның және суаруға қолданылатын суды үнемді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.

– Заманауи ғылыми ұстанымдарға негізделген өте маңызды ұсыныстар болды. Мысалы, экологиялық жағдайды жақсартуға септігін тигізетін әрі ауыл шаруашылығында малға жем дайындаудың көзі бола алатын, сондай-ақ тұздың көтерілуін болдырмайтын, тұзға төзімді жасыл көшеттер отырғызу мәселесі айтылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті ұсыныстардың бәрі саммиттің коммюникесінде бекітілгеніне тоқталып, түрікмен тарапы барлық ұсыныстарды жинақтайтынын, ал атқарушы комитет алдағы іс-қимылдардың нақты жоспарын әзірлейтінін атап өтті.    

Жиын соңында Мемлекет басшысы тараптардың су шаруашылығы, өңірдің су-энергетикалық және экологиялық аспектілері жөніндегі ұстанымдарын жақындастыру мәселелерін егжей-тегжейлі талқылағанын атап өтіп, Қазақстан өткен келіссөздердің нәтижелерін жоғары бағалайтынын айтты.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің