National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Республикасына ресми сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді

2017 жылғы 29 қараша

Мемлекет басшысы Беларусь Республикасына ресми сапары аясында өткен келіссөздерді қорытындылады.

Қазақстан Президенті берік әріптес саналатын екі ел арасындағы қарым-қатынастардың ашық әрі сенімді сипаты бар екенін айтты.

– Бүгінде біздің арамызда өзара оңтайлы шешімі табылмаған мәселе жоқ. Біз екіжақты күн тәртібінің кең ауқымды мәселелерін қарастырдық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Александр Лукашенко екіжақты қарым-қатынас және интеграциялық бірлестік тұрғысынан стратегиялық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

– Біз 25 жыл ішінде жай дос қана емес, сондай-ақ стратегиялық, экономикалық серіктеске айналдық. Қазақстан біз үшін екіжақты байланыстар тұрғысынан да, интеграциялық бірлестіктер мен халықаралық ұйымдар аясында да маңызды әрі уақыт сынынан өткен одақтас, – Беларусь Президенті.

Қазақстан Президенті келіссөздер барысында сауда-экономикалық саладағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше мән берілгенін атап өтті.

Мемлекет басшысы БАҚ өкілдеріне биылғы 9 айда елдеріміз арасындағы тауар айналымының көлемі 60 пайыздан астамға артып, 441 миллион АҚШ долларын құрағанын айтты.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев екі ел үкіметтері еуразиялық интеграция әлеуетін ескеріп, өзара сауда-саттық жасау барысында пайдаланылмаған резервтерді тартуды жандандыру қажет екенін атап өтті.

– Мен біздің сауда номенклатурамызды кеңейту бағытында жұмыс істеуді ұсындым. Өнеркәсіп кооперациясын нығайтуға және екіжақты сауда-саттық көлемін арттырудың нақты деректеріне айрықша мән берілді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы комбайн, трактор, сондай-ақ карьерлік, жүкті өзі аударатын, тіркемелі және басқа да техникалар шығару жөніндегі бірлескен кәсіпорындар қызметінің тиімділігін арттыру қажеттігіне ерекше тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқанын айтып, көлік-транзиттік өзара іс-қимылдың зор мүмкіндіктері бар екеніне назар аударды, сондай-ақ оның аясын кеңейту орынды екенін атап өтті.

– Соңғы алты жыл ішінде Қазақстан мен Беларусь арқылы тасымалданатын Қытай мен Еуропа арасындағы жүк көлемі 100 есеге жуық артты. 2018 жылы бұл көлем екі есе өседі деп күтілуде. Біз осы саладағы Астана мен Минскінің ынтымақтастығы жөніндегі одан әрі іс-қимылдарын белгіледік, – деді Қазақстан Президенті.

Беларусь Президенті ІТ-технологиялар саласындағы екі ел ынтымақтастығының перспективалы екенін айтты.

– Бұл сапар екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастады. Инновациялар мен жоғары технологияларға мән бере отырып, өзара капитал салу оның басты ерекшелігі болып табылады, – деді Александр Лукашенко.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев өткен келіссөздер барлық ауқымды өзара іс-қимыл бойынша Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастықтың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

***

Қазақстан Президентінің Беларусь Республикасына ресми сапары аясында мынадай құжаттарға қол қойылды:

– Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы Әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық туралы шарт және 2026 жылға дейінгі ынтымақтастық бағдарламасы;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Өнеркәсіптің қорғаныс салалары ұйымдарының өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациясы туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2018-2019 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспары;

– Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Беларусь Республикасының Спорт және туризм министрлігі арасындағы Дене шынықтыру және спорт саласындағы 2018-2019 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;

– Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Беларусь Республикасының Мәдениет министрлігі арасындағы Мәдени ынтымақтастық жөнінде өзара түсіністік туралы меморандум;

– Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен Беларусь Республикасының Ұлттық ғылым академиясы арасындағы Ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы шарт.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің