Жаңалықтар

22 желтоқсан 2014
Украинаға сапардың қорытындысына арналған бірлескен брифинг
Киев қ, Украина

 

Брифинг барысында Қазақстан Президенті Украина біздің еліміздің экономикамен қатар саясаттағы жақын серіктесі болып саналатынын айтты.

Мемлекет басшысы келіссөздер барысында Украинаға Екібастұз көмірін жеткізу туралы уағдаластық жасалғанына тоқталды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев П.Порошенконы Қазақстанға сапарлап келуге шақырды. Оның аясында бизнес форум да ұйымдастырылмақ.  

Украина төңірегіндегі ахуалға қатысты Қазақстан Президенті оқиғаның бұлай өрбитінін болжау қиын болғанын айтты.

– Бізге экономиканы көтеру орнына басқа мәселелермен айналысуға тура келді. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында ғажап табыстарға қол жеткізді. Мұның бәрі көп ұлтты елдегі татулық пен тыныштықтың арқасында мүмкін болды, Украинаға да соны тілеймін. Татулық пен тұрақтылық жағдайында ғана халыққа жақсы жағдай жасауға болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қалыптасқан ахуалдан шығудың жолдары бар екеніне тоқталды.

– Негізгі серіктес болып саналатын Ресеймен қарым-қатынасты қалпына келтіруге болады деп ойлаймын. Украина Еуропаға жақын, осыны ескере отырып, онымен қауымдасуын толық түсінуге болады. Мен үлкен әрі тәжірибелі адам ретінде Ресейді де, Украинаны да елдің аумақтық тұтастығын сақтай отырып, тығырықтан шығудың жолын іздеу үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Украина бұл жағдайдан нығайып шығады және әрдайым солай болғаны секілді қуатты елге айналады деп үміттенемін. Оның зор экономикалық әлеуеті бар, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев барлық тарап Минск уағдаластықтарын ұстанатынын атап өтті.

– Онда жазылған мәселелерді шешуге болады. Бұл ретте бәрі ұлттық азшылық құқығына тіреледі. 100-ден астам ұлт тұратын Қазақстанда түрлі этностардың ана тілінде оқытатын мектептер, ұлттық театрлар бар. Қазақстан халқы Ассамблеясы және оның қасында тіл үйренуге, мәдениет пен тарихты сақтауға септігін тигізетін 36 мәдени орталық жұмыс істейді. Бұл әлемдік тәжірибе, Украина мұны өз мемлекеттілігі аясында қолдануына болады. Жағдайдан шығудың жолы бар екеніне сенімдімін және оны тезірек пайдалану қажет, – деді Мемлекет басшысы.

П.Порошенко аяқталған келіссөздердің сындарлы әрі жемісті болғанына назар аударды.

– Сіздің сапарыңыз біздің экономикадағы ынтымақтастығымыздың негізгі бағыттарына жаңа серпін беретініне сенімдімін. Украинаның шығысындағы ахуалды ушықтырмау жөніндегі өзара ықпалдастық пен ұстанымдарды үйлестіру мәселелері жеке қаралды. Қазақстан халықаралық құқық нормаларын сөзсіз сақтау ұстанымында. Өзінің халықаралық беделін ахуалды реттеуге пайдаланып жатқан Қазақстан Президентіне ризамын, – деді  Украина Президенті. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар