Жаңалықтар

1 желтоқсан 2007
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев арнайы баспасөз мәслихатында Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне қатысты мәлімдеме жасады.

Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) барлық 56 мүшесінің Қазақстанның 2010 жылы осы Ұйымға төрағалық етуі туралы бірауыздан қабылдаған шешімін «Қазақстан үшін, тұтастай алғанда, бүкіл әлемдік қауымдастық үшін аса маңызды және оның мән-мазмұнын лайықты бағалау алдағы күннің еншісінде болып табылатын ерекше оқиға» деп атады.


- Қазақстан кешегі кеңестік елдердің ішінде, Прибалтиканы қосқанда, бірінші болып әлемдегі демократиялық үрдістерді дамыту басты мақсаты болып табылатын халықаралық беделді ұйымды басқару құрметіне ие болды. Мен мұны Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз, экономикасы қуатты және демократиялық мемлекет құрудағы және біздің еліміздің тек өз өңірінде ғана емес, әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке сіңірген айырықша еңбегін шынайы бағалағандық деп ойлаймын, - деді Қ.Саудабаев.


- «Қазақстан жолы» деп аталатын осы эволюциялық жол бүгінде халықаралық қоғамдастықтың құрметті әрі беделді әріптесіне айналған Қазақстанның кеңестік империядағы жартымсыз жарықшақтан экономикалық қуатты және серпінді дамып келе жатқан демократиялық мемлекет боп орнығуына мүмкіндік туғызды. Қазақстан жолы қазірдің өзінде әлемнің құрметтеуге тұрарлық ақпараттық сараптамалық орталықтарында зерттеу нысанына айналып келеді, - деп атап көрсетті ҚР Мемлекеттік хатшысы.


Қ.Саудабаев осы жарқын жеңістің авторы «қазіргі Қазақстанның негізін қалаушы, әлемдік ауқымдағы аса зор көшбасшы» тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев болып табылатынын атап өтті. Тәуелсіздіктің осы жылдары ішінде нақ Н.Назарбаев елімізді бұралаң бұлтарысқа, бей-берекеттік пен берекесіздікке жол бермей, сенімді түрде дәйектілікпен қазіргі биіктерге бастап келді.


- Біз ел Президентінің бастамасымен биылғы жылы жүзеге асырылған аса маңызды ішкі реформалардың арқасында, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуымызда Қазақстанның көшбасшылығын берік бекітіп берген 2007 жылды осындай күшті халықаралық табыспен аяқтап отырғанымыздың өзіндік мәні бар, - деп мәлімдеді Қ.Саудабаев.


Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаев журналистердің сұрақтарына жауап берді.


Мемлекеттік хатшының мәлімдемесін мына жерден қараңыз.


Баспасөз мәслихатының стенограммасын мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар