Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

27 наурыз 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада шет елдерде және елімізде еңбек етіп жүрген қазақстандық жас ғалымдар мен менеджерлердің бір тобымен кездесті.

Кездесу барысында ғылымды реформалау, жас ғалымдарды қолдау, инновациялық экономиканы дамыту, ғылымды басқарудың моделін қалыптастырудағы шетелдік озық тәжірибелерді қолдану мәселелері жөнінде пікір алмасулар болды.


- Бүгінгі таңда жан-жақты дамыған ғылымсыз өркениетті елдердің қатарына қосылу мүмкін емес екені жалпыға белгілі ақиқат. Сіздер – сол ғылым әлемінде бақ сынап жүрген жас ұрпақтың өкілдерісіздер. Турасын айтсақ, сіздердің болашақтарыңыз – елдің болашағы. Сондықтан да мен еліміздің ертеңгі ахуалына жауап беретін мына сіздермен жүздесіп отырғаныма ризашылығымды білдіремін. Алдымызға қойып отырған бұл міндеттер аса ауқымды. Ол үшін бәрімізге үлкен күш-қайрат, ерік пен жігер керек. Ең бастысы білім мен ғылым керек. Ел экономикасының өзегі білім мен ғылымға негізделуі тиіс. Сонда ғана ойлағанымыз орындалып, көздеген мақсат үдесінен шығарымыз кәміл, - деді Елбасы кездесудің ашылуында.


- Біз ғылыми-инновациялық салада серпіліс жасап, еуразиялық кеңістікте осы саланың көшбасшылардың бірі болуымыз керек, - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.


Президент қазіргі уақытта елімізде ғылымды басқарудың жаңа моделі қалыптасып отырғанын атап өтті. Оның маңызы ғылыми мекемелерді қаржыландырудан перспектикалы ғылыми-зерттеу жобаларын басқаруға көшу болып табылады.


Отандық ғылымды дамыту аясында еліміздің Премьер-министрі басқаратын Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның мәртебесі көтерілді. Бүгінгі таңда аталған комиссия жанынан құрамына Қазақстанның және шетелдің жетекші ғалымдары кіретін Халықаралық сараптамалық кеңес құрылуда. Негізгі міндеті іргелі зерттеулерді қолдау болып табылатын Ғылым комитеті құрылды. Ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге бағытталған және экономикалық нәтиже беруге қабілетті тәжірибелік-конструкторлық зерттемелерді қаржыландырып отыратын Ғылым қоры құрылды. Қазақстанда таяудағы бес-алты жылда қазіргі заманғы құралдар-жабдықтармен жабдықталған ашық түрдегі бес ұлттық зертхана ашылмақ. Сондай-ақ, ҚазҰТУ, ҚазМҰУ, ҚБТУ, ЕҰУ жанынан оннан аса зертхана және бірқатар аймақтық университтер ашу туралы шешім қабылданған. Оларды жабдықтауға 2007 жылғы бюджеттен 2 миллиард теңге қаржы бөлінді.


Астанада әлемдік стандарттарға сай болатын жаңа Ұлттық биотехнологиялық орталықтың құрылысы басталды.


Тұтастай алғанда, соңғы жылдары Қазақстан ғылымын қаржыландыру көлемі жеті есеге артты. 2010 жылға қарай ғылым саласына бөлінетін қаржы ІЖӨ-нің 2 пайызын құрамақ. Осылайша Қазақстан ғылымын қаржыландыру көлемі әлемдегі дамыған елдердің ғылым саласына бөлетін қаржысының деңгейіне жетеді.


Елбасы өзінің сөйлеген сөзінде ғылым саласындағы кадрлардың сапасын арттыру қажеттігіне көңіл бөлді.


- Экономикадағы табыстар мамандардың біліміне, кәсіби сапасына қатысты болатыны ежелден белгілі қағида. Сондықтан біз тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті жаңа кадрларды дайындау мәселесін шешуіміз қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Кездесуде Франциядағы Густав Рози институты зертханасының меңгерушісі Мұрат Сапарбаев, Санкт-Петербург қаласындағы Экономика және құқық аймақаралық институтының ректоры Ерлан Ысқақов, АҚШ-тың Болдер қаласындағы Стандарттау және технологиялар ұлттық институтының ғылыми қызметкері Жандос Өтеғұлов, Мәскеу қаласындағы Физикалық-химиялық медицина институтының зертхана меңгерушісі Қуат Момынәлиев, Техас университетінің (АҚШ) жетекші ғылыми қызметкері Рүстем Омаров, Президент Әкімшілігі Ақпараттық-талдау орталығының бас инспекторы Гүлмира Қорғанбаева, Қазақстан Ұлттық биотехнологиялар орталығының бас директоры Ерлан Раманқұлов, Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының бас директоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Ербол Сүлейменов, «Қазақстан инжиниринг және трансферттік технологиялар орталығы» АҚ-ның вице-президенті Диас Мырзақожа, «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Әсел Нүсіпова сөз алып, қазақстандық ғылымды дамытуға қатысты пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.


Президент кездесуді қорыта келе, елімізге ғалымдарды тарту жөніндегі стратегиялық бағдарламаны жүзеге асыру басталғанын жария етті.


Бұл жұмыстың шұғыл сипат алуы қажеттігіне тоқталған Елбасы Үкіметке осы бағытты дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.


- Сіздер әлемнің ең үздік оқу орындарында білім алдыңыздар. Алдыңғы қатардағы зерттеу орталықтарында жұмыс істеп, Қазақстанның атын шығарып, мәртебесін көтеріп жүрсіздер. Қай тарапта жүрсеңіздер де Сіздерді біріктіретін ортақ бір мақсат болуы керек, ол – елге, халыққа қызмет ету. Талант пен азаматтық жауапкершілік тоғысқан кезде нағыз тұлғалалар пайда болады. Елді сүю өркениеттіліктің ең үлкен белігісі екенін естен шығаруға болмайды. Ел-жұрттарыңыздың сіздерге артар сенімі үлкен, үміті зор. Сол үмітті ақтайтындарыңызға сенімдімін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев кездесуге қатысушыларға арнаған сөзінде.


Мемлекет басшысы сондай-ақ тиісті органдарға Президент жанынан Жас ғалымдар кеңесін құру мәселесін жетілдіруді тапсырды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар