Жаңалықтар

15 наурыз 2011
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының тұрғын үй басқармасында кезекте тұрғандарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер кілттерін тапсыру рәсіміне қатысты.

02

03

03a

Рәсім астаналық Конгресс-холл сарайында өтті. Президент отбасында мүгедек бала тәрбиелеп отырған оралман Дорж Бейнбетке, ҰОС ардагерінің жесірі, зейнеткер Екатерина Надыроваға, әскери музыканттың отбасы Тимофей Рользингке, Астана қаласындағы Гуманитарлық колледжтің 4 курс студенті Эльмира Болғанбаеваға, Ә.Марғұлан атындағы №40 орта мектептің қазақ тілінің мұғалімі Болат Байқасовқа пәтер кілттерін тапсырды.

Жаңа пәтер иелері Қазақстан Президентіне тұрғын үй мәселесін шешуде оларға мемлекеттің қолдау көрсеткені, назар аударғаны үшін және келе жатқан мерекемен құттықтағаны үшін алғыстарын айтты.

Бұл күні «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен анықталған, әлеуметтік қорғалған азаматтар санатына жататын, барлығы 400 отбасы пәтер кілттерін алды. Олардың арасында: 19 - ҰОС қатысушылар мен мүгедектер, 33- ҰОС қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілетіндер, 10 - жетім бала, 46 – зейнеткер, 62 - 1 және 2 топтағы мүгедектер, 6 – мүгедек балалары бар отбасы, 8 - көп балалы отбасы, 3 – кейбір созылмалы ауру түрінен зардап шеккендер, 8 -  экологиялық апат, табиғи төтенше жағдайлар немесе техногендік сипат салдарынан баспанасынан айрылған азамат, 5 - мемлекеттік немесе қоғамдық міндетті, әскери қызметті орындау, адам өмірін құтқарып қалу, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасылары бар, ал 153 пәтер бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметшілерге берілді.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы өткен жылдар ішінде мемлекеттік саясаттың басты мақсаттарының бірі әрбір қазақстандық отбасыны жеке пәтермен немесе жеке меншік үймен қамтамасыз ету болғанын атап өтті.

- Тұрғын үй – жәй төрт қабырға мен басыңдағы баспанаң ғана емес. Ол одан да үлкен нәрсе. Бұл адамның өмір сүретін аумағы, өз балаларын өсіретін құтты шаңырағы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап мен барлық қазақстандықтар қолайлы және жайлы өмір сүрулері үшін үлкен үй ретінде біздің мемлекеттігімізді құруға ұмтылдым. Егеменді дамуымыздың жиырма жылы ішінде біз мұндай үйді тұрғыздық. Біз Қазақстан Республикасын халық үшін, халықтың игілігі үшін бәрін де жасайтын әлеуметтік мемлекет ретінде құрдық, - деп атап өтті Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономикалық дағдарыстың ықпалына қарамастан, мемлекет өзіне алған әлеуметтік міндеттемелердің барлығын мүлтіксіз орындап отырғанын атап өтті. Елдің экономикалық табыстарымен бірге адамдарға көмек көрсетудің жаңа мүмкіндіктері пайда болуда. Әр жыл сайын мемлекет бұл қолдауды барлық бағыттар бойынша кеңейтіп келеді. Қазақстандық денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамтудың нығаюымен қатар, халықтың әлеуметтік қорғалған санаты үшін тұрғын үй құрылысына ерекше назар аударылуда. Олар соғыс және еңбек ардагерлері, олардың отбасылары, мүгедектер, жетім балалар, көп балалы немесе толық емес отбасылар, бюджеттік мекемелердің қызметкерлері – дәрігерлер, мүғалімдер, мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметшілер. Төрт жүз отбасы өз тұрғын үйін астанадан бүгін алады. Бұл пәтерлерге жаңадан қоныстанушы азаматтар әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар қатарына жатады.

Бүгінде астананың құрылыс секторы қарқынды дамуын жалғастыруда. Тек соңғы 11 жыл ішінде Астанада пайдалануға берілген тұрғын үйдің саны 10 есеге дейін артты. Мемлекеттік құрылыс стратегиясын іске асыру мемлекеттік тұрын үй құрылысының бағдарламасында басым орынға ие. Биылғы жылы оны іске асырудың үшінші кезеңі басталады. Бағдарлама айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық тиімділігін көрсетті. Мысалы, Астанада тұрғын үймен қамту өткен жылы 18,3 шаршы метр болатын орташа республикалық көрсеткіш бойынша алғанда, адам басына шаққанда 21,5 шаршы метрді құрады. 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын іске асыру барысында Астанада 5 мың 612 адам пәтер алды. Жалпы, еліміз бойынша тек соңғы 10 жыл ішінде 45 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Әр жыл сайын тағы 6 миллион шаршы метр тұрғын үй салынатын болады.

- Мен бүгін бәріңізді көптен күткен пәтерге ие болуларыңызбен құттықтап, жаңа пәтерлердің кілтін тапсырғым келеді. Бұны сіздердің патриотизмге, сіздердің Отанымыздың игілігі үшін жасаған еңбектеріңізге құрмет деп біліңіздер. Сіздер өз балаларыңызды еңбексүйгіштікке және біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының жауапты азаматтары ретінде тәрбиелейтіндеріңізге сенемін! Тамаша мейрам - Наурыздың қарсаңында пәтер кілттерін тапсыру мен үшін де зор қуаныш. Наурыз – біздің бірлігіміздің рәмізі. Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этностардың күш-жігерінің арқасында біздің қоғамда бейбітшілік пен өзара түсіністік салтанат құруда. Бұл біздің одан әрі дамуымыздың басты, міндетті шарты. Бірлескен еңбегімізбен біз әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын қамтамасыз ететін мықты мемлекет құрудамыз. Мен қаңтардағы еліміз халқына Жолдауымда, таяудағы «Нұр Отанның» съезінде, қазақстандық әйелдердің бірінші съезінде бұл туралы кеңінен айтқан болатынмын, - деп атап өтті Президент.

Мемлекет халықтың түрлі топтарына да қолдау көрсетуде. Ауыл тұрғындарына бизнес жобалары үшін шағын несиелер беріледі. Отандық шағын бизнеске қолжетімді насиелер арқылы қолдау көрсетілуде. Өзін-өзі қамтыған қазақстандықтарды перспективасы бар мамандықтар бойынша тегін оқыту, сондай-ақ тегін жолақысы мен жаңа индустриалдық нысандарда жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері қарастырылады. Адамдардың тұрғын үй салуына немесе сатып алуына жаңа мүмкіндіктер жасалады. Құрылыс индустриясының жандануы мыңдаған қазақстандыққа жұмыс тауып береді. Мұның бәрі қазіргі әлемдегі жағымсыз үрдістерге қарамастан жүзеге асырылады. Әлемде 200 миллион адам жұмыссыз отыр. Бір миллиардқа жуық адам тойып тамақтанбайды немесе аштық күйін кешуде. Әр жыл сайын 5 миллионға жуық бала аштықтың құрбаны болуда. Жер жарын ауыр техногендік зілзала мен сұрапыл апаттар сілкінтуде. Өзге елдер ұлтаралық және дінаралық кикілжіңдердің бетін қайтара алмауда. Жыл сайын отыз шақты жаңа қару-жарақпен күш көрсету ошақтары пайда болуда. Көптеген мемлекет пен халық тұрақсыздық пен нақты даму преспективасының жоқтығынан зардап шегуде.

Қазақстандағы жағдай бұған қарама-қарсы. Тиімді экономика қалыптасқан. Жиырма жыл ішінде экономика көлемі 12 есе артты. ЖІӨ деңгейі халықтың жан басына шаққанда 9 мың долларға жетті. Тек соңғы 10 жылда кірісі төмен халықтың үлес салмағы 4 есе азайды. Осы кезеңдері мұғалімдердің еңбекақысы 5 есе, дәрігерлердікі 7 есе, зейнетақы 6 есе өсті. 45 миллион шаршы метр тұрғын үй, 450 аурухана мен 750 жаңа мектеп салынды. Демократиялық саяси жүйе қалыптасты. Қазақстан әлемнің барлық еліне танылды. Үдемелі индустрияландырумен бірге әлеуметтік жаңғырту жүргізілуде. Таяу 10 жылда жұмыссыздық 5 пайызға, кедейшілік 5 пайызға төмендейді. Өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа артады. Халықтың саны 18 миллионға жақындайды. Жаңа кәсіпорындар, мыңдаған шақырымдық темір жолдар мен автомобиль жолдары салынатын болады.

- Бізде ел дамуының бірнеше жылға арналған нақты жоспары бар. Біз өз күшіміз бен құралдарымызды нақты есептедік. Қайда және қашан салатынымызды білеміз. Шикізат пен энергияны қайдан алатынымыз, өндірістік өнімді қайда жіберетініміз белгілі. Бұл үшін бізде жас, бірақ мықты мемлекет бар. Ел мен қоғамды жаңғыртуға бағытталған партия бар. Ең бастысы, кез келген міндетті ауырсынбай атқаратын талантты және еңбексүйгіш халқымыз бар. Бүгінде Отан тағдырына бей-жай қарамайтын әрбір қазақстандық біздің еліміздің даму жоспары Қазақстан халқының жоспарымен және қажетті талаптарымен толықтай сәйкес келетінін сезінуі тиіс. Біздің стратегиялық ой-ниетіміздің табысты іске асырылуы әрбір қазақстандыққа байланысты. Біздің бәріміз елді жаңартуға белсенділікпен атсалысуға тиіспіз. Қазақстанның болашағы – біздің қолымызда! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент сөзінің толық мәтінін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар