Жаңалықтар

14 желтоқсан 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесіне арналған салтанатты жиналысқа қатысып, сөз сөйледі.
big-nezavisimost.JPG

Президент «Адам әлеуетінің дамуы – Тәуелсіздіктің басты құндылығы» атты баяндама жасады.


- Адам өмірі категориясында 16 жыл – бұл кәмелетке толу және азаматтың паспорт алатын уақыты. Бүгін біз Қазақстан өзінің 16 жылдық тәуелсіз дамуында әлемдік қауымдастықтың толық құқылы, жауапкершілікті және құрметті азаматы ретінде қалыптасты деп сеніммен және мақтанышпен айта аламыз, - деді Президент өзінің сөйлеген сөзінде.


Одақ ыдырағаннан кейін Қазақстан жүйелі дағдарысты, 1998 жылғы азиялық қаржы дағдарысы тудырған қиыншылықтарды лайықты жеңіп, бүгінде әлемді дүрліктірген жаңа дағдарысты бастан кешуде. Алайда, дұрыс құрылған экономикалық стратегияның, алтын-валюта қорының, Ұлттық қордың арқасында біз әлемдік экономиканың кезеңдік құлдырауына еш қиналмастан төтеп беріп қана қоймай, ел экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз еттік.


Бүгінде еліміздің жалпы алтын-валюта қоры, Ұлттық қордың қаржысын қосқанда 40 миллиард долларға жақындады. 2000 жылдан бастап біздің экономика ІЖӨ-нің 9-10 пайыздық өсу қарқынымен дамып отыр. Биыл елдің ІЖӨ жан басында шаққанда 7 мыңнан астам долларды құрайды. Банк жүйесіндегі салымдар 3,5 триллион теңге. Отандық жинақтаушы қорлардағы зейнетақы жинақтарының өсімі 1,1 триллион теңгеден асты.


Индустриялық-Инновациялық даму стратегиясына сәйкес республиканың барлық аймақтарында нақты өндіріс ұлғайып, жаңа нысандар іске қосылуда. Атап айтқанда, осыдан бірнеше күн бұрын Павлодарда жобалық қуаты жылына 250 мың тонна аллюминий балқытатын қазіргі заманғы электролиз зауыты ашылды. Сондай-ақ әлемдік деңгейдегі жапсарсыз болат құбырлар шығаратын зауыт іске қосылды. Тек аталған зауыттардың өзінде 10 мың жұмыс орны ашылмақ. Қазақстанда тұңғыш рет ауыр және жеңіл автокөліктер құрастыру басталды. «Шар-Өскемен» жаңа темір жол желісі қосылды. Ақтөбеде қуаты 6 млрд. текшеметр болатын Жаңажол газ өңдеу зауытының бірінші кезеңі іске қосылды, Теңізшевройл компаниясы 2008 жылдың жазында екінші буынды зауытты ашпақ. Бұл мұнай шығару көлемін 12 млн. тоннаға көбейтпек. Алдымыздағы бірнеше жыл көлемінде біз ондаған жаңа индустриялық нысандарды іске қосамыз.


Ауыл шаруашылығы қарқынды дамуда. Ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемі соңғы 10 жылда шамамен 3 есе өсті. Биыл тұтастай алғанда республика бойынша 22,5 млн. тоннадан астам астық жиналды. Қазақстан астық өндіруден және ұн экспорттау бойынша әлемде бірінші орынға шықты.


Осы орайда, Мемлекет басшысы барлық ауыл еңбеккерлерін биылғы жылдың табысты нәтижелерімен құттықтады және республиканың көптеген ауыл шаруашылығы қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталғанын атап өтті.


- Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында, елімізде азық-түлік қауіпсіздігінің мықты кепілдігі қалыптасты, сонымен бірге әлемнің азық-түлік нарығында Қазақстанның көшбасшылық орны нығайып отыр, - деді Президент.


Өзінің сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында мемлекеттің негізгі мақсаты әлеуметтік бағытталған экономика құру, азаматтардың экономикалық әл-ауқатын көтеру болғанын айрықша атап өтті, осының арқасында адамдар әлеуетін дамытудың тиімді моделін қалыптастыру және қазақстандық ұлттық өмір сапасы стандарттарының негізін қалау мүмкін болды.


Тек соңғы он жылдың ішінде адам капиталының әлеуетін айқындайтын – білім, ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларына арналған мемлекеттік шығындар 8,7 есе ұлғайды. 1997 жылдан бері ең төменгі жалақы көлемі 4,5 еседен астамға, орташа айлық кесімді жалақы көлемі 8,5 мың теңгеден 50 мың 800 теңгеге дейін, немесе 6 есе көтерілді. Соңғы жылдары Қазақстан орташа жалақы деңгейі бойынша ТМД елдерінің арасында көшбасшы болып табылады.


Тұтастай алғанда, 90-шы жылдардың соңымен салыстырғанда, әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығындар 3 есе артып, 2008 жылы 545 миллиард долларды құрамақ.


Осылайша, экономиканың әлеуметтік бағыттылығы қағидаттарын дәйекті жүзеге асыра отырып, Қазақстан әлеуметтік жауапты мемлекет беделіне ие болды.


- Таяу жылдары әлеуметтік салада біз алдымызға жаңа әрі бұдан да биік меже қоюымыз керек. Алайда бұған біз тек еліміздің барлық азаматтарының қажырлы еңбегінің нәтижесінде қол жеткізе аламыз. Біз әлеуметтік мұқтаждықтарға тек тапқан табысты ғана жұмсай аламыз, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.


Мемлекет басшысы азаматтардың денсаулығын сақтау мәселесін негізгі басымдық деп атады. Біздің мақсатымыз қазақстандықтардың дені сау ұлт болып қалыптасуы. Оның бәсекеге қабілеттілігінің маңызды кепілдігі осында.


Соңғы 10 жылда денсаулық сақтау саласының шығындары 13 есе артып, биыл 338,5 миллиард теңгені құрады. 1991 жылдан бері 290 денсаулық сақтау нысаны, аурухана мен емхана салынып, қайта жөндеуден өткізілді. Оған 100 миллиард доллардан астам қаржы жұмсалды. Соңғы 5 жылда бірінші буындағы ұйымдарды құрал-жабдықтармен және медициналық техникамен қамтамасыз ету 3 есе артты. 2007-2011 жылдар аралығында 151 денсаулық сақтау нысаны және ауылды жерлерде 300 дәрігерлік амбулатория салынатын болады.


- Денсаулық сақтау саласындағы жаңа міндеттердің мәні медицинаның озық үлгідегі құрал-жабдықтары мен техникасын, жаңа идеялар мен әдістемелерін елімізге тартуға жол ашу болып табылады. Біз басқа салалардағыдай медицинадағы инновацияларға да инвестиция салуымыз қажет, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.


Президент тәуелсіздік жылдарындағы қазақстандық білім беру жүйесінің даму нәтижелеріне баса назар аударды.


Тәуелсіздік жылдарында 388 мектеп салынды, ол білім саласын мемлекеттік қаржыландырудың соңғы он жылда 6,7 есеге ұлғайғанының арқасында мүмкін болды. 2009 жылға дейін 136 миллиард теңгенің қаржысына тағы 240 мектеп құрылысы жоспарланып отыр. Балалар бақшасын қалпына келтіру мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Жаһандық Интернет желісіне Қазақстандағы мектептердің 95 пайызы қосылған.


90-шы жылдардағы экономикалық қиыншылықтарға қарамастан, Мемлекет басшысының бастамасы бойынша «Болашақ» бағдарламасы әзірленді, аталған бағдарлама бойынша жыл сайын 3 мың жас қазақстандық шетелдерде білім алады.


2000 жылдан бастап Қазақстан ғылымын қаржыландыру 7 есе артты. 2012 жылы біз ғылыми және қолданбалы зерттеулерге арналған қаржы көлемін 3 есе көбейтуді жоспарлап отырмыз.

Осылайша, ғылыми және білім беру саласындағы жоғары қазақстандық стандартқа қол жеткізу үшін барлық жағдай жасалуда.


- Өздеріңіз көріп отырғандай, біздің жетістіктеріміз орасан зор. Алайда бұл тоқмейілсу мен жайбарақаттық сезімін тудырмауы керек. Біздің әлі де шешімін таппаған көп мәселелеріміз бен қиыншылықтарымыз бар. Алдағы уақытта халықтың аз қамтылған бөлігінің әлеуметтік ахуалын одан әрі жақсарту жөнінде үлкен жұмыстар атқару қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Президент Қазақстан тәуелсіздігінің 16 жылдығы тарихқа түбегейлі саяси өзгерістер мен ауқымды конституциялық реформалар кезеңі ретіне кіргенін атап өтті.


Парламенттің және саяси партиялардың рөлін күшейту, биліктің сот жүйесін тәуелсіздігін нығайту, мәслихаттарды күшейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа рөлі, әділ сот жүйесіндегі азаматтар құқықтарын қорғау тетіктерін нығайту секілді осы және басқа да шаралар біздің елімізді демократия жолымен айтарлықтау ілгерілетті.


Конституцияға Қазақстанды президенттік биліктен президенттік-парламенттік республика құрайтын бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.


Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет сайлау пропорционалды негізде өткізілді. Осы сайлауда «Нұр Отан» партиясы жеңіске жетіп, Үкіметті жасақтады, партияның жүз мыңдаған мүшелері өз саулауалды уәделерін жүзеге асыруға белсенді қатысуда.


Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылы қол жеткізген біздің сыртқы саясатымыздағы ірі табыстардың бірін айрықша атап өтті. Бұл - 56 мемлекеттің Қазақстанды Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға 2010 жылы төрағалыққа ұсынуы.


- ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөніндегі біздің өтінішімізді қолдай отырып, аталған ұйымға мүше елдер біздің мемлекетіміздің дамуындағы стратегиялық вектордың дұрыстығын бірауыздан қуаттады. Бұл шешімімен әлемдік қоғамдастық Қазақстанның демократиялық мемлекет құру, азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі күш-жігеріне, биылғы жылы жүзеге асырған саяси реформаларына оң баға берді, - деді Президент.


- Құрметті әрі беделді халықаралық ұйымдардың біріне төрағалық ету біздің халықымызды біріктіретін нышандардың біріне айналуы тиіс, және де бүкіл әлемге озық, демократиялық және бәсекеге қабілетті Қазақстанды айқындай түседі, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.


Сөзін қорытындылай келе, Мемлекет басшысы Қазақстанның Тәуелсіздігінің 16 жылдық тарихы, табыс тарихы – бұл біздің барша халқымыздың жасампаздық еңбегінің нәтижесі деп атап көрсетті, және барлық қазақстандықтарға жетістіктер мен гүлденулер тіледі.


Мемлекет басшысының сөйлеген сөзін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар