Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

30 қаңтар 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Германия Федеративтік Республикасының Федералдық канцлері Ангела Меркельмен кездесті.

01.jpg

02.jpg

Кездесу кезінде екіжақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтудың кең ауқымды мәселелері талқыланды. Тараптар жаһандық және аймақтық саясат, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік, еуропалық энергетикалық тұрақтылық, БҰҰ-ны реформалаудың негізгі мәселелері бойынша ұстанымдарының ұқсастығын атап өтті. Қазақстан Президенті Германияға Еуропалық Одақ төрағалығында және де «Үлкен сегіздік» аясында табыстар тіледі. Федералдық канцлер Германия Қазақстанның 2009 жылы ЕҚЫҰ төрағалығына кандидатурасын және жақын арада Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру ниетін қолдайтынын жеткізді.


- Осы сапар туралы біз Қазақстан Президентімен Санкт-Петербургте өткен «Үлкен сегіздік» саммитіндегі кездесу кезінде уағдаласқан болатынбыз. Орталық Азия өңірі – Германияның Еуропалық Одаққа төрағалығында баса көңіл бөлетін аймақтың бірі. Біз осы өңірмен, атап айтқанда Қазақстанмен ынтымақтастық орнатқымыз келеді. Бұл өте бай ел, және де Германия осы мемлекеттің экономикалық дамуына жан-жақты ықпал етуге мүдделі. Бізде аса көп ортақ мүдделер бар, сондықтан да біз Қазақстан мен Еуроодақ қарым-қатынасының локомотиві болғымыз келеді, - деді А.Меркель баспасөз мәслихатында.


- Қазақстан-герман әріптестігі экономикалық ынтымақтастықтың берік іргетасына, белсенді саяси үнқатысуға, жаһандық және аймақтық саясаттың негізгі мәселелері бойынша пікір жақындығына негізделген. Қазақстан Германияның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі болуға ұмтылысын барынша қолдайды. Өз кезегімізде біз Қазақстанның 2009 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының төрағалығына кандидатурасын қолдағаны үшін герман басшылығына ризашылығымызды білдіреміз. Біз өзара іс-әрекетімізді халықаралық құрылымдар аясында дамытуға уағдаластық. Бізді Германияның саяси, іскер және қоғамдық топтарында Қазақстанды демократиясы табысты дамып келе жатқан, жаһандық инвесторлар үшін өсудің маңызды әлеуетіне ие тартымды ел ретінде пікір қалыптасқаны қуантады. Біз герман бизнесінің Қазақстанға келуін құптаймыз, - деп атап өтті Қазақстан басшысы.


Бүгінде Германия Қазақстанның әлемдегі алтыншы сауда әріптесі болып табылады. Тауар айналымы 2006 жылдың қорытындысы бойынша 2 миллиард АҚШ долларын құрады. Германия Федеративтік Республикасы – Қазақстан экономикасының аса ірі инвесторларының бірі. 2006 жылдың бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша ел экономикасына салынған герман инвестициясы 1,8 миллиард долларға жетті. Қазақстанның Германия экономикасына салған инвестициясы 1,3 миллиард долларды құрады. Қазақстан Германия Федеративтік Республикасына мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу көлемі бойынша бесінші орында.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар