Жаңалықтар

8 желтоқсан 2011
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында елордадағы бірқатар жаңа нысандарда болды.

01 kp

02

Еліміздің Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебіндегі жаңа кешенді ашты. Арнаулы оқу орнын құру идеясын Мемлекет басшысы көтерген болатын. Бұдан 12 жыл бұрын, 1999 жылы Қазақстан Президенті Отанымыздың болашақ қорғаушыларының мектебін ашқан еді. Бүгінде тәрбиеленушілер жаңа ғимараттың қабырғасында оқуларын жалғастыруда.

«Жас ұлан» мектебі мемлекеттік және шетел тілдерін тереңдетіп оқытатын, әскери тәртіп пен дене шынықтыруға басымдық беретін жалпы орта білім беру мекемесі болып табылады. Қорғаныс министрі Ә. Жақсыбеков Мемлекет басшысын мектептің оқу-материалдық базасымен таныстырды. «Жас ұлан» мектебіндегі жаңа ғимараттың кешені 24 мың шаршы метрден астам аумаққа орналасқан жеті павильоннан тұрады. Президент ғимараттың жаңа кешенінің 4-қабатындағы оқу бөлмелерін аралады. Оның құрамында 51 сынып, 500 орындық жатақхана, кітапхана, оқу және мәжіліс залдары бар. Спорт кешені көрермендер отыратын орындар мен жаттығуға арналған спортзал, ұзындығы 25, ені 11 метрлік аумақты алатын 6 жолақты бассейннен тұрады.

Еліміздің Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қазақстан армиясының әскери қызметшілері мен ұландықтарды алда келе жатқан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойымен және жаңа оқу кешенінің ашылуымен құттықтады.

- Біз бұл мектепті құрған кезде, оған аты аңызға айналған жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры, «Халық қаhарманы» Сағадат Нұрмағамбетовтің есімін бердік. Сендер оның өмір жолын зерттеп, сондай болуға ұмтылуларың керек. Біздің мақсатымыз – елімізге берілген нағыз патриоттарды – Тәуелсіздікті, Отанымыз – Қазақстан Республикасының тұтастығын қорғауға дайын болатын әскери адамдарды тәрбиелеу. Өз араларыңда достық пен бірлікті нығайтыңдар, өздеріңді ең жақсы адами қасиетті сақтауға тәрбиелеңдер, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ елордада жаңадан бой көтерген Оқушылардың шығармашылық сарайында болды.

Президент кешеннің жаңа залдары мен бөлмелерін аралап көрді.

Оқушылар сарайында мектеп жасындағы балалар спортпен айналысады. Жаттығулар ғылым, өнер және спорт түрлері бойынша үш бағытта жүреді. 50-дей секция мен үйірмеде бір мезгілде 3880 бала айналысады. Болашақта секциялар санын 100-ге дейін жеткізу жоспарланған. Жаңа Оқушылар сарайы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдер үшін қол жетімді болады. Ғимарат арнайы тетіктермен және пандуспен жабдықталған. Аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары, жетім балалар Оқушылар сарайындағы үйірмелер мен секцияларға тегін қатысады.

- Осындай Оқушылар сарайы көп өңірде жоқ. Бір ғана кешенде 50 үйірме орналасқан, қалауың бойынша - сурет, би, модельдеу, спорттық үйірмелер, жеңіл атлетикалық манеж және өзге де секциялар жұмыс істейді. Балалар өз білімдерін одан әрі жалғастырып, өз қабілеттерін көрсету үшін негіз болатын білімді осынан алады. Біз болашақ үшін – жан-жақты, мәдениетті, денсаулығы мықты ұрпақ тәрбиелейміз. Балалар, сендердің барлығыңа бақыт тілеймін! – деді Президент.

Оқушылардың шығармашылық сарайы - 4 қабаттан тұратын, көпбейінді, сырт пішімі күрделі ғимарат. Бірінші қабатында жеңіл атлетикалық манеж, екі жаттығу залы, жүзу бассейні, мұз айдыны, театрлық көрермен залы, асхана, әкімшілік және техникалық бөлмелер орналасқан. Екінші қабатта экспозияция мен тақырыптық көрмелерді ұдайы ұйымдастырып тұруға арналған көрме залы, Интернет орталық және кітапхана бар. Үшінші қабатында баскетбол, күрес, теннис залдары, оркестр, би, хор және драма ұжымдары үшін дайындық залы, медициналық орталық орналасқан. Төртінші қабатта орналасқан 170 орындық планетарийде стереоскоптық 3D технологиясын пайдалану арқылы панорамалық, сфералық және ғаламшарлық кескіндеме көрсетуге мүмкіндік жасалған, амфитеатр түрінде пайдаланылатын көпбейінді бөлмелер, хореография залы, саз сыныбы, изостудия, сазды-теориялық оқу сыныптары, театр студиясы, зертхана, бейнефотостудия бар.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар