Жаңалықтар

8 қазан 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының тұңғыш президенті – Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткішін ашу рәсіміне қатысты.

Түркия Республикасының негізін қалаушының ескерткіші қоладан құйылған, тұғыры граниттен. Есілдің жағалауындағы елордалық гүлзарда орнатылған монументтің биіктігі 4,4 метр, салмағы 5,5 тонна. 

Рәсімге қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Ататүрік адамзат тарихында өз халқы мен өз елін бөлінушіліктен құтқарған, түрік мемлекетін сақтай отырып, оны жаңа даму деңгейіне алып шыққан көшбасшы ретінде қалды деп атап өтті. 

- Ататүріктің арқасында Түркия бүгінде дамыған, Қазақстанмен достас мемлекетке айналды. Онымен қарым-қатынастарымыз жан-жақты дамып келеді. Осы қатынастарды ескере отырып, біз ұлы адамға өз құрметімізді көрсетіп отырмыз, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. 

Түрік көшбасшысына арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімінде сондай-ақ Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Атилла Гюнай сөз сөйледі.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар