Жаңалықтар

28 шілде 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет жетекшілерімен 2009 жылдың бірінші жартыжылдығының әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары бойынша кеңес өткізді.

Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы А. Мусин, Премьер-Министр К. Мәсімов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө. Шөкеев, Премьер-Министрдің орынбасарлары Е. Орынбаев пен С. Ахметов, Президент көмекшісі Қ. Бишімбаев қатысты.

Президентке дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі Үкімет қызметінің негізгі көрсеткіштері, «Жол картасы» және 2009 жылдың бірінші жартыжылдығының индустриялық дамуы баяндалды.

Жалпы, жаһандық экономикалық дағдарыстың әсеріне қарамастан, Қазақстанда ағымдағы жылдың II тоқсанында 3 % -ды құраған экономиканың өсуі байқалды.

Бұл экономиканың әр түрлі салаларындағы «қазақстандық үлес» деңгейінің артуының нәтижесінде мүмкін болды.

Мемлекет қабылдаған шаралардың нәтижесінде қаржылық-банктік саладағы жағдай тұрақтанды. Қазақстандық банктердегі депозиттердің өсуі 34 % -ды құрады, экономиканы кредиттеу 18 % -ға артты.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жалпы сыртқы қарыз 25 % -ға азайды.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау барысында Үкімет айтарлықтай жұмыстар жүргізуде. Ағымдағы жылы ауылшаруашылық өндірісі кешенін қолдау бағдарламасы аясында мемлекеттік қаржыландыру есебінен негізгі дақылдарға арналған егіс көлемі арттырылды, бұл күзгі жиын-терін кезінде 14-15 млн. тонна астық жинауға мүмкіндік бермек.

Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттерден 127 млрд. теңге бөлінді, 2,5 мың жоба жүзеге асырылуда, 4 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Қазіргі уақытта шағын және орта бизнесті дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған жаңа Тұжырымдамасы әзірленуде. Мемлекет басшысы сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін, соның ішінде мемлекеттік органдар тарапынан бизнеске тексеріс тәртібін реттеу жолымен қосымша шаралар қабылдауға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке меншік кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Халықты жұмыспен қамту Стратегиясын жүзеге асыру мәселесіне ерекше маңыз берілуде, мұны жүзеге асыруға 191 млрд. теңге бөлінген. Үкімет, жергілікті билік органдары және ірі жұмыс берушілер арасындағы үшжақты меморандум мүлтіксіз сақталуда. Мұның барлығы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, әсіресе жастар арасында жұмыссыздықты азайтуға едәуір мүмкіндік туғызып отыр. Қазіргі уақытта 4773 жоба жүзеге асырылуда, 319 мың жұмыс орны ашылды.

Сонымен қатар құрылыс саласында және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесінде жағымды қарқын байқалуда.

Жалпы алғанда, Мемлекет басшысы Үкімет қызметіне оң баға берді. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жағымды үрдістерін атап өтіп, Президент экономиканың басым салаларында дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

– Күрделілігіне қарамастан, біз экономиканы, басқару тәртібіндегі макроэкономикалық көрсеткіштерді ұстап тұра алдық. Алайда біз сіздермен бірге басқару тетігін қолымызда ұстап, босаңсымай, дағдарыстың барлық әсерін еңсеруге дайын болуымыз қажет,- деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеңесте сондай-ақ қазақстандық денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесі қаралды. Денсаулық сақтау министрі Ж. Досқалиев Мемлекет басшысына Қазақстан аумағындағы A/N1H1 вирусты тымаудың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомство қабылдаған шаралар туралы баяндады.

Бұдан басқа, кеңесте отандық денсаулық сақтау жүйесін реформалау проблемалары, Астана қаласындағы ұлттық медициналық холдингті дамыту жайы талқыланды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар