Жаңалықтар

23 қазан 2010
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қырғыз Республикасының өтпелі кезеңдегі Президенті Роза Отынбаевадан хат келді.

Роза Отынбаева өз хатында Қырғыз Республикасының көп ұлтты халқының атынан Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа және туысқан Қазақстан Республикасына Ош қаласын, Ош және Жалал-Абад облыстарындағы елді мекендерін қалпына келтіру ісіне қосқан орасан үлесі үшін алғысын білдірген. Р.Отынбаева Қазақстан тарапынан көрсетілген 11 миллионнан астам доллар көлеміндегі құрылыс материалдары мен азық-түлік өнімдері түрінде жедел және тиімді гуманитарлық көмектер жағдайды тұрақтандыруға және Қырғызстанның оңтүстігіндегі қызу қарбаласты төмендетуге айтарлықтай ықпал еткенін атап өткен.

«Белгіленген көмекті іске асыру процесі толық күйінде іске асырылып жатқанын қанағаттанушылық сезіммен атап өтемін, - деген Р.Отынбаева. – Ош қаласында қалпына келтіру және қайта құрылымдау жөніндегі бас дирекция 139 отбасына арналған биік қабатты екі тұрғын үйдің құрылысын жүргізуде. Ош және Жалал-Абад облыстарындағы елді мекендерде 1983 үйге құрылыс және қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды, қазірдің өзінде олардың иелеріне атаулы көмектер көрсетілді. Бүгінгі күні осы нысандар бойынша іргетасын қалпына келтіру жұмыстары – 74 пайызға, қабырғалар тұрғызу – 41 пайызға, баспана салу – 11 пайызға орындалды. Гуманитарлық көмекті ысырапсыз пайдалануға қатаң қоғамдық бақылау жүргізу оңтүстіктің 15 мыңнан астам тұрғынына толық берілген.

Қалпына келтірілген үйдің 40 пайызын 2010 жылғы 1 қарашаға, ал 40 пайызын 15 қарашаға, тұрғын үйдің қалған 20 пайызын қарашаның аяғына дейін беру жоспарланған. Қырғыз Республикасының Үкіметі республиканың оңтүстігінде зардап шеккен барлық азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жөнінде алға қойылған міндеттерді белгіленген мерзімде, суық түскенше орындайтынына сенемін.

Еліміздің дамуының осы бір күрделі кезеңінде туысқан Қазақстан халқынан қажетті және дер кезінде материалдық әрі моральдық көмектер алған қырғызстандық отбасылардың атынан Сізге, аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, алғыс айтуға және зор денсаулық, амандық, Сіздің Қазақстан халқын гүлдендіру жолындағы мемлекеттік қызметіңізге табыстар тілеуге рұқсат етіңіз».               


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар