Жаңалықтар

8 желтоқсан 2011
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ресейлік сарапшылар тобынан ашық үндеу-хат келіп түсті.

Біз, бұрынғы кеңестік кеңістік бойынша ресейлік сарапшылар, Еуразиялық экономикалық ықпалдастық туралы декларацияға қол қойылғаны туралы хабарды зор жігермен қарсы алдық. Бұрынғы КСРО-ның барлық мемлекеттері үшін бұл тарихи оқиға екендігі сөзсіз. Ол ықпалдастықтан басын алып қашқан екі онжылдық оқиғаларын қорытындылай келіп, бұрынғы кеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғашқы болып ұсынған Еуразиялық одақ форматында тиімді және ерікті түрде бірігуіне жол ашады.

2011 жылғы 18 қарашада біздің еуразиялық ықпалдастық жаңа, бұрынғыдан да жоғары сатысына қадам басты. Нұрсұлтан Назарбаев бұдан 17 жыл бұрын айтқан идея жүзеге асты. 1994 жылы ол көтерген мемлекеттердің Еуразиялық одағы идеясы бүгінде саяси мейнстримге айналып отыр. Ол бұрынғы кеңестік кеңістікте нақты көрініске ие болып, заңдық және экономикалық мазмұнмен толыға түсуде. Осы алға қарай жеңісті ілгерілеуде ресей сарапшылары, ең алдымен, әлем саясаткерлерінің арасында алғашқы болып, посткеңестік ықпалдастықтың өмірлік қажеттілігін сезіне білген дана және көреген көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи сіңірген еңбегін көріп отыр.

Кремльдегі баспасөз мәслихатында ресейлік Президент Дмитрий Медведев қазақстандық Мемлекет басшысының көрнекті рөлін жоғары бағалады. «Мен ең алдымен, әріптестеріме алғысымды білдіремін. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғыс айтамын, егер тікелей ашық айтар болсам, ол өте күрделі 90-жылдардың өзінде, «ықпалдастық» деген сөз кеңестік лексикадан мұраға қалғандай, былайғы жұрт басын алып қашқан кезде осы идеяны өмірге әкелді. Сол кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы барлық күш-жігерін аянбастан бұрынғы кеңестік кеңістікте ықпалдастық үдерісімен айналысуға шақырды» Шынында да, Қазақстан Президенті үшін мемлекеттердің Еуразиялық одағын құру оның бүкіл өмірінің ісі болып келеді. Кеңестік кезеңнен кейінгі екі онжылдық ішінде нақ осы Қазақстан Президентіне басты «еуразиялық идеолог» - «Еуразияны бір шаңырақтың астына жинаушы» мәртебесі бекіді.

Өзіне тән саяси көрегендікпен және ұзақ мерзімге стратегиялық жоспарлау қабілетімен Қазақстан Көшбасшысы Еуразиялық одақтың перспективалық міндеттерін «бүгінгі және болашақтағы күрделі қатерлерге жауап бере алатын мегажоба» ретінде қарастырды. Қазақстан Президенті Еуразиялық одақты «еуратлантикалық және азиялық дамуды өрге сүйрейтін берік буын» ретінде қарастырды. Өзінің жаһандық ойлау қабілетімен Нұрсұлтан Әбішұлы әлемнің үйлесімді моделінде Еуразиялық одақ басқа макроаймақтық ықпалдастық схемаларына қарсы тұрмайтынын көрсетті. «КСРО-ны ешқандай «жаңғырту» немесе "қайта тірілту» жоқ және болмайды да», деп айрықша атап көрсетеді Н.Ә.Назарбаев. Сонымен бірге ұсынылып отырған еуразиялық ықпалдастықтың «геоэкономикалық, ал болашақта сонымен қатар геосаяси есеюі тек қана эколюциялық және ерікті түрдегі жолмен жүруі тиіс». Қазақстандық Көшбасшы әрқашан да татукөршілік және адал ынтымақтастық - ТМД елдерінің экономикалық ықпалдастығының қажетті шарттары екенін үнемі айтып келеді.

Қазақстан Президенті әрқашан да барлық салаларда бұрынғы кеңестік мемлекеттер арасындағы байланыстарды нығайтудың жақтаушысы болып келеді. Адами өлшемдерге зор маңыз бере отырып, Н.Ә.Назарбаев ықпалдастықтан ТМД-ның барлық халқы практикалық пайда табатынын үнемі атап көрсетуде. Нақ осы миллиондаған қарапайым азаматтардың мүддесі бұрынғы кеңестік мемлекеттер басшыларынан бір-біріне қарай шешуші қадам жасауын талап етті. Міне осы екі онжылдық бойы Н.Ә.Назарбаев жаңа саяси шекараларға бөлінген қалың бұқараның мүддесін білдіруші болып келді және солай болып қалуда. Жаңа тәуелсіз мемлекеттердің бірігуі сөз болған жерде адамдар Қазақстан Президенті әрқашан да осындай әділетті және тең құқықты бірігу жағында болатынын біледі. Нұрсұлтан Назарбаевтың осы мәселедегі берік ұстанымы оны Қазақстаннан тыс жерлердегі түпкірлерде де көптеген қарапайым адамдар құрмет тұтатын және беделді саясаткер айналдырды.

Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы жыл сайын қай саясаткерді және ТМД-ның қай елін ресейліктер өз елінің сенімді досы деп санайтыны туралы зерттеулер жүргізіп келеді. Біздің отандастарымыздың пікірінше, көп жылдардан бері қатарынан Қазақстан ТМД кеңістігінде Ресейдің ең сенімді әріптесі болып танылып келеді. Біздің басты стратегиялық одақтасымызды ресейліктердің 42 пайызы «ТМД кеңістігіндегі ең табысты және тұрақты мемлекет» деп атады. Ал ТМД елдерінің барлық көшбасшыларының арасында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан да ресейліктердің ең жоғары сеніміне ие болып келеді. Міне осының бәрі Нұрсұлтан Әбішұлы көптен бері Ресей халықтарының терең құрметіне бөленіп отырғанын, еуроазиялық ауқымдағы шынайы Көшбасшыға айналғандығын білдірсе керек.

Біздің бүгінде байқауымызша, бұл Қазақстан Президенті ұсынған және дәйекті түрде дамытқан еуразиялық идеяның заңды салтанаты. Дегенмен қазақстандық көшбасшы бұл жолда әлі де көп жұмыс жасауға тура келетінін жасырмайды. «Экономикалық жағынан қуатты, тұрақты және барлығына тиімді Еуразиялық одақ құру үшін әлі де көптеген ауқымды міндеттерді шешуге тура келеді, деп ескертеді өзінің «Еуразиялық Одақ: идеядан болашақ тарихына қарай» деген мақаласында Н.Ә.Назарбаев. Еуразиялық Одақты доктриналық пікірсайыстан практикалық істер сатысына қарай аудару бүгінде бұрынғы кеңестік кеңістіктегі жетекші саясаткерлер мен сарапшылардың басты міндеті болып табылады. Өзінің бағдарламалық мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев болашақ құрылыстың жіті бағдарларын белгіледі, және ықпалдастық үдерісіне қосымша серпін беретін бірқатар серпінді идеяларды ұсынды.

Қазақстан Президенті болашақ одақты ныайтуға жәрдемдесетін бірқатар принципті тұрғыда жаңа құрылымдар құруды ұсынды. Біріншіден, бұл Еуразиялық парламенттік ассамблея, яғни еуразиялық парламенттің үлгісі, оның қабырғасында біздің бірлестігіміздің болашағы туралы егжей-тегжейлі пікірсайыстар жүргізілетін болады. Екіншіден, бұл ықпалдасқан экономикалық кеңістікте толғағы жеткен кәсіпкерлік ортаны құрылымдау. Сондықтан да Нұрсұлтан Әбішұлының Еуразиялық сауда-өнеркәсіптік палата құру және Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің Еуразиялық конгресін шақыру  жөніндегі бастамалары өте маңызды. Және ақырында мемлекеттер деңгейіндегі ықпалдастық құрылымдардың арасындағы теңсіздікті және азаматтық қоғам деңгейіндегі осындай құрылымдар болмауын жоятын кез келді. Сондай-ақ еуразиялық ықпалдастық тақырыбы төңірегіндегі идеологиялық ақпараттық алаңды күшейту және нығайту қажет.

Біздің пікірімізше, бұл жерде ТМД-ның барлық  елдерінің сарапшылары үшін де жасампаз жұмыс үшін үлкен кеңістік ашылғалы отыр. Алайда ең алдымен біздерге - Ресейдің, Беларустің және Қазақстанның зиялы қауымына ерекше жауапкершілік жүктеледі. Сарапшылық күш-жігерді молайту және үйлестіру мақсатында, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразияшылдық идеяларын ілгері жылжыту үшін біз Астана қаласында Еуразиялық ықпалдастық институтын, Мәскеу мен Минскіде бөлімшелерін құруды ұсынамыз. Біздің ортақ үйіміз - мемлекеттердің Еуразиялық одағы құрылысы үшін «еуразиялық үштіктің» сарапшылық табының шығармашылық әлеуетін біріктіретін уақыт келді. Біздің елдеріміздің сыртқы әлемде өзінің ұлттық мүдделерін тиімді қорғай алатын және бірлескен даму жобаларын жүзеге асыратын тең құқықты бірлестік қажет. Осы игі істің басында Қазақстанның қазіргі Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сияқты идеялар генераторы және жігерлендірушісі тұрғанда бұл құрылыстың ойдағыдай жүзеге асырылатынына сеніміміз мол.

Юрий Солозобов, саясаттанушы, Ұлттық стратегиялық институттың халықаралық жобалар бойынша директоры

Сергей Бирюков, саясаттанушы, саясаттану ғылымдарының докторы, Саяси ғылымдар академиясының академигі

Ярослав Бутаков, тарихшы, саясаттанушы, Андрей Первозданный қорының сарапшысы, Динамикалық консерватизм институтының ғылыми қызметкері

Алексей Власов, ММУ-дың бұрынғы кеңестік кеңістікті зерттеу жөніндегі ресейлік орталығының директоры

Алан Касаев, саясаттанушы, Иван Федоров атындағы Мәскеу мемлекеттік баспа университетінің бірінші проректоры, «Жаңалықтар» РАА бас редакторының кеңесшісі

Юлия Якушева, «Солтүстік-Оңтүстік» саясаттану орталығы атқарушы директорының орынбасары


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар