Жаңалықтар

9 тамыз 2008
Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының бұрынғы Төрағасы Цзян Цзэминьде қонақта болды

Қазақстан басшысы Цзян Цзэминьді Қытайдың үлкен жетістігі – 29-шы жазғы Олимпиада ойындарын өткізуімен құттықтады.


- Бұл Сіздің үлкен еңбегіңіз. Бейжіңде Олимпиада ойындарын өткізу туралы шешім Сіздің елге басшылық етуіңіз кезінде қабылданған болатын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Қазақстандық көшбасшы Цзян Цземиньмен кездесу мүмкіндігі үшін қуанышты екендігін, оны өзінің жақын досы ғана емес, осы заманғы әлемдік ірі қайраткер деп санайтынын атап көрсетті. Цзян Цзэминьнің басшылық етуі кезінде Қытай зор экономикалық жетістіктерге және халықтың әл-ауқатының өсуіне қол жеткізді, өзінің халықаралық беделін арттыра бастады. Осы жылдары Қытай мен Қазақстан арасында шынайы достық қарым-қатынастары орнады.


- Біз қарым-қатынастарымызды құра бастағанымызда, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда небәрі 400 миллион долларды құрады. Қазір ол 15 миллиард долларға жетті. Біз стратегиялық бағыттарда, ең алдымен энергетика саласында ынтымақтасудамыз. Жуырда Каспий мен Батыс Қытайды жалғастыратын мұнай құбырының құрылысы аяқталады, Қазақстан аумағы арқылы газ құбыры, Қытай капиталының қатысуымен жаңа газ өңдеу зауыты салынады. Біз жаңа теміржол және автомобиль жолдарын жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Осының барлығы Сіздің бастауыңызбен басталды, - деп атап өтті Н.Назарбаев.


Елбасы Цзян Цзэминьнің біздің елдер арасындағы шекара мәселелерін шешудегі, Шанхай ынтымақтастық ұйымын құрудағы айрықша рөлін атап көрсетті.


ҚХР-дың бұрынғы Төрағасы Қазақстан Президентіне осы бағалаулары үшін алғысын білдіріп, ол үшін қазақстандық көшбасшымен орнаған достық қарым-қатынастар маңызды екенін айтты.


- Менің шетел басшыларымен көптеген кездесулерім болды. Дегенмен, Сізбен жиі кездесіп тұрғанмын. Дәлірек айтсам – 15 рет. Олардың бәрі менің есімде. Ең ұмытылмасы, 2002 жылы мен Сіздің үйіңізде болған кездегі кеш. Біз сол күні көп ән шырқадық, - деп еске алды Цзян Цзэминь.


Ол екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастар достық, әрі ынтымақтастық рәуіште дамып келе жатқандығына қанағаттанғандық сезімін білдірді. Цзян Цзэминь Қазақстанның экономикалық жетістіктерін бақылап отырғанын, Астана әдемі қазіргі заманғы қалаға айналғандығын білетінін жеткізді. Нұрсұлтан Назарбаев Қытай саясатының патриархын оған қолайлы кез келген уақытта Қазақстанның елордасына шақырды.


Нұрсұлтан Назарбаевтың өз уақытын қалай өткізетіні туралы сұрағына орай Цзян Цзэминь қоғамдық қызметтен басқа, Қытайдың ежелгі тарихын зерделеумен айналысатынын, ағылшын тілі бойынша танымын жетілдіруде екенін, күн сайын суға жүзумен айналысатынын айтты.


Цзян Цзэминь Қазақстанның спортшыларына Бейжің Олимпиадасында сәттілік тіледі.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар