Жаңалықтар

25 тамыз 2005
Тікелей эфирге дайындық кезінде және эфир барысында Елбасының атына 25 мың 730 сауал мен өтініш түсті. Олардың 60-қа жуығы телеэфир барысында айтылды. Телефон қоңыраулары мен хаттар еліміздің барлық аймақтарынан түсті.

188.jpg

Тараз қаласының тұрғыны ипотекалық несие бойынша баспана алуға мүмкіндік бергені үшін жас отбасыларының атынан Елбасына алғыс білдірді.  
«Осындай ізгі тілектерді естіп отырғаныма қуаныштымын», деді Президент.  
«Шаңырақ құрған жас отбасыларына ипотека бойынша екі және үш бөлмелік пәтер алу жеңілденіп келеді - осындай баспанаға қол жеткізу үшін жастарға ұзақ жылдар жұмыс істеуге тура келер еді».  
«Ипотекалық баспана алу үшін елімізде жастарға барлық жағдай жасалған. Отбасын құруға бекінген жастар ипотека бойынша пәтер алғысы келсе, мемлекет олардың бұл қадамдарын әрқашан да қолдайтын болады", деп атап көрсетті Елбасы.

Петропавлдық зейнеткер Вера Титованың хатында:  
«Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің күш-қуатыңыз бен ерік-жігеріңізге тәнтімін. Біздің барлығымыз Сізді Петропавлда қуана күтеміз. Біз, солтүстікқазақстандықтар Сіз үшін дауыс береміз! Зейнетақы қосқаныңыз үшін барлық зейнеткерлердің атынан Сізге көп рахмет. Өзіңізді күтіңіз, істеріңізге табыс және ұзақ өмір тілейміз!» деліген.

Шағын қалалардың болашағы бар ма? Мемлекет тарапынан оларды қолдау үшін қандай шаралар атқарылмақ? Қазақстандықтармен тікелей эфир сұхбаты барысында Елбасына осындай сұрақ қойылды.  
Мемлекет басшысы республикамызда 60 шағын қала бар екенін айта келе, «осы аймақтарда қандай істер атқарылуы тиіс екенін нақтылауымыз керек. Ол жерлерде қандай өнеркәсіп түрлерін дамытып, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау үшін не істеу қажет екенін білуіміз тиіс», деді.  
Н.Назарбаевтың айтуынша, шағын қалаларды дамытуға сәйкес арнайы бағдарлама дайындалған. «Алдағы кезеңде осындай қалаларға көмек ретінде 67 млрд. теңге бөлу жоспарлануда. Сондықтан да мұндай шағын қалалар ешқашан ұмытылмайды», деді Президент.

Қарағандылық жастар Елбасы демалысын қай жерде өткізгенді ұнататынын сұрады. «Мен Қазақстандағы Бурабай, Алакөл сияқты тамаша өңірлерімізге таң қаламын. Оңтүстік және Шығыс Қазақстанда да көрікті жерлер аз емес», - деп жауап қайтарды Нұрсұлтан Назарбаев.  
«Өзіңнің туған жеріңнің суын ішкенге не жетсін?! Ол генетикалық тұрғыдан да пайдалы», - деп атап көрсетті Н. Назарбаев. Елбасы қазақстандықтарды отандық шипажайларда көбірек демалуға шақырды.

Қызылорда облысының халқымен сұрақ – жауап алмасуға уақыт тарлығынан мүмкіндік болмай қалды. Дегенмен, облыс халқының арасынан телефон арқылы сұрақ қойған және ақ тілек білдірген үш адам болды. Олардың біріншісі, өзін Сәуле деп таныстырған қыз мынандай сауал қойды:  
-Құрметтті Нұраға, сіз талай елдердің басшыларынан сый-сияпат көріп жүрсіз. Олар тарту еткен сыйлықтардың ішінде қайсысын қымбат санайсыз?  
-Сәуле, сыйлық беру - сыйлық алу ел басшыларының арасында ілгеріден қалыптасқан дәстүр. Маған берілген сыйлықтардың ішінен ең қымбат тұтатыным, 1994 жылы Сауд Арабстанының Королі сыйлаған, салмағы жарты тоннаға жақын Каба мешітінің үлгісі және Құран сүресі жазылған кілемше тақылеттес мата. Оларды Алматыдағы «Нұр-Астана» мұражайына тапсырдым. Басқа да Ресейден, Еуропадан келген қымбат сыйлықтар Алматы, Астана мұражайларында сақтаулы», деп жауап берді Н. Назарбаев.

«Ауыл шаруашылығына көмек көрсетуді жалғастыра береміз, бірақ бағыттарды өзгертеміз. Жоғары сапалы өнім шығару үшін істің бәрі ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсатуға бағытталуға тиіс. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіреміз, сондықтан да біздің ауыл шаруашылығы өнімдеріміз бәсекеге қабілетті болуға тиіс». Тікелей эфирде ел халқымен жүздесу барысында фермердің сауалына Қазақстан Президенті осылай жауап қайтарды.

Мен асфальт үстінде емес, ауылда өскен қазақпын. Жылқыны жақсы көремін. Бұл Тараз қаласынан телефон шалып, Елбасына “атқа міну әуестігіңіз бе” деп сауал тастаған Айман атты студент қызға берген Президенттің жауабы. Студент қыз өз сауалында Н. Назарбаевтың атқа қарғып мініп, күзетшілерінен озып кеткенін теледидардан көргенін айтқан еді. Осы сұраққа жауап берген Елбасы күзетшілері аттан құлап, мертігіп жүріп, әйтеуір ерге отыруды үйренгенін, бірақ бәрі бірдей емес екенін еске алып күлді. “Мен асфальт үстінде емес, ауылда өскен қазақпын. Ата-бабамыз жылқыны құрметтеген. Қазақ жылқы мінезді, ат-ердің қанаты деген. Мінсең –көлік, ішсең –қымыз болатын жылқыны көп қазақ жас кезінен –ақ жақсы көріп өскен. Мектеп оқулығын қарасақ, санамызға сіңген ертегілерде Қобыландының Тайбурылы, Ер Төстіктің Шалқұйрығы, Ақан серінің Құлагері қандай жақсы айтылған. Сондықтан шынымды айтсам, атты жақсы көремін. Бірақ салт атпен серуен құруға онша көп уақыт жоқ” деді. Сондай-ақ Луговойдағы жылқы зауытында болғанында, өте бір әдемі жорғаға мінгенін және демалыста бір рет болса да, атқа мінгенді тәуір көретінін айтты. “Үлкен кісілер, әкем де ептеп көңіл-күйің нашарлау болса, сырқаттансаң, атқа мінсең бойыңдағы дертті алып кетеді деуші еді. Ол да рас шығар” дей келіп, бәрің де жылқыны құрметтей біліңдер, бақытты болыңдар, деп тілек айтты.

«Таза су» бағдарламасын орындау барысында 1млн. 500 мың адам ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бұл туралы қазақстандықтармен тікелей эфир барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.  
Ауыз су мәселесі Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен болған сұхбат барысында көтерілді. Шымкент қаласының студенті Раушан Тұрынбекова Мемлекет басшысына Шаян кентіндегі тұрғындардың ауыз судан қиыншылық көріп отырғанын жеткізді.  
«Елімізде «Таза су» бағдарламасы бар. Екі жарым жыл ішінде 1 млн. 500 мың адам ауыз сумен қамтамасыз етілді. Естеріңізде болса, Аралға барған сапарымда таза судың тетігін ашып тұрып халықтың қандай қуанышқа бөленгенін көрдім. Таза су - елдің денсаулығы. Мемлекетіміз осы салаға мейлінше мүмкіншілік жасап келе жатыр», деген Президент осы мәселе бойынша облыс әкімімен байланыстыруды сұрады. Телефон байланысына шыққан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Болат Жылқышиев Шаян елді мекенінің су құбырын қайта жаңартуға биыл 15 млн. теңге бөлінгенін, жыл аяғына дейін бұл жұмыстар толық аяқталатынын жеткізді.  
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының атына жолданған сауалдардың 10 пайыздан астамы Оңтүстік Қазақстаннан болып отыр.

Сіздің биылғы халыққа Жолдауыңыз сайлауға дайындық емес пе? Тамыздың 24-інде өткен тікелей эфирде Елбасына осындай сауал қойылды.  
«Мемлекет экономиканың жағдайы көтерсе ғана халыққа әлеуметтік қолдау көрсете алады. Мұның сайлауға еш қатысы жоқ», - деді Елбасы.  
«Және біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, мұндай қолдау келер жылы да, 2007 жылы да жалғасады. Егер, 2008 жылы біз экономикамызды еселендірсек, 2015 жылға қарай - үш еселейміз, бұл халқымыздың әл-ауқаты бір жарым-екі есе жақсарады деген сөз».  
«Конституциялық Кеңес президенттік сайлау мерзімі туралы шешім қабылдады, бірақ, бұл шешімге менің вето қоюға құқығым бар», деді Н. Назарбаев.

Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін де ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге мемлекет қолдау көрсете ме? - Елбасына тікелей эфир кезінде осындай сауал қойылды. «Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жолында белсенді жұмыс атқарудамыз. Мүмкін, келесі жылы осы ұйымға кіретін болармыз», - деді Н. Назарбаев.  
«Бұл бізге жаңа нарықтар өрісін ашады, бұл біздің ашықтығымызды көрсетеді және басқалардың технологияларын алуға мүмкіндік береді. Шекараны ашу біздің нарығымызды түрлі тауарларға қанықтырады. Бұл Қазақстан халқы үшін тиімді»,- деп санайды Президент.  
Мемлекет басшысы сондай-ақ, өнімдерінің сапасы импорттық тауарлардан нашар болса, біздің тауар өндірушілеріміздің сыртта қалып қоятынын, олардың кәсіпорындары тоқтап қалатынын айтты.  
«Бірақ, біз болашағымыз үшін Ұйымға кіреміз. Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген елдердің тәжірибесі - олардың бұдан тек ұтқанын көрсетіп отыр», деп атап көрсетті Президент.  
«Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру туралы келіссөздер барысында, біздің осы ұйым бойынша болашақ әріптестеріміз бізден бұл жеңілдіктерден бас тартумызды талап етіп отырғанына қарамастан, біздің ауыл шаруашылығы үшін субсидияларды сақтап қалуға тырысатынымызды диқандар білуі керек. Біз өзіміздің жас мемлекет екенімізді айтып, тауар өндірушілеріміз әлемдік деңгейге шығуы үшін 5-10 жыл мұрсат сұрап отырмыз», деді Н. Назарбаев.  
«Біз өз өндірушілерімізді қорғаймыз, бірақ, сіздер жаңа технологияларды игеруді және сапалы өнімдер шығаруды үнемі назарда ұстауларыңыз керек. Нарықтың өз ережесі бар, бұл жерде сізге Үкімет көмектесе алмайды», деді Президент.

Қазақстанның ұлттық идеясы ең алдымен оның тәуелсіздігінде болуы тиіс. Тікелей эфир барысында түркістандық азаматтың ұлттық идея жөнінде қойған сауалына Елбасы осылай жауап берді.  
«Осы мәселеге байланысты зиялы қауымның пікірталасын байқап жүрмін. Ұлттық идеяны - көпұлтты, барлық қазақстандық бірдей қабылдайтын болуы тиіс. 75 жыл бойы коммунистік идеямен өмір сүрдік. Бүгінгі мемлекетімізді құрушы қазақ халқы. Қазақ басқа жерде өскен де өнген де жоқ. Біз ешқайдан көшіп келгеніміз жоқ. Қазақ елінің, Қазақстанның тәуелсіздігі - ол бірінші идея. Мұны болашақ ұрпақтың қолына тапсыруға тиіспіз», деді Н. Назарбаев.  
Мемлекет басшысының айтуынша, ұлттық идеяның тағы бір тірегі - ел экономикасын бәсекелестікке сай мықты жасау. Үшінші - елдің бірлігі. Президенттің пайымдауынша, экономика нық болмаса, біздің тәуелсіздігіміз болмайды. Елдің бірлігі болмаса, тағы да тәуелсіздігіміз болмайды. «Осы үш мәселенің төңірегінде қазақтың тілін, қазақтың дәстүрін басқа халықты ренжітпей шешетін болсақ, осы үш саладан артық қандай идея керек. Болашақта біздің ойшылдарымыз керемет идея тауып, халықтың барлығын соған жұмылдыратын болса, оған неге болмайды деп айтамыз», деді Н. Назарбаев.

Ұлттық телеарналар арқылы өтіп жатқан тікелей эфирде Елбасына сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты сауал қойылды. Сауал берген көрермен сыбайлас жемқорлықпен айналысатындары бар елдер арасында Қазақстан алдыңғылар қатарда келе жатқандығы туралы кейбір рейтингілік агенттіктер таратып отырған ақпаратқа назар аударды.  
«Жемқорлық жөнінен Қазақстан көш алдында келе жатқандығы - шылғи өтірік», - деп бұл қауесетті теріске шығарған Елбасы сыбайлас жемқорлықтың кез-келген қоғам үшін күрделі проблема екенін атап көрсетті. «Әзірге, бұл кеселді жеңдім деген ешкім жоқ», деді мемлекет басшысы.  
Елбасының айтуынша, соңғы 4 жылда Қазақстанда түрлі деңгейдегі 350 әкім сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған. «Бұл көрсеткішті әрқилы түсіндіруге болады, дегенмен, бұл - кеселмен күрестің жүргізіліп жатқанына бірден-бір дәлел», деді Н.Назарбаев өз сөзінде. «Саясаткерлер, бұқаралық ақпарат құралдары сыбайлас жемқорлық туралы айтатын болса, олардың аттарын атап, түстерін түгендесін. Ал, мемлекеттік қызметкер өзін ақтап, жала жапқанды сотқа берсін, немесе тиісінше жауап берсін», деді Президент.  
Н.Назарбаев сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен күрес жалпыхалықтық болуы керектігін атап көрсетті. «Біз бұл кеселді түп-тамырымен жоюымыз керек. Бірақ, Қазақстанды қарақшы етіп көрсетудің керегі жоқ», - деді Елбасы.  
Н.Назарбаев, Қазақстанда мемлекеттік деңгейде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарлама әзірленгенін еске салды. Атап айтқанда, бізде Мемлекеттік қызметкерлердің ар-ождан кодексі қабылданған. Елбасы сондай-ақ, басқа да бірқатар шараларды, атап айтқанда, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын көтеру, компьютерлік тестілеу арқылы конкурстық іріктеу, электрондық үкімет ұйымдастыру, мемлекеттік ұйымдардың жұмысын «бір терезе» қағидасы бойынша ұйымдастыру сияқты т.б. шараларды атап көрсетті.  
Елбасы, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қазір жүргізіліп отырған барлық тексерулердің аяғына дейін жеткізілетініне сенім білдірді.

Елбасымен болған тікелей эфирде шемонаихалық кәсіпкер Елена Силантьева сауал қойды. Кәсіпкер елдің шығысынан Қазақстанның орталығына темір жолмен бара жатқанда Ресейдің Алтай өлкесінің шекарасын екі рет кесіп өтуге мәжбүр болатындығы жайлы айтты.  
Ол Елбасына екі рет кеденнен өту, төлқұжат және өткізу режимдерімен байланысты жайсыздықтар, қосымша шығындар туралы әңгімеледі. «Біз тікелей тартылатын темір жол құрылысы туралы естідік. Оның құрылысы қашан басталады?» деді кәсіпкер әйел.  
Осы сауалға жауап берген Елбасы: «Өскемен-Шар темір жолы құрылысының басталуы туралы шешім қабылданғандықтан, бұл сауалға жауап беру оңай» деді.  
Дәл осы күндері, нақтырақ айтқанда, тамыздың 27-сінде Үкімет басшысы Даниал Ахметов Өскемен-Шар темір жолы құрылысының алғашқы қазығын қағу рәсіміне қатысады.  
«Бұл Қазақстанның орталығына баратын жолды 300 шақырымға қысқартады және жолақысын 20 пайызға арзандатады», деп атап көрсетті Елбасы.  
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, осылайша Семейді елдің орталығымен тікелей байланыстырған Ақсу-Курчатов темір жол тармағы құрылысының арқасында аймақаралық темір жол қатынасының проблемасы да шешімін тапқанын атап айтты.

Электрондық пошта арқылы Елбасына: «Жаһандық нарықта Қазақстан әзірге көбіне мұнай өндіруші және экспорттаушы ел ретінде ғана танымал. Сіз қалай ойлайсыз, экономикалық жағынан дамыған елдермен біз тағы қандай салаларда бәсекелесе аламыз?» деген сауал түсті.  
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізді шикізат тәуелділігінен шығаруға ниеттенген өндірушілерге кеңес бере отырып, бұл сауалға мынадай жауап қайтарды:  
«Неліктен тек мұнаймен? Біз қара және түсті металдар экспорттаймыз, минералдық тыңайтқыштар, ет, сүт, тағы басқа да көп нәрсені сыртқа шығарамыз. Біз бүгінде әлемнің 120-дан астам елімен сауда-саттық орнатып отырмыз, Қазақстанның түрлі өнімдері сол елдерге жөнелтілуде. Иә, бізден экспортталатын басты және негізгі өнім - мұнай болып отыр. Сондықтан да, біз индустриялық бағдарламаны жасап отырмыз. Біз осы салада өз орнымызды табуымыз керек. Мұнай саласын айтқанда, бұл ірі мұнай-химия кешеніне қатысты, деп ойлаймын. Біз қазір тиісті ұлттық және шетелдік компаниялардың тамырын басып көрудеміз, бізге этан фракциясын беретіндердің келісімін алдық. Және осы салаға миллиард, тіпті екі миллиард салуға дайын шетелдік компаниялар баршылық. Және ол өнімдердің экспортқа шығарылатынына мен сенімдімін.  
Тоқыма да экспорттық өнім болатынына сенемін. Жақында ғана мен Көкшетауда «КамАЗ» көлігін құрастыратын зауытта болдым, Шығыс Қазақстанда біз «Шкода» автокөлігін құрастырудамыз, осының барлығы экспорттық өнім болады. Біздің сүт және ет өнімдеріміз Қазақстаннан сырт жерлерге экспортталып отыр. Егер, біз өнімдерімізді ТМД елдеріне ғана сатып отырсақ, оны экспорттық тауар емес деп санауға болмайды.  
Бізде сыртқа шығаратын заттар табылады, ал, оның негізгі өзегін, Қазақстанның қандай тауарға арқа сүйейтінін әлі қарау керек. Алматының апортын айтқым келеді. Ондай алма еш жерде жоқ. Егер, осы іспен шындап айналысатын болсақ...  
Біздер неге раушан гүлдерін Голландиядан әкелуіміз керек. Қызғалдақтар ше? Оның түп-тамыры Қазақстаннан шыққан екен. Енді сол гүлді өзімізге әкеліп сатуда. Біз неге осы өнімдерді өзімізде өсіре алмаймыз? Неліктен, біз жүзімнен француздар сияқты сапалы шарап жасай алмаймыз? Ең керегі, технологияны білу және жабдықтарды жеткізу. Бұл біздің бизнеске, біздің кәсіпкерлерге қойылған сауал. Олар қолдағыларын ғана қанағат тұтпай, үздік болуға, басқалардың алды болуға ұмтылулары керек. Барлық мәселе осында», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Ел шекарасы белгіленгенде, біз ештеңені жоғалтқан жоқпыз».  
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тікелей эфирден Орал қаласындағы Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің кафедра меңгерушісі Мырзағали Мұхамбетовтің шекараға қатысты сұрағына орай жауап бергенде осылай мәлімдеді.  
Президент атап өткеніндей, қазіргі кезде қазақ елі тарихи кезеңде, әлем толық таныған шекарасы бар мемлекетте өмір сүріп отыр. Қазақстан Ресей Федерациясы жүздеген жылдар бойы шеше алмай келген Қытаймен екі арадағы шекара мәселесін оңтайлы тарқата білді. Бауырлас елдер – Қырғызстан, Өзбекстанмен арада шекара белгіленгенде де, Қазақстан ештеңені жоғалтқан жоқ. Ең бастысы, 7,5 мың шақырымға созылып жатқан, әлемдегі ең ұзын шекарасы бар Ресей Федерациясы мен Қазақстан арасында маңызды тарихи құжатқа қол қойылды. «Біз сонымен шекара мәселесін толық шештік», деді Елбасы.

Алматы және Астана қалаларындағы әкімшілік жұмыстарды жеңілдетуге арналған «Жалғыз терезе» еліміздің барлық облыс орталықтарында болуы керек. Президент Тараз қаласынан сауал қойған Әсел атты қызға берген жауабында осылай деді.  
«Бұрынғы кезде бір адам іс бастаймын десе, 140 мекемеге барып, 3 айдан 6 айға дейінгі уақытын сарп ететін. Біз осындай әкімшілік кедергіге ұшыратпас үшін дүниежүзілік тәжірибеге сүйендік. Енді жеке тұлға әкімшілік органдарына қатысты жұмысын бір орталықтан тындырады. Онда банк қызметкері мен салық қызметкері және әкімшілік өкілдері бірге, бір мезгілде қызмет көрсетеді. Демек, осындай құрылым, яғни «Жалғыз терезе» жүйесін жасақтап, жергілікті жердегі әкімшілік қызметкерлерінің осы әдіспен жұмыс істеу тәжірибесін тарататын боламыз» деді Н. Назарбаев.

Ақтөбе облысынан хабарласқан мүгедектер қоғамының төрағасы, Елбасымен аттас зейнеткер Нұрсұлтан Қазбақов облыстағы мол газ қорын Мартөк ауданына неге тартпасқа, біздер әлі күнге көмір жағып, қиналып отырмыз. Осыған жәрдем етсеңіз, деген өтінішін жеткізді. Президент бұл мәселені облыс әкімі мен Үкімет басшысына тапсыратынын айтты.  
Кейінгі жылдары Ақтөбе облысында көптеген елді мекендер газдандырылды. Ақтөбенің өзіне де газ келіп, газ -электр стансалары салынып жатыр. Зейнеткер сұрағына орай осы жайттарды еске салған Елбасы Мартөк ауданы шалғай болғасын газ жетпей жатқанын, ол үшін көп қаражат, мүмкіндік керектігін айтты. Соған байланысты «бұл мәселені облыс әкімі мен Үкімет басшысына тапсырайын. Солар зерттеп, сізге жауабын беретін болады», деді.

Елбасымен тікелей эфир кезінде Алматы облысындағы Қызыл Қайрат ауылының тұрғыны Людмила Тропилова өзінің 9 жасар ұлы Исламның қан аздығы дертімен сырқаттанатындығын, оны шет елде емдетуге қаржысының жоқтығын айтып, Президенттен көмек сұрады.  
Н. Назарбаев қолма-қол денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаевпен телефон арқылы хабарласып, оған Л. Тропиловаға көмек көрсетуді тапсырды.  
"Балаларды шет елдерде емдеу жөнінде бізде арнаулы бюджеттік бағдарлама бар. Бұл мәселені біз комиссия отырысында қарап, баланы емдеуге жіберудің шарасын қарастырамыз", деді. Е. Досаев.  
Мемлекет басшысы тапсырманың орындалғандығы жөнінде өзіне хабарлауды министрге міндеттеді.

Қазақстанға келіп жатқан ТМД мемлекеттерінің басшылары біздің елдегі реформалардың оң нәтижесін және мұндағы халықтың әлеуметтік тұрмысын көріп, өз елдеріндегі жағдай Қазақстандағыдай көтеріңкі болса, «түрлі-түсті төңкеріс болмас еді» деген ойды айтады, деді Елбасы тікелей эфирде Алматыдан қойылған сауалға жауабында.  
PR-менеджмент компаниясының директоры Еркін Атабелди «соңғы кездері бірқатар ТМД елдерінде «түрлі-түсті төңкерістердің» жүріп өткендігін, ал мұның біздің елді шарпуы мүмкін бе?» деген алаңдауына Н. Назарбаев ең алдымен, алматылықтардың өз қаласын мақтан тұтуына және оның өсіп-өркендеуіне тілектестігін білдіре отырып, бұл сауалдың аса өзекті екендігіне тоқталды. Виктор Гюгоның «Кедейшлік төңкеріс тудырады, ал төңкеріс кедейшілікке соқтырады» деген сөзін мысалға келтіре отырып, бұл арада бүгінгі таңда Қазақстан экономикасының Украинадан 2 есе, Әзербайжан мен Молдовадан және Грузиядан 2,5 есе артық өркендеп келе жатқандығын еске салды. «Жалақы жөнінен әлдеқайда артықпыз. Астанаға Грузия мен Украинаның және Қырғызстанның жаңа президенттері келді. Ай сайын әрбір елдің министрлерімен кездесіп, реформаны табысты жүргізу жайын кеңесеміз. Олардың барлығы біздің еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалына, алға басқан қадамымыз бен алған бағытымызға жылы пікірлерін білдіріп, «біздің елімізде де осындай жағдай болса, «түрлі-түсті төңкерістердің орны алмауы мүмкін екендігін айтты» деді Президент.  
Мемлекет басшысы ол елдердің экономикалық-әлеуметтік жағдайларының көтерілуіне тілектестігін білдіріп, көрші Қырғызстандағы ішкі жалпы өнімнің, түтас елдің бюджетінің бір ғана Алматы қаласының табысынан төмен екендігін, елдің жаңа басшысының әлі де көп жұмыс жасауына тура келетіндігін, ал біздің оларға көмектесетіндігімізді айтты.

“Халықаралық Олимпиадалық комитеттің басшысы Алматының қысқы Олимпиаданы өткізуге үміткер қала екенін айтты. Сіздің ойыңызша, біздің қаланың Олимпиданы өткізуге қаншалықты мүмкіндігі бар?”. Тікелей эфирде Алматыдағы каратэ-до федерациясының вице-президенті Талғат Егесінов Елбасына осындай сауал жолдады.  
“Менің ойымша, қазіргі таңда Алматының қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге толық мүмкіндігі бар. Бізде Медеу мұз айдыны, жабық спорт кешендері мен Шымбұлақ секілді шаңғы тебетін алаңдар бар. Мәселе, Олимпиаданы өткізбес бұрын басқа да үміткер қалалармен арада болатын бәсекеде жеңіп шығуымыз керек. Ал егер комитет мүшелері Алматыны лайық деп тапса, онда бізге әлі де бірталай шаруаларды атқаруға тура келеді”, деді Н. Назарбаев.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерде білім алатындардың санын арттыру - іріктеу критерийлерін төмендетуге, сәйкесінше, сапаның төмендеуіне әкеліп соқпай ма? - тікелей эфирде Елбасына осындай сауал қойылды.  
Сұраққа жауап қайтарған Елбасы Н.Назарбаев, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алатындардың санын 3 мыңға жеткізу туралы шешім қабылданғанын еске салды. Елбасы сондай-ақ, мамандар дайындау мәселесі Қазақстан үшін өте маңызды екенін баса атап көрсетті. Еуропа бізден 50 жылға озып кетті, бізге олардан артта қалуға болмайды. «Бізге Қазақстанды алға тартатын, заманаға сәйкес ойланатын адамдар керек. ХХІ ғасыр - білім бәсекелестігі ғасыры», - деді Президент өз сөзінде.  
«Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдің үздік жоғары оқу орындарында білім алған 800 адам қазір Қазақстанда жұмыс істейді. Олар министрліктерде, ұлттық компанияларда, бизнесте еңбек етуде», - деп атап көрсетті Елбасы.  
«Іріктеу бұрынғысынша қатаң болады. Сапа зардап шекпейді», деп баса айтты Елбасы. Президенттің айтуынша, шетелдерге тест сынақтарынан өткендер ғана барады. Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алғандар 5 жыл мемлекет үшін еңбек етуі керек.

«Қазақстанда әр жүз отбасыға 33 автокөлік, 153 теледидардан келеді», деді тікелей эфир хабарынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Орал қаласынан телефон шалған мұғалім Светлана Аухатованың сауалына жауап бере отырып.  
С.Аухатова мұғалімдердің жалақысы биылғы шілдеден өскенін, мұның үлкен қолдау екенін айта келіп, сонымен бірге базарларда да, әсіресе, азық-түлік бағасының көтерілгенін, осыған орай өзінің қаупін білдірген болатын. Президент атап өткеніндей, биылғы жылы әлеуметтік мәселелерді шешуге 117 млрд. теңге, соның ішінде еңбекақыны өсіруге 53 млрд. теңге бөлінді. Елбасы ұсынысы бойынша бірқатар ұлттық компаниялар қызмет бағасын көтермеу туралы шешім қабылдады. Бұл алдымен темір жол, электр қуатына қатысты. Ал базардағы бағаның өз ерекшелігі бар. Бір кілем не тоңазытқыш үшін сағаттап кезекке тұрған кезең де өтті. Қазір жағдай басқаша. Егер базарда сондай бағаға зат алатын болсаңыз, сұраныстың болғаны. Алмасаңыз, онда сатушының өзі ойланып қалар еді. Екіншіден, қазір ауыл шаруашылығы өнімдері базарларға тікелей алқаптан әкелінбейді, бірнеше делдал арқылы өтеді, сосын бағасы шырқап кетеді. Мұны жергілікті әкімдіктер, құқық қорғау органдары көріп-біліп отыр. Барлық аймақта Елбасының тапсырмасымен коммуналдық базарлар ашу қолға алынды. Онда сатушыға берілетін орын әлдеқайда арзан. Соған сәйкес баға да көтерілмей, жеке базарлармен бәсекеге түсе алады. «Менің тапсырмамды барлығы да ескеруі тиіс», деп қорытты сөзін Мемлекет басшысы.

Елбасының халықпен тікелей жүздесуінде алматылық балалар дәрігері Бақытқали Ибрайымов: «Сіздің қарсыластарыңыз «халықтың тұрмысы нашар, Президенттің айтып жүргенінің бәрі құр сөз жүзінде ғана» дейді, осы орайдағы пікіріңіз қандай? - деген сауал қойды.  
«Қазақстанның соңғы жылдары өзгергенін соқыр ғана көрмеуі, керең ғана естімеуі мүмкін. Соңғы 5-6 жылда жалақының, зейнетақының және шәкіртақының орташа көрсеткіші 3 есеге өсті», деді Н. Назарбаев қойылған сауалға берген жауабында. Елбасының айтуынша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ТМД мемлекеттерінің ішінде жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің көрсеткіші бойынша Қазақстан 13-ші орында болатын, ал бүгін Ресейден кейінгі орынға шықты. Қазіргі уақыттағы жан басына шаққандағы ЖІӨ 3 мың 300 АҚШ доллары болып отыр, келесі жылы ол 4 мың 200 АҚШ долларын құрайды, ал 2008 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ 5 мың 800 долларды құрап, біз Польша, Венгрия, Чехия және Малайзия мемлекеттері секілді болмақпыз. «Алматыны қараңыз, көліктерден аяқ алып жүргісіз, зәулім үйлерден басың айналады, бұның бәрі халықтың әлеуметтік жағдайының өскендігінің белгісі. Және бұл ешқандай да сөз емес, сіз бен біздің нақты істеріміздің жемісі», деп жауап берді Елбасы.

Көп ұлттылық пен көп конфессиялық - біздің артықшылығымыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл туралы тікелей эфирде мәлімдеді.  
Елбасы, елімізде Қазақстан халықтары Ассамблеясына біріккен 130 ұлт пен ұлыс, 45 конфессия өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп, еңбек етіп жатқанын еске салды.  
«Қазақстанның қол жеткізген барлық табыстарының негізі - халықтар достығына байланысты. Бұл ұғымды сандыққа салып, жасыруға болмайды. Оны жария етіп, сілкіндіру, біздің елімізде тұрып жатқан халықтардың арасындағы достық, адамдар арасындағы келісім мен сенім дамуымызға көмектесіп отыр, деп жар салуымыз керек. Сондықтан да біздің елімізге инвестициялар түсіп жатыр», - деді Н.Назарбаев өзінің сөзінде.  
Республикадағы көптеген ұлттардың өкілдері бұл жерде өмір сүріп қана қоймай, өздерінің және балаларының болашақтарын құруға болатынына көздері жетіп отыр, деп атап көрсетті Елбасы өз сөзінде.  
«Мен республикадағы барлық ұлт өкілдерінің Қазақстанды біздің ортақ үйіміз, Отанымыз деп қабылдап, өз болашағымызды өзіміз жасап жатқанымызды сезінгенін қалаймын»,- деді Елбасы өз сөзінде.

«Мен ерекше бір диета сақтамаймын»,- деп жауап қайтарды Н. Назарбаев Қостанай облысы Лисаковск қаласы тұрғынының сұрағына Ұлттық телеарнаның тікелей хабарынан. Лисаковскіден Ирина есімді әйел Елбасының атына жолдаған электронды хатында Мемлекет басшысының қандай диета ұстанатынын сұраған екен.  
«Мен әрдайым өзімді шектеумен, белгілі бір тәртіпті ұстанумен келемін»,- деді Н.Назарбаев, - Айталық, кешкілік етке тойып жатсам, ертеңіне шай ғана ішемін. Әрине, бұл әзіл ғой. Ал шынын айтар болсам, мен қазақстандықтарды белсенді өмір салтын сақтауға шақырумен келемін. Спорттың бірнеше түрлерінің дамуы мен кеңінен таралуы үшін теннис, гольф ойнап, ат спортымен шұғылдана бастадым».  
«Ал, Ирина, менің сізге айтарым,- деп жалғастырды сөзін Президент хат авторына, - сұлу емес әйел жоқ, жалқау әйелдер ғана бар. Бойыңды ширақ ұстап, өзіңді өзің күтуің керек, сонда жағдайыңыз да жақсара түседі».

“Соңғы уақыттарда ел арасында Үкіметтің ауыстырылатыны жөнінде әңгіме бар. Сіз Мемлекет басшысы ретінде осы мәселенің басын ашып берсеңіз”, деді Елбасымен болған тікелей эфир кезінде алматылық Андрей есімді жігіт.  
Президенттің айтуынша, қазіргі таңда ел экономикасы тұрақты дамып келе жатқандықтан, Үкіметті ауыстыруға ешқандай негіз жоқ. Оның үстіне, ел ішінде саяси тұрақтылық сақталуда. Үкімет мүшелері, бүгінде ауылдарды дамыту бағдарламасын және тұрғын үй мәселесін шешуде нақты шаралар атқарса, халықтың әлеуметтік жағдайы дұрысталып келеді. Әлбетте, Үкімет құрамын толық ауыстырмасақ та, кейбір басшыларға байланысты кадрлық өзгерістер болуы мүмкін.

Үш жыл ішінде біз 12 млн. шаршы метр тұрғын үй салуымыз керек. Тікелей эфирде Мемлекет басшысы қазақстандықтардың сұрақтарына жауап бере отырып, осындай мәлімдеме жасады.  
«Біз биылғы жылдан бастап мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын іске асырып жатырмыз. Үш жылдың ішінде 12 млн. шаршы метр үй салуымыз керек. Бұл бағдарлама мемлекет тарапынан қолдау тауып отыр. Мұның себебі, үйлерді салуға мемлекеттен несие алатын құрылыс компаниялары шаршы метрдің бағасын 350 АҚШ долларынан арттырмаулары керек», деді Елбасы.  
Н. Назарбаевтың айтуынша, бағдарлама бойынша ең алдымен, жас отбасылар, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттегі мұғалімдер және дәрігерлер үй алуға қол жеткізетін болады. Сонымен қатар, коммуналдық үйлерді салу да қолға алынбақ. «Сондықтан да бұл бағдарлама бойынша тиісті құжаттарын жинап, 10 пайыздық алғашқы салымын салып, банктерден несие алуға болады. Ол қымбаттау болса, онда тұрғын үй алудың мемлекеттік тұрғын үй-құрылыс банкі жүйесі бар», деді Елбасы.

Каспийге келген инвесторға қойылатын ең бірінші талап – оның экологиясы мен биологиялық байлықтарын сақтау. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл туралы, Ақордада тікелей байланысқа Атыраудан шыққан Сәрсеналиев Еламан деген азаматтың сұрағына орай жауап берген кезінде айтты.  
Н. Назарбаевпен тікелей байланысқа шыққан атыраулықтар қазір Махамбет алаңында жиналған. Олардың арасынан Президентке алғашқы сұрақты Бегіман Қасеналиев есімді қала тұрғыны Каспий экологиясына байланысты қойып, Каспий мұнайын игеретін шетелдік компаниялар экология талаптарын сақтауға міндеттелген бе, жалпы Каспийге Арал тағдыры секілді қауіп төніп тұрған жоқ па, деді.  
Жиналып тұрған сол қауым арқылы барша атыраулықтарға зор денсаулық, жақсы болашақ тілейтінін жеткізген Президент жақында Каспий мұнайын игерудің мемлекеттік бағдарламасы қабылданғанын айтты. “Сол бағдарлама бойынша, Каспий теңізінің биологиялық байлығын, экологиялық жағдайын, тазалығын, балық байлығын қорғап, сақтау үшін мемлекет әр уақытта шара қолданып отырады. Қай инвестор болсын, Каспийге келсе, алдына қоятын талап – Каспий қайраңын лайламауға, балықтарға зиян тигізбеуге кепілдік беруі тиіс. Қазір экология министрлігінен, мемлекет тарапынан мұқият бақылау бар. Сондықтан біз мұнайын алумен бірге, теңізіміздің байлығын сақтап қалу үшін мемлекет тарапынан барлық шараны қолданамыз. Оған қам жемеңіздер. Ешкімге де заң талаптарын бұзуға жол бермейміз, деді Мемлекет басшысы.

Елбасы Үкіметке мүгедек балалардың білім алуы үшін 200-250 орындық екі мектеп салуға тапсырды. Президентпен өтіп жатқан тікелей эфир барысында талдықорғандық азаматша мүгедек балаларға арналған мектеп-интернаттарын ашуға байланысты сұрақ қойған болатын.  
Талдықорғандық азаматша Ларисаның айтуынша, оның өзі де баласы - Анатолий Мигай да зағип-мүгедек. Республикамызда тек Алматы қаласында ғана зағип балалардың мектеп-интернаты бар. Сондықтан да мұнда орналасқысы келген балалардың саны көп болып отыр. Бірақ орын жоқ. Осыған байланысты Лариса Алматы облысынан мүгедек балаларға арналған мектеп ашу жөнінде сұраған болатын.  
«Егер сіз менің ақпандағы Жолдауыммен таныс болсаңыз, мен онда осындай және басқа да мүгедек балаларға, олардың оқуына, біліктілік алуына мүмкіндік жасауымыз керек екенін айтқан болатынмын. Сіздің сұрағыңыз өте орынды. Мен бұл жөнінде Үкіметке тапсырма бергенмін. Тағы да естеріңізге сала кетейін, бізге осындай 200-250 орынды екі мектеп салуымыз керек. Сонымен бірге, сіздің жеке басыңыздың шаруасы бойынша, Білім және Денсаулық сақтау министрлеріне осы мәселелермен айналысуын тапсырамын. Біз сізге міндетті түрде көмек көрсетуге тырысамыз. Жауабын алатын боласыз», деді Н. Назарбаев.

Барлық халықаралық әуебайланыстарын Алматыдан Астанаға көшіру мәселесіне байланысты алаңдаушылығын білдірген  
Алматылық тұрғынның сұрағына орай Президент барлық рейстерді көшіру мүмкін еместігін айтты. Өйткені шет ел компанияларының барлығы дерлік Алматыға ұшып үйренген. Мұның қаржылық жақтары да бар. Бірақ, қазір Астана қаласында да жаңа заманға сай халықаралық әуежай салынды. Осы орайда еуростандарттарға сай жұмыс істейтін «Эйр- Астана» Ұлттық компаниясының халықаралық әуе рейстерін елордаға көшіру ниетін түсінуге болады. Барлық нәрсенің орталыққа, Астанаға қарай тартылатыны табиғи жағдай. Бірақ бұл ең бірінші алматылықтардың зиян шекпеуін және болашағы зор саналатын туризмнің мүддесін ескере отырып, тиімді шешілуі тиіс, деді Н. Назарбаев.

Елбасы өз сөзінде сондай-ақ, Атырау қаласының әуежайы құрылысын аяқтап, Шымкент әуежайын қайта жөндеу және Ақтау қаласының теңіз айлағы дамытылып жатқанын айтып өтті.

Жол салғанда оның тиімділігін ойлау керек. Тікелей эфир барысында Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразбай Әділбаевтың Бейнеу – Шалқар бағытымен темір жол салу мәселесіне байланысты қойған сұрағына Елбасы осылай деп жауап берді.

Ақтөбелік ардагердің айтуынша, Ақтөбе облысына қарасты Бейнеу-Шалқар және Бейнеу – Сексеуіл бағыттарымен темір жол құрылысының жобасын қарастырған Үкімет, бір жақты шешімге келе алмай отыр. «Егер жол Бейнеу-Шалқар бағытымен салынса, қаржылық, экологиялық, экономикалық жағынан тиімді болар еді. Мәселен, Бейнеу-Шалқар бағыты, Бейнеу – Сексеуіл бағытынан 60 шақырым қысқа. Сонымен қатар, жол Бейнеу – Шалқар бағытымен салынса, онда 6,5 мың халқы бар 4 елді мекенді басып өтеді. Сондай-ақ Шалқар өңірінен бірқатар темір жол өтіп жатқандықтан тәжірибелі мамандар да жеткілікті», деген О. Әділбаев, осы мәселе бойынша Н. Назарбаевтың пікірін сұраған болатын.

«Жол салу мәселесі үлкен қаражатты қажет етеді. Бұл іске кірісердің алдында осы жол қаражатты қайтара ала ма? Ол жолдың бойында елді мекендер бар ма? Осылардың барлығы еске алынады. Біз Каспий, Ақтау аймағына қарай жүкті жедел тасуды ойластырудамыз. Сондықтан да арақашықтығы 60 шақырымға жақын Бейнеу – Шалқар жолын таңдаған дұрыс шығар», деді Мемлекет басшысы.  
 Ақтөбелік ақсақал Елбасына денсаулық тілеп, алғыс айтты.

Дүниежүзі қазақтарының III Құрылтайы ағымдағы жылдың күзінде елордада өтуі мүмкін. Тікелей эфир арқылы Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарымен сұхбаттасу барысында Елбасы осылай деді.  
   
Шымкентте тұратын Ираннан келген оралман-ақсақал, туған еліне, жеріне оралуына көрсеткен қамқорлығы үшін Елбасына алғысын білдірді. Қазақстанға келгелі жеті келін түсіріп, 25 немере сүйген қарт, сырттағы қандастардың Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы қашан өтетіні жөнінде хабар күтуде екенін жеткізді. Өз кезегінде Президент ақсақалдың деніне саулық тілей келе, халық санын көбейтіп жатқанына ризашылығын білдірді.  
   
«Біз дүние жүзіндегі өзінің қандастарын еліне шақырып жатқан бірегей мемлекеттің біріміз. Екінші құрылтай Түркістанда өткенін білесіздер. Қазір де осы игі шараға дайындық жүріп жатыр. Алқалы жиын биыл күзде ел ордасы – Астанада болатын шығар», дей келе, Мемлекет басшысы «ол жақтағы қандастарымыз да жаңа Астанамызды көрсін, соған қуанып қайтатын болсын», деген ниетте екенін жеткізді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар