Жаңалықтар

25 сәуір 2018
Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев Қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын жоғары өкілдердің тоғызыншы халықаралық кездесуіне қатысты
Ресей Федерациясы, Сочи қаласы

Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев бастаған еліміздің делегациясы Қауіпсіздік мәселелермен айналысатын жоғары өкілдердің тоғызыншы халықаралық кездесуіне қатысты. Іс-шараны Ресей Федерациясының Қауіпсіздік кеңесі ұйымдастырды.

Кездесу барысында бірқатар мәселелер, соның ішінде халықаралық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатер, халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл, ақпараттық қауіпсіздік, есірткінің заңсыз айналымымен күрес жүргізу және тағы басқа мәселелер талқыланды.

Ресейде тоғызыншы рет өтіп жатқан мұндай кездесулерге көптеген мемлекет сарапшылары назар аударады.

Сочидегі кездесуге 100-ден астам мемлекеттің қауіпсіздік кеңестері, құқық қорғау және арнаулы органдары, сыртқы саясат ведомстволары аппараттарының өкілдері, сондай-ақ БҰҰ құрылымдарымен бірге түрлі халықаралық ұйымдардың қызметкерлері қатысты.

Н.Ермекбаев «Халықаралық террористік ұйымдардың стратегиясы мен тактикасының дамуы» тақырыбындағы баяндамасында экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылға байланысты нормативтік құқық базаны қалыптастыру жөніндегі Қазақстанның іс-қимылына, еліміздегі терроризмге қарсы күштердің ұйымдастырылу жайына, ТМД, ШЫҰ және ҰҚШҰ аясындағы серіктестермен бірлесе атқарылып жатқан алдын алу жұмыстарына тоқталды.

Әлемдегі барлық мемлекеттердің терроризмге қарсы күрес жүргізуші күштерін жұмылдырудың маңыздылығы атап өтілді.

Осыған байланысты, Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы тоғызыншы халықаралық кездесудің қатысушыларына Нұрсұлтан Назарбаевтың Терроризмге қарсы күрестің жаһандық желісін (коалиция) құру, сондай-ақ Террористік ұйымдардың бірыңғай тізбесін әзірлеу туралы бастамаларын белсенді түрде қолдауды ұсынды.

Сонымен қатар, іс-шара аясында еліміздің делегациясы түрлі мемлекеттердің өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Кездесулер барысында өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара ықпалдастық мәселелері талқыланды.

Бұл ретте, Орталық Азия мемлекеттерінен келген әріптестер қауіпсіздік кеңестері аппараттары деңгейінде өңірлік көпжақты консультациялардың тұрақты тетігін құру қажеттігіне назар аударды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар