Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңсесі

Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңсесі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

Кеңсенің міндеттері мен функциялары мыналар болып табылады:

1. Президенттің және Әкімшілік Басшылығының қызметін құжаттамалық, ұйымдастыру-техникалық және ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету;

функциялар:

1) «Ақорда» резиденциясына келіп түсетін құжаттар мен материалдарды, оның ішінде құпиялылық грифі барларын, қабылдау және есепке алу, оларды адресаттарға жедел беру, қызметтік хат-хабарды өңдеу, тіркеу және жөнелту;

2) Қазақстан Республикасы заңдарының, Президент актілерінің жобаларын, қызметтік құжаттарды, жеке және заңды тұлғалардың арыз-өтініштерін, сондай-ақ Президенттің атына түсетін өзге де материалдарды, оның ішінде құпиялылық грифі барларын, алдын ала қарау, олар бойынша Президенттің тиісті қарарларының жобаларын дайындау;

3) Президенттің жұмыс кестелерін түзу және олардың іске асырылуына мониторинг жүргізу;

4) Президенттің жұмыс кестелерінің іске асырылу қорытындыларын талдау және ақпараттық жариялау;

5) Президент қатысатын іс-шараларға материалдарды дайындауды үйлестіру мен жинау;

6) Президенттің қызметімен, Қазақстан Республикасында президенттік институттың қалыптасуымен және дамуымен байланысты материалдарды жинау, талдау және жүйелеу;

7) арнайы жобаларды әзірлеу және іске асыру, сондай-ақ Президенттің өмірімен және қызметімен, Қазақстан Республикасында президенттік институттың қалыптасуымен және дамуымен байланысты имидждік материалдарды дайындау;

8) Президенттің өмірімен және қызметімен, Қазақстан Республикасында президенттік институттың қалыптасуымен және дамуымен байланысты имидждік материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында, ведомстволық баспа және электрондық басылымдарда орналастыруды ұйымдастыру;

9) Президенттің жедел хат жазысуын қамтамасыз ету, сондай-ақ Президенттің құттықтау хаттарын және құттықтау жолдауларын дайындау мен жіберуді ұйымдастыру;

10) Президент қол қойған Қазақстан Республикасының заңдары мен тиісті актілер туралы ақпараттың теледидар арқылы және Интернетте уақтылы жария етiлуiне бақылауды жүзеге асыру;

11) Президенттің лауазымды адамдарды және азаматтарды жеке қабылдауын ұйымдастыру және есебін жүргізу, сондай-ақ оны жедел телефон байланысымен қамтамасыз ету;

12) Астана және Алматы қалаларында (Президенттің болатын кезеңінде) Президенттің қабылдау бөлмелерінің, сондай-ақ Кеңсе бастығының қабылдау бөлмесінің жұмысын ұйымдастыру;

13) Президент тапсырмаларының орындалуы жөнінде егжей-тегжейлі шаралар қабылдау мақсатында Әкімшіліктің құрылымдық бөлімшелерімен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау;

14) Кеңсе бастығының Әкімшіліктің құрылымдық бөлімшелері басшыларымен өткізетін бақылау жөніндегі және өзге де кеңестерін (отырыстарын) дайындау және тиісті тапсырмалардың орындалуына бақылауды жүзеге асыру;

15) Әкімшілікке ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің (Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайы және Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты) жұмысын үйлестіру және бақылау, сондай-ақ оларға ақпараттық-талдамалық және имидждік жұмыс мәселелері бойынша консультативтік-әдістемелік көмек көрсету;

16) Президенттің кітапханалық қорын құру және кабинеттік кітапханаларына қызмет көрсету;

17) Кеңсенің құжаттарын өңдеу және оларды кейіннен мұрағаттық сақтауға Жалпы бөлімге жіберу үшін құжаттамалық қор қалыптастыру;

18) Президенттің қызметтік үй-жайларындағы техниканың, жабдықтар мен мүліктің ақауларын жою, сондай-ақ коммуникацияның техникалық жай-күйін алдын ала қарау жөніндегі шаруашылық қызметтердің жұмысын бақылау;

19) Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы қызметі нәтижелерінің Президентте қаралуына дайындықты қамтамасыз ету;

 

2. Президенттің жанындағы Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның қызметін қамтамасыз ету;

функциялар:

1) Президенттің, Мемлекеттік хатшының және Әкімшілік Басшылығының мемлекеттік наградалар мәселелері бойынша актілері мен тапсырмаларын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың орындауына бақылау тұрғысында мемлекеттік наградалар саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуына мониторинг жүргізу және оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;

2) Президенттің жанындағы Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның отырыстарын өткізуді ұйымдастыру және Комиссия қабылдаған шешімдердің орындалу барысына бақылауды жүзеге асыру;

3) мемлекеттік наградалармен наградтау және наградалардан айыру жөніндегі Президент жарлықтарының жобаларын дайындау;

4) Президенттің, сондай-ақ оның тапсырмасы бойынша басқа да лауазымды адамдардың мемлекеттік наградаларды тапсыруы жөніндегі іс-шараларды дайындау мен өткізуді қамтамасыз ету, оның ішінде мемлекеттік наградалардың жергілікті жерде уақтылы тапсырылуын бақылау;

5) «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен және Қазақстан Республикасының Президенті Іс басқармасымен мемлекеттік наградалар мен олардың құжаттарының резервін ұстап тұру, оларды мемлекеттік органдарға жіберу жөнінде өзара іс-қимыл жасау;

6) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік наградаларының ұлттық картотекасын жүргізу;

7) мемлекеттік наградалар мәселелері бойынша іс қағаздарын жүргізу;

8) наградтау жұмысына жауапты орталық және жергілікті мемлекеттік органдар қызметтеріне консультативтік-әдістемелік көмек көрсету;

 

3. Әкімшіліктің қызметін қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету;

функциялар:

1) кезекті жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік өтінімдер мен бюджеттік бағдарламалардың жобаларын әзірлеу және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсыну және олардың Республикалық бюджеттік комиссияда қаралуына қатысу;

2) тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің мемлекеттік сатып алуын ұйымдастыру мен өткізу, оларды алу жөнінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шарттар жасасу, сондай-ақ ведомстволық бағыныстағы ұйымдар бойынша деректерді ескере отырып, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алуға мониторингті жүзеге асыру;

3) мүлік пен міндеттемелердің болуы мен қозғалысына, материалдық, еңбек және қаржы ресурстарының қаржыландыру жоспарларына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі беретін рұқсаттарға сәйкес пайдаланылуына есепті қамтамасыз ету;

4) Әкімшіліктің бағынысты мекемелердегі республикалық бюджеттік бағдарламаларының (кіші бағдарламаларының) атқарылуына ішкі бақылауды жүзеге асыру;

5) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының Президенті Іс басқармасымен өзара іс-қимыл жасау;

6) Әкімшіліктің бухгалтерлік есебі мен есептілігін жүргізу;

7) қаржы, бухгалтерлік есеп пен есептілік, мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша іс қағаздарын жүргізу.

Президент және Әкімшілік Басшысы белгілейтін өзге де міндеттерді орындау.

 

Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – Онжанов Нұрлан Баймолдаұлы.


 
 Құрылымдық бөлімшелер