Мемлекеттік құқық бөлімі

Мемлекеттік құқық бөлімі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

Мемлекеттік құқық бөлімі қызметінің негізгі бағыттары:

1. Президенттің құқықтық саясат саласындағы өкілеттіктерін іске асыруды қамтамасыз ету.

Бөлім осы міндетті іске асыру үшін мемлекеттің құқықтық саясатының негізгі бағыттары және жетілдіру, құқықтық реттеудің тиімділігін арттыру, осы саладағы стратегиялық құжаттарды әзірлеу жөніндегі ұсыныстарды Президентке дайындауға қатысады.

2. Президенттің Конституциялық Кеңеске, Парламентке, сондай-ақ Үкіметке және өзге орталық атқару органдарына қатысты өкілеттіктерін іске асыруды қамтамасыз ету.

Бөлім осы міндетті іске асыру үшін:

- Заңнамамен белгіленген тәртіпте заңдарға, заңдардың, Үкімет қаулылары жобаларына, мемлекеттік органдар актілерінің жобаларына құқықтық сараптама жүргізеді;

- Президенттің Конституциялық Кеңеске жүгінулерін және Президенттің Конституциялық Кеңестің шешімдеріне қарсылықтарын дайындайды.

3. Президенттің соттарға және судьяларға, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесінің қызметіне қатысты өкілеттіктерін іске асыруды қамтамасыз ету.

Бөлім осы міндетті іске асыру үшін:

- Президентке Жоғарғы Сотының Төрағасы мен судьяларын қызметке сайлау және қызметтерінен босату мәселелері жөнінде, жергілікті және басқа соттардың төрағаларын және судьяларын тағайындау және қызметтерінен босату мәселелері жөнінде, сот жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындайды;

- Жоғары Сот Кеңесінің отырыстарын дайындау мен өткізуді және оның шешімдерінің орындалуына бақылауды жүзеге асырады.

4. Президент жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің, Президент жанындағы азаматтық мәселелері жөніндегі және кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссиялардың қызметін құқықтық қамтамасыз ету.

Бөлім осы міндетті іске асыру үшін аталған консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарын дайындау мен өткізуді жүзеге асырады, оның шешімдерінің орындалуына бақылауды жүзеге асырады.


Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі

ВАГАПОВ Данияр Валерьевич

 

1977 жылы 6 маусымда туған.

Білімі:

1998 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.  

Еңбек жолы:

1999 жылдан 1999 жылғы желтоқсанға дейін – Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Заң қызметі департаментінің Заңнаманы құқықтық сараптау, кодтау және жүйелеу басқармасының жетекші маманы.

1999 жылдан 2000 жылға дейін – Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігінің Заң департаментінің Нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету басқармасының Заңнаманы талдау бөлімінің бас маманы.

2000 жылдан 2001 жылға дейін – Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментінің Құқықтық сараптама, заңнаманы жүйелеу және құқықтық жалпыға міндетті оқу басқармасының құқықтық сараптама бөлімінің бастығы.

2001 жылдан 2002 жылға дейін – Қазақстан Республикасының Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқықтық бөлімінің консультанты.

2002 жылдан 2003 жылға дейін – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің Кеңсесінің Заң бөлімінің азаматтық және шаруашылық заңнама секторының меңгерушісі.

2003 жылдан 2006 жылға дейін – Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментінің директоры.

2006 жылдан 2007 жылға дейін коммерциялық ұйымдарда жұмыс істеген.

2007 жылдан 2008 жылға дейін – Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Парламентіндегі өкілдігі басшысының орынбасары.

2008 жылдан – 2013 жылғы қыркүйекке дейін – «Нұр Отан» ХДП Заң басқармасының басшысы, «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты басшысының орынбасары.

2013 жылғы қыркүйектен бастап – Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Сауда комитетінің төрағасы.

2014 жылғы тамыздан бастап – 2018 жылғы мамырға дейін – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің жауапты хатшысы.

2018 жылғы мамырда Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды.

Мемлекеттік наградалар: «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі,  

Марапаттары: «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медальдары.


 
 Құрылымдық бөлімшелер