National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясына қатысты

2022 жылғы 10 қаңтар

Бүгін елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстан Президентінің бастамасымен шақырылған Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы бейнебайланыс режимінде өтті.

Жиынға Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Қырғызстан Министрлер кабинетінің Төрағасы –  Президент Әкімшілігінің Басшысы Ақылбек Жапаров және ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зась қатысты.

Қазақстан Президенті сессия қатысушыларына елімізде қалыптасқан ахуал мен оны тұрақтандыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берді. Мемлекет басшысы ҰҚШҰ бойынша әріптестеріне көрсеткен көмектері үшін ризашылығын білдірді.

– Шын мәнінде, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бірінің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен тұтастығын қамтамасыз ету үшін Ұйымның бітімгерлік күштерінің ауқымды түрде жұмылдырылу жағдайы бірінші рет болып отыр. Біз үшін ҰҚШҰ бойынша әріптестеріміздің әскери ғана емес, моральдық қолдау көрсетуі де аса маңызды. Ұйымға мүше мемлекеттердің бәрі біртұтас майдан болып, Қазақстанның үндеуін бірауыздан қолдады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Ұйымның бұдан пайдалы әрі жақсы тәжірибе алатынын, осал тұстар талданып, тиісті шешім шығарылатынын, реттеуші құжатқа түзетулер енгізілетінін атап өтті.

– ҰҚШҰ беделді әскери-саяси ұйым ретінде өзінің қажетті әрі тиімді екенін көрсетті. Бұл мемлекеттеріміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нақты механизм, – деді Мемлекет басшысы.  

Саммит барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары Қазақстан Республикасындағы жағдай жөнінде пікір алмасып, еліміздің басшылығы жасап жатқан іс-әрекеттерді қолдайтынын айтты. Сондай-ақ тұрақтылық пен конституциялық тәртіпті қалпына келтірудің маңызды екеніне назар аударды. ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зась бірлесе қабылдаған шешімдердің жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.

Мемлекеттер басшылары ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштерінің Қазақстандағы миссиясы аяқталғанша тұрақты байланыста болуға уағдаласты. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзінің толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің