Жаңалықтар

17 қаңтар 2018
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасының Президенті Іс басқармасы Медицина орталығының жаңа үлгідегі балабақшасының ашылу рәсіміне қатысты

Іс-шараға орталық және жергілікті атқарушы органдардың, Президент Іс басқармасының, Медицина орталығының өкілдері қатысты.

Г.Әбдіқалықова құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жолдауында мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуына арналған бірыңғай стандарттарды енгізу қажеттігі айтылғанын атап өтті. Ол үшін біз саламатты және бақытты балалық шаққа арналған барлық жағдайды жасауымыз керек. Сондай міндеттің бірі – балаларды 2020 жылға қарай мектепке дейінгі мекемелермен 100 пайыз қамту. 2017 жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 90 пайыздан асты. Қазақстанда жылына 400 мыңға жуық сәби өмірге келеді. Астанада 20 жыл ішінде туу көрсеткіші 2,5 есе өсті. Өткен жылдың 11 айында елордада 26 мыңнан астам бала дүниеге келді. 2017 жылы елде 849 балабақша ашылды, оның 82-сі – Астанадағы мектепке дейінгі мекемелер.

«Бүгін цифрлық дәуірдің барлық заманауи талабына сай тағы бір тамаша балабақша есігін ашты. Ол тек елордадағы ғана емес, бүкіл республикадағы балабақшалар үшін үлгі болады деп сенемін», – деді Мемлекеттік хатшы.

Соңында Г.Әбдіқалықова балаларды, ата-аналар мен тәрбиешілерді балабақшаның ашылуымен құттықтап, оның сүйікті Астанамыздың 20 жылдық мерейтойы жылында лайықты тарту болғанын ерекше атап өтті.

***

350 орынға арналған жаңа балабақшада мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеп-оқыту үшін барлық жағдай жасалған. Педагогикалық құрамы біліктілігі жоғары, шығармашыл педагогтардан тұрады. Білім беру үдерісінде жаңа әдістемелер қолданылады. Олар: интерактивті МИО технологиясы (3 тілде балалардың танымдық және коммуникативтік қабілетін дамыту жөніндегі мультиинтеллектуалдық орталық), қазақ тіліне бейімдеу әдістемесі, В.Воскобовичтің дамыту ойындары, М.Монтессори педагогикасы жүйесінің элементтері.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар