Жаңалықтар

1 қараша 2016
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы» республикалық акциясының басталу рәсіміне қатысты

Акцияның мақсаты – Елбасы, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерін паш ету, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы негізінде халықтың бірлігін нығайту.

Құттықтау сөзінде Г.Әбдіқалықова акцияның қазақстандық бірегейлікті нығайту мен дамытуды қамтамасыз етіп, жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру ісіне үлес қосатынын атап өтті.

Акцияның ашылу рәсімінде Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары – Владимир Божко, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Ералы Тоғжанов, Мәжіліс депутаттары, ҚХА, этномәдени және жастар бірлестіктерінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым, «Қазақстан теміржолы» ҰК АҚ қызметкерлері, қала тұрғындары қатысты.

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы 43 күн ішінде еліміздің барлық өңірлерінде болып, 35 елді мекенде аялдап, өз жұмысын 14 желтоқсанда Алматы қаласында аяқтайды.

Осы кезеңде жергілікті жерлердегі азаматтардың нақты мәселелері шешіліп, медициналық, әлеуметтік, құқықтық көмек көрсетіледі, сондай-ақ кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және т.б. салалар бойынша кеңестер беріледі.

Акция барлық әлеуметтік топтарды қамтиды, тұрғындардың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған бөлігіне, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, шалғай елді мекендер тұрғындарына ерекше назар аударылатын болады.

Акцияға Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мемлекеттік органдар өкілдері, мәдениет және спорт қайраткерлері, медицина және әлеуметтік сала қызметкерлері қатысады.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар