Жаңалықтар

3 қыркүйек 2013
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың №64 мектеп-лицейінде қала мектептері түлектерінің тобы үшін патриотизм сабағын өткізді

Қазақстан Президенті оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, бүкіл еліміз бойынша 7700 оқу орны есігін ашып, 2 миллион 540 мың оқушы партаға отырғанын атап өтті.

Мемлекет басшысымен кездесуге оқуда, спорт пен шығармашылықта үздік нәтиже көрсеткен он бірінші сыныптың 22 оқушысы қатысты. Олар қалалық, республикалық, халықаралық олимпиадалардың, зияткерлік ойындар мен ғылыми жобалар байқауының жүлдегерлері болып саналады.

Қазақстан Президенті оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, бүкіл еліміз бойынша 7700 оқу орны есігін ашып, 2 миллион 540 мың оқушы партаға отырғанын атап өтті.

– 1 қыркүйекте 77 жаңа мектеп, соның ішінде 5 Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды, ал жыл соңына дейін тағы 82 оқу орны берілетін болады. Мұндай біздің елдің тарихында ешқашан болып көрген емес. Тәуелсіздік жылдары елімізде 6 миллионнан астам бала дүниеге келді. Мен белгілеп берген Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясын дәл сендердің буындарың іске асыратын болады. Бүгінде еліміз қарқынды дамуда. Сендердің ата-аналарың мен барлық азаматтарымыздың бірлескен жұмысы арқасында біз Қазақстанның табыстарын күллі әлемге көрсеттік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.        

Мемлекет басшысы оқушылармен туған елге деген сүйіспеншілік, қазақстандық патриотизмнің негіздері туралы әңгімелесті.

– Сендер патриотизмнің өз жеріңе, туыс-туғандарың мен жақындарыңа, халық пен ел игілігі үшін жұмысқа деген сүйіспеншілік ретіндегі түрлі ұғымын ашып бердіңдер. Отанға деген сүйіспеншілік мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады. Мемлекеттік Ту тарихты, халқымыздың дәстүрлерін айшықтайды, сондай-ақ алға қойған барлық мақсатымыз бен міндетімізге қол жеткізуге деген жас ұлттың ұмтылысын бейнелейді. Елтаңба жұлдызды шаңырақ бейнеленген біздің ортақ үйіміздің символын білдіреді – бұл бейбітшілік пен туған жерді қауіп-қатерден қорғаудың ежелгі үлгісі. Патриотизмді ұлтшылдықпен шатастыруға болмайды. Патриот – өз елін сүйетін және өзге мемлекеттерге құрметпен қарайтын адам. Екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретті тәжірибесі патриотизмнен ұлтшылдыққа өтудің қауіпті екенін, сондай-ақ өзге халықты кемсітпей, өз еліңді сүю қажеттігін нақты көрсетіп берді. Осындай бағдармен өмір сүру қажет, – деді Қазақстан Президенті.          

Патриотизмнің ерекше көрінісі ретінде Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің табысты дамуының символы болып саналатын елордамыз – Астанаға деген сүйіспеншілікті атады.

– Ең қиын жылдары біз елорданы ауыстыру туралы шешім қабылдадық. Және 10 жыл ішінде елорданы дамытудың барлық негізгі бағыты айқындалды, көптеген ғимарат салынып бітті. Енді біздің күллі әлемге танымал елордамыз бар. Мұнда ғылым мен білім, медицина қарқынды дами бастады, қала тұрғындары мен қонақтары үшін өмір сүру деңгейі жақсарды және қызмет көрсетудің жоғары стандарттары жасалды. Қазақстандықтар өз елордасын мақтаныш ете алады. Қала одан әрі дами береді. Мысалы, ЭКСПО-2017 бүкіләлемдік көрмесін өткізу үшін тамаша ғимараттары бар мүлде жаңа орталықтар, ғылым мен техника ғимараттары салынатын болады, – деді Мемлекет басшысы.   

Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев жас буынға патриоттық тәрбие беруде өз еліміз бен туған өлкенің тарихын оқыту маңызды екенін атап өтті.

– Туған жеріңнің тарихын, ана тіліңді, өз тегіңді білмей тұрып, нағыз патриот бола алмайсың. Қазақстандықтардың туып-өскен жері бар, бұл біздің Отанымыз. Еліміздің тарихы туралы барлық мәліметті жүйелендіріп, оның біртұтас нұсқасын әзірлеу қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жай ғана патриотпын деудің жеткіліксіз екенін айтты.

– Отанға деген махаббатты іспен дәлелдеу керек. Біз қазір мемлекеттілікті қалыптастыру, тәуелсіздікті нығайту үшін елдің өз азаматтарының еңбегін қажет ететін кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Әркім өз еңбегі арқылы байыта түскенде ғана мемлекет қуатты болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті табысқа жету жаңа технологияларды игеруге және оларды өзіміз әзірлеуге байланысты екендігіне де тоқталды.

– Неліктен біз индустрияландырумен айналысып жатырмыз? Бізде пайдалы қазбалар бар, бірақ оның бәрі күндердің күнінде таусылады. Мұнай мен газ есебінен өркендеген елдер бар, мысалы, Оман. Олардың мұнайы таусылды, бірақ оған дейін қамданып, басқа индустрия құрып үлгерді. Пайдалы қазбалары аз болса да гүлденген экономикасы бар Оңтүстік Корея, Швейцария, Сингапур секілді елдерді мысалға келтіруге болады. Бұл елдер білімнің есебінен дамуда. Біздің елдің жалпы ішкі өнімінің 53 пайызы қызмет көрсету саласына тиесілі. Болашақ ірі кәсіпорындарда емес, технологияларда, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев мектеп бітірушілердің инновацияға басымдық берілетін жаңа экономикалық жағдайда өмір сүретінін атап өтті.

– Бүгінде бүкіл әлем мұнай, газ және көмірді тұтынады. Оларды пайдалану ауаны ластап, экологияны нашарлатады, климатты өзгертеді.  Осыған байланысты біз алдағы ЭКСПО-2017 көрмесі Қазақстан үшін бетбұрысты тұс болғанын қалаймыз. Әлемнің әр тарапынан мамандар келіп, балама көздерден энергия өндіру әдістерін көрсететін болады, – деді Қазақстан Президенті.

Өз сөздерінде оқушылар патриотизм жөніндегі жеке түсініктерін айтып, оқуға және келешек мамандығын таңдауға қатысты жоспарларын ортаға салды. 

Сөз соңында Мемлекет басшысы алға қойған барлық мақсатқа білім мен ғылымды дамыту, сондай-ақ өзіміздің білікті кадрларымызды даярлау арқылы қол жеткізуге болатынын атап өтті.   

– Мен сендерге әлеуметтік желілерге көп әуестенбеуге кеңес беремін. Компьютердің алдында отыратындар кейін кітап оқығандар мен сауатын көтергендерге қызмет ететін болады. Шындап келгенде, адаммен сөйлескенде ғана көзіне қарап, оның эмоциясын сезінесің. Әлеуметтік желілерде отырмай, көбірек кітап оқып, жаңа білім алу қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті кездесуге қатысушыларға зор денсаулық және оқуда табыс тіледі.

№64 мектеп-лицей Мемлекет басшысының бастамасымен «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 1200 адамға арналып салынған.

2012-2013 оқу жылында мектеп-лицей оқушылары жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадалар мен конкурстардан 71 жүлделі орын иеленді.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар