Жаңалықтар

1 желтоқсан 2014
Мемлекет басшысы «Бір Отан! Бір тағдыр! Бір Елбасы!» деп аталатын театрландырылған қойылымды тамашалады

 

Өз сөзінде Елбасы егемендіктің 23 жылында Қазақстан зор биіктерге қол жеткізгенін атап өтті.

– Тарихи тұрғыдан қысқа мерзімде біз өзге елдер көптеген жылдарын сарп ететін істер атқардық. Біз жаңа мемлекет құрып жатырмыз. Экономикамыз дамып, халықтың әл-ауқаты артып келеді. Қазақстан бүкіл әлемге танылды. Біз – өзгелерге көпұлтты елдегі толеранттылықтың, тату әрі бақуатты өмірдің үлгісін көрсетіп отырмыз. Бұл – сақтауды қажет ететін зор байлық, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміз әлемдік экономикадағы қиындықтарға қарамастан «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыруды бастағанын және 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын сәтті іске асырып жатқанына тоқталды.

– Бұл бағдарламалар мемлекетіміздің одан арғы дамуына болашақта жауапты болатын жастарымыз үшін де жасалған. Елімізде тәуелсіздік жылдары туып-өскен жаңа ұрпақ пайда болды. Олар білімге ұмтылысымен, отаншылдығымен ерекшеленеді. Біздің бабаларымыз сақтап қалдырған бір ғана Отанымыз бар екенін есте ұстаған жөн. Барымызды бағалап, бірлігімізді сақтау керек. Білім алыңыздар, жұмыс істеп, отбасын құрыңыздар, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Қазақстан Президенті шараға қатысушыларға бақ-береке тіледі.

Іс-шара аясында «Бір Отан! Бір тағдыр! Бір Елбасы!» атты театрландырылған көрініс қойылып, Қазақстанның эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Сонымен қатар, «Жас Ұлан» республикалық кадет мектебінің салтанатты шеруі өтіп, «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» фольклорлық нөмірі таныстырылды.

Сондай-ақ осы шара барысында ««Менің елім – Мәңгілік ел: Каспийден Алтайға дейін»  деп аталған автомобильдік этнографиялық экспедиция қорытындыланды.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге іс-шараларға қатысу
Өзге іс-шараларға қатысу