Жаңалықтар

29 қыркүйек 2018
Қазақстан Президенті Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді
Шымкент қаласы

Қала активі алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы республикалық мәртебеге ие болған қаланың алдында заманауи әдістер мен жетілдірілген стратегияны талап ететін жаңа міндеттер тұрғанын атап өтті.

– Еліміздің бір миллионнан астам халқы бар үшінші мегаполисіне айналған Шымкент Астана мен Алматы қалалары сияқты өзінің даму моделін өзгертуге тиіс. Қалада болашағы бар бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр және жоспарланғандары одан да көп. Сондықтан, Шымкенттің одан әрі даму жолдарын талқылап, стратегиясын айқындауымыз қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев кеңеске қатысушылардың назарын Шымкенттің жаңа мәртебесіне қатысты жекелеген мәселелерге аударды.

– Шымкент Орталық Азияның мықты экономикалық орталығына, тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасалған үлкен әрі тартымды мегаполиске айналуы керек. Қаланы дамытудың жаңа стратегиясы осы өңірде ірі өнеркәсіптік, инновациялық, туристік, сауда және логистикалық орталық қалыптастыруға бағытталуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қалада шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, фармацевтика және медициналық қызмет көрсету саласындағы кластерлер мен кәсіпорындарды дамытудың маңызды екенін айтты.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев қаланың жоғары оқу орындарындағы білім сапасын арттырып, Назарбаев Университетінің және Инновациялық технологиялар паркінің үлгісімен заманауи инновациялық орталықтар құру қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы мегаполистің туристік әлеуетін өркендету үшін қаланың халықаралық байланыстарын нығайту мәселелеріне де тоқталды.

– Шымкент туристер үшін тартымды орталыққа айналуға тиіс. Сондықтан шаһар барлық бағыттар бойынша жүйелі дамуы керек. Халықаралық ықпалдастықты да ілгерілету қажет. Ресей Федерациясымен бірлесіп өткізілетін өңіраралық форумдар сияқты Өзбекстанмен де осындай іс-шараларды жоспарлап, тұжырымдамасын пысықтау керек. Үкімет қала әкімдігімен бірлесіп, Шымкентте халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізу жоспарын әзірлеуге тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Кеңес барысында қаланы «ақылды технологияларды» қолдану арқылы концептуалды түрде дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды.

– Сәулет және қала құрылысы нормаларының бұзылуына жол бермеу, ретсіз құрылысты тоқтату және бір қабатты үйлердің құрылысын азайту маңызды болып отыр. Сонымен қатар, тозығы жеткен ескі үйлерді бұзып, босаған жерлерді тиімді пайдаланып, орнына заманауи саябақтар, спорт алаңдарын, көп қабатты тұрғын үй кешендерін, бизнес орталықтарын салу қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Мемлекет басшысы қалада әлеуметтік инфрақұрылым, соның ішінде балабақшалар мен мектептер, медициналық мекемелер мен тұрғын үйлер салу мәселелеріне тоқталды. Осыған орай, Қазақстан Президенті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін пайдаланып, «7-20-25» бағдарламасы бойынша кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге жұмыс сапарлары
Барлық жұмыс сапарлары