Жаңалықтар

18 сәуір 2017
Қазақстан Президенті Түрік Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанға құттықтау жеделхатын жолдады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түрік Республикасының Президентін ел Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі бүкілхалықтық референдумның табысты өтуімен құттықтады.

«Референдум қорытындылары Түркия халқы арасындағы Сіздің жоғары беделіңіздің және халықаралық аренада еліңіздің тұғырын нығайтуға бағытталған саясатыңызға көрсеткен көпшіліктің қолдауының айқын дәлелі болып саналады. Сіздің басшылығыңызбен Түрік Республикасы өңірдегі тұрақтылықты сақтауға зор үлес қосатын, жаһандық саясатта елеулі орны бар ел, ынтымағы берік, зайырлы мемлекет болып қала беретініне сенімдімін.

Қазақстан мен Түркия арасында қалыптасқан тығыз ынтымақтастық екі ел халқының игілігі жолындағы өзара түсіністік негізінде жалғаса береді деп сенемін», – делінген жеделхатта.

Нұрсұлтан Назарбаев Түрік Республикасы Президентінің жауапты қызметте мол табысқа жетуіне, ал бауырлас түрік халқының одан әрі дамып, өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге жеделхаттар мен хаттар
Барлық жеделхаттар мен хаттар