Сөйлеген сөздер мәтіндері

18 маусым 2018
ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықованың ІІІ «Ұлы Дала» гуманитарлық ғылымдар форумына қатысушыларға арналған құттықтау сөзінің тезистері

Құрметті форумға қатысушылар!

Мәртебелі меймандар!

Біздің бас қаламыз – әсем Астанаға қош келдіңіздер!

Еуразия кіндігінде, Қазақ топырағында, Ұлы Дала елордасында 3-інші рет өтетін гуманитарлық ғылымдар форумына қатысып отырған халықаралық ұйымдар, дипломатиялық миссиялар, мемлекеттік органдар басшыларына, ғалымдар мен сарапшыларға, барша зиялы қауым өкілдеріне шын жүректен ыстық ықыласымды білдіремін.

2018 жыл – түркі дүниесі күнтізбесіндегі ерекше белес.  Биыл тәуелсіз Қазақстанның байтағы, жаһандық мегаполис Астананың 20 жылдығы мерекеленеді. Сондай-ақ мұсылман әлеміндегі тұңғыш зайырлы мемлекет – Әзербайжан Демократиялық Республикасы құрылуының 100 жылдығын атап өтеміз. Бұдан бөлек, түгел түркінің тұғырлы тұлғалары – ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың – 125, заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы тойлануда. Осындай мерейлі даталар қамтылған «Ұлы Дала» халықаралық форумына қатысушы ғалымдар саны бүгінде  250 адамға жуықтағаны көңіл қуантады.

«Ұлы Дала» – бүкіл түркі әлемінің басын біріктіретін мазмұны терең, аясы кең киелі ұғым. Осынау атау ауқымына Еуразияның кең-байтақ кеңістігін мекендеген күллі халықтардың тағдырын сыйғызуға болады.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында: «Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұрагерлеріміз» – деп бекер айтқан жоқ.

Әйгілі Жібек жолы бойында Батыс пен Шығыс өркениетін тоғыстырып, адамзаттық құндылықтарды қиюластырған Ұлы Дала ежелден ізгілік пен парасаттың бесігі болып келген.

Осы орайда игі дәстүрге айналған «Ұлы Дала» халықаралық форумы адамзат дамуындағы Түркі әлемінің орны мен мәдени құндылықтары талқыланып, жаһандық және аймақтық маңызы бар өзекті мәселелер жөнінде ұсыныстар жасалатын интеллектуалды сұхбат алаңы мәртебесіне ие болып үлгерді. Сонымен қатар Форум құнды пікірлер алмасу арқылы әлемге танымал мамандар арасындағы байланысты нығайта түсуге ықпал ете бермек.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық саясаттағы тегеурінді тұлғасын, түркі әлеміндегі жетекшілік рөлін, «Рухани жаңғыру» жобасындағы идеяларын кеңінен насихаттау – форумның негізгі міндетінің бірі. Себебі, рухани жаңғыру – Қазақ елінің ғана алға қойған мақсаты емес, жалпы түркі әлеміне ортақ мұрат деп ойлаймын.

Қоғамдық сананың серпілуі елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алып, әр халық өз бүгіні мен болашағы жарқын болуы үшін өзгере білуге тиіс. Мұны түсінбегендер тарих шаңына көміліп, тозаң жұтып, тас шайнап, қалтарыста қалады. Білім мен ғылымды жоғары бағалайтын ел ғана елеулі табыстарға жетпек. Бәсекеге қабілетті мемлекеттер тарихына көз жүгіртсек, дамудың кілті – рухани және мәдени құндылықтарды қайта жаңғыртуда екені байқалады. Қазіргі кезде тоталитарлық құрсаудан босаған түркі тілдес елдер  жаппай рухани жаңаруды бастан кешуде.

Жаңғыру негізі – адами капиталды дамыту екені мәлім. Осы орайда бәріміздің ендігі ортақ міндетіміз – әлемде түркі елдерінің бәсекеге қабілеттігін барынша арттыру. Ол үшін зияткерлік ұлт қалыптастыру қажет.

Бұл ретте қазіргі технологиялық орта, коммуникация, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылым-білім талаптарына сай болып, заман көшіне ілесіп, қарышты даму үшін Мемлекет басшысының тікелей нұсқауымен Қазақстанның латын қарпіне көшуді бастауы – аса маңызды қадам.

Сондай-ақ біз «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алдық. Оның аясында әлемдегі үздік еңбектердің алғашқы 18-і қазақ тіліне аударылып, зиялы қауымның, ғылыми академиялық ортаның, жас буынның, жалпы жұртшылықтың рухани олжасына айналып үлгерді.   

 

Қадірлі қауым!

Бүгінгі алқалы жиында бас қосқан ғалымдар Ұлы Дала кеңістігінің тарихы мен тағылымын бірлесе, кешенді түрде зерттеп-зерделеуі керек.

 «Ұлы Дала» гуманитарлық форумының басты мұраты – Түркі дүниесі мен Еуразия ғылыми қоғамдастықтарын бірлестіре отырып, бауырлас халықтардың ортақ мұрасын болашақ ұрпақ игілігіне ұсыну деп санаймын.

Ұланғайыр аумақты мекен еткен халықтар байланысын, интеграцияны нығайту түсу үшін, меніңше, санаға «қасиетті орындар» ұғымын сіңірудің мәні зор. Мәселен, форумға қатысушылар «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы ізімен Күллі түркі әлемінің киелі географиясының біртұтас желісін жасау жайын талқыласа – нұр үстіне нұр.  

Баршамыздың бабамыз, Көк түріктер қағанатының негізін салған Білге қаған: «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» деген қанатты сөзін ұрпаққа өсиет етіп қалдырды. Осы орайда бүгінгі жиын бірлігімізді нығайтып, Ұлы Далада рухани жаңғыруды жүзеге асыруға септігін тигізетін, түркілік сананы кеңейтетін, сондай-ақ прогреске ұмтылған ғылыми интеграцияға серпін беретін мәнді оқиға деп бағалаймын.

Астанада осындай форматта маңызды іс-шараның өтуіне ұйытқы болып келе жатқан Халықаралық Түркі академиясы ұжымына алғысымды білдіремін

Форум жұмысына табыс тілеймін!

Тыңдағандарыңызға рахмет.


Барлық cөйлеген сөздер мәтіндері
 
Басқа cөйлеген сөздер мәтіндері
Барлық cөйлеген сөздер мәтіндері